ЖОҒАРЫ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫ АУДАНДЫҚ ӘКІМДІКТЕ

“Адал азамат” біртұтас тәрбие бағдарламасының “Еңбегі адал – жас өрен” жобасы аясында аудан мектептерінің оқушылары аудандық әкімдікке арнайы барып, мемлекеттік мекеменің жұмысымен танысты. Шара барысында оқушылар аудан әкімі аппаратының басшысы Н. Төлеуқұловпен кездесіп, мемлекеттік қызметтің өзекті бағыттары жөнінде жан-жақты ақпарат алды.
Кездесу барысында аппарат басшысы оқушыларға аудандық әкімдіктің құрылымы, негізгі бөлімдердің міндеттері, әкімдік қызметінің қоғам үшін маңыздылығы және қабылданатын шешімдердің қалай жүзеге асатыны туралы кеңінен баяндады. Сондай-ақ мемлекеттік қызметкердің кәсіби этикасы, адалдық қағидаттары, тұрғындармен жұмыс істеудің жауапкершілігі туралы түсіндірілді.
Оқушылар әкімдік ғимаратымен танысып, бірқатар бөлімдердің жұмысын бақылап, қызметкерлердің күнделікті міндеттерімен жақынырақ танысу мүмкіндігіне ие болды. Кездесу барысында олар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.
Бұл іс-шараның басты мақсаты — жасөспірімдерге адал еңбек, жауапкершілік, тәртіп және азаматтық белсенділік құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесі туралы түсініктерін кеңейту. “Еңбегі адал – жас өрен” жобасы оқушылардың мамандық таңдаудағы көзқарасын қалыптастыруға және қоғамға пайдалы болуға ынталандыруға бағытталған.
Шара соңында оқушылар аудан әкімдігінің ғимаратының ішін аралап қана қоймай, мемлекеттік қызмет саласындағы еңбек тәртібі мен талаптар жөнінде мол мағлұмат алды.