2024 жылға және 2025 жылдың 1 жартыжылдығына жүргізген тексерулерінің нәтижелері туралы ақпарат
Қазақстан Республикасының масс-медиа туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау, сондай-ақ бақылау субъектісіне (нысанына) бару арқылы және бармай профилактикалық бақылау түрінде жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, тексерулерді ұйымдастыру тәртібі Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде (бұдан әрі – Кодекс) көзделген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
Кодекстің 138-бабының 49-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының масс-медиа туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау қызметі саласы масс-медиа саласына жатқызылған кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты жүзеге асырылады, масс-медиа субъектілеріне қатысты қадағалау Кодекстің 139-бабына сәйкес жүзеге асырылмайды.
Масс-медиа саласындағы бақылау субъектілеріне БАҚ иелері (республикалық және өңірлік баспа БАҚ, телеарналар, ақпараттық агенттіктер мен интернет-басылымдар), телерадиохабар тарату субъектілері (телерадиохабар тарату операторлары), сондай-ақ интернет-ресурстар жатады.
Масс-медиа субъектілеріне қатысты субъектіге (объектіге) бару арқылы тексеру және профилактикалық бақылау тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын және «Масс – медиа туралы» Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын тексеру парағын қолдана отырып жүзеге асырылады.
«Масс-медиа туралы заңнамасының сақталуына тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын және тексеру парағын бекiту туралы» бірлескен бұйрықты Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің м. а. 2024 жылғы 6 қарашадағы № 524-НҚ және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі Премьер-Министрінің орынбасары 2024 жылғы 8 қарашадағы № 100 бұйрығымен бекітілді, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2024 жылғы 12 қарашада № 35360 болып тіркелді.
Статистика.
Бақылау субъектісіне (нысанына) бару арқылы жүргізілетін профилактикалық бақылау шеңберінде мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдірудің жаңа тәсілдерін енгізуді ескере отырып, 2024 жылы тәуекелдерді бағалау және басқару ақпараттық жүйесі – АТЖ «Smart Data Ukimet» арқылы автоматтандырылған режимде Қазақстан Республикасының телерадиохабар тарату саласындағы заңнамасының сақталуын бақылауға арналған 2024 жылдың екінші жартыжылдығына арналған бақылау субъектісіне (нысанына) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізу тізімі бекітіліп, rchl.govtec.kz сайтында орналастырылды. Бұл тізімге «Хабар», «31 арна», «КТК» телеарналарына қатысты тексерулер енгізілді және ол Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 144-2-бабы 4-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.
Бақылау субъектісіне (нысанына) бару арқылы жүргізілген профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша «31 арна» және «КТК» телеарналарына қатысты, масс-медиа туралы заңнама талаптарының бұзылуын белгіленген мерзімде жою туралы 2 ұйғарым берілді. Ал «Хабар» телеарнасына қатысты қандай да бір бұзушылықтар анықталған жоқ, осыған байланысты заң бұзушылықтардың жоқтығы туралы акт жасалды.
2024 жылдың 1-жартыжылдығында телерадиохабар тарату субъектілері мен бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты бақылау субъектісіне (нысанына) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізілген жоқ. Бұл жағдай мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру және профилактикалық бақылау тізімдерін автоматтандырылған режимде қалыптастыру процестерін АТЖ «Smart Data Ukimet» тәуекелдерді бағалау және басқару ақпараттық жүйесі арқылы енгізуге байланысты болды.
1) Профилактикалық бақылау шеңберінде бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай-ақ тұрақты негізде масс-медиа субъектілерінің өнімдеріне, сондай-ақ масс-медиа саласындағы заңнама талаптарының сақталуы тұрғысынан интернет-ресурста орналастырылған ақпаратқа мониторинг жүргізіледі.
Бүгінгі күні (05.09.2025ж. жағдай бойынша) Қазақстан Республикасының аумағында 5077 масс-медиа субъектісі тіркелген, оның ішінде 4949 БАҚ (3033 – мерзімді баспасөз басылымы, 248 – телеарна, 99 – радио, 1264 – ақпараттық агенттік пен интернет-басылым, 305- шетелдік телеарна) және 128 телерадиохабар тарату операторы (оның ішінде 112 – кабельдік, 10 – спутниктік, 6 – телекоммуникация желілерінде).
Мәселен, 2024 жыл кезеңінде масс-медиа субъектілерінің өнімін мониторингтеу нәтижелері бойынша телерадиоарналар мен МББ меншік иелеріне анықталған 18970 бұзушылықты жою туралы 693 ұсыныс хат жолданды.
2025 жылдың 1 жартыжылдығында телерадиоарналар мен МББ иелеріне 12292 бұзушылықты жою туралы 378 ұсыныс хат жолданды.
2) Бақылау субъектісіне (нысанына) бармай профилактикалық бақылау шеңберінде Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуына қатысты, оның ішінде Қазақстан Республикасы заңнамасымен тыйым салынған (терроризм, діни және этникалық экстремизм идеологиясын таратуға тыйым салынған; есірткі құралдарын насихаттау және таратуға; порнографияны, қатыгездік пен суицид культін насихаттауға; ар-намыс пен қадір-қасиетті бұзуға; билікті қорлауға; жалған ақпарат таратуға және т.б.) контентке қатысты интернет-ресурстарға, оның ішінде әлеуметтік желілерге тұрақты негізде мониторинг жүргізіледі.
Осылайша, 2024 жыл ішінде мониторинг нәтижелері бойынша интернет-ресурстардың иелері мен әкімшіліктеріне 68 757 құқық бұзушылық фактісі бойынша 1164 ұсынымдық хат жолданды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында қолжетімділікті шектеу бойынша 26 506 интернет-ресурсқа қатысты 799 ұйғарым «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ-ға жолданды.
2025 жылдың ағымдағы кезеңі ішінде (10.09.2025ж. жағдай бойынша) мониторинг нәтижелері бойынша интернет-ресурстардың иелері мен әкімшіліктеріне 20 534 құқық бұзушылық фактісі бойынша 1056 ұсынымдық хат жолданды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында қолжетімділікті шектеу бойынша 5078 интернет-ресурсқа қатысты 872 ұйғарым «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ-ға жолданды.