Жиі қойылатын сұрақтар
Жастар ресурстық орталығы немесе ЖРО – жастардың әлеуметтік және жеке дамуына ықпал ететін және жастар ұйымдарының қызметін қолдайтын ұйым.
Барлық өңірлерде жастарға ақпараттық, консультациялық қызметтер ұсынатын – 234 ЖРО желісі жұмыс істейді.
Ресурстық орталықтардың негізгі міндеттері:
1) ақпараттық-әдістемелік сүйемелдеуді жүзеге асыру;
2) жастардың бастамаларын консультациялық сүйемелдеу және қолдау;
3) жастар ортасындағы жағдайға талдау және мониторинг жүргізу.
Жастар ресурстық орталықтар қызметінің бағыттары бойынша мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) жастарды жұмысқа орналастыру және кәсіптік бағдар беруге дайындауға жәрдемдесу:
жастарға Жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар туралы және мамандық таңдау мәселелері бойынша кеңес беру және ақпараттандыру;
soft-skills дамыту бойынша курстар өткізу-түйіндемені сауатты құрастыру, коммуникативтік дағдылар, әңгімелесуден тиімді өту әдістері;
жастар үшін бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастыру және өткізу, кәсіптік бағдар беру, жұмысқа орналастыру және лайықты еңбек мәселелері бойынша жастар жобалары мен бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру.
2) бейресми білім беру арқылы жастардың өмірлік маңызды дағдыларын, құзыретін және дербестігін дамыту:
өмірлік маңызды дағдыларды дамыту бойынша семинарлар мен тренингтер ұйымдастыру және өткізу (азаматтық белсенділік, командада жұмыс істеу, сыни ойлау, креативтілік, ынтымақтастық, жауапкершілік, эмоцияларды басқару), жастардың құзыреті мен дербестігі;
өмірлік маңызды дағдылар мен бейресми білімді дамытуға бағытталған жастар жобалары мен бағдарламаларын әзірлеу.
3) жастар арасында сандық сауаттылықты арттыруға және жаңа технологияларды дамытуға жәрдемдесу:
цифрлық және медиа сауаттылық мәселелері бойынша жастарға кеңес беру;
жастарға арналған цифрлық және медиа сауаттылық бойынша оқыту курстарын ұйымдастыру;
робототехника, бағдарламалау және ақпараттық технологиялар бойынша үйірмелер мен клубтардың қызметін ұйымдастыру.
4) жастарға психологиялық көмек көрсету;
психологпен жеке және эмоциялық мәселелер бойынша кеңес беру;
жастармен психологиялық тренингтер мен сабақтарды ұйымдастыру және өткізу;
жастардың психикалық денсаулығы бойынша жастар жобаларын әзірлеу және іске асыру.
5) жастарға өтеусіз негізде консультациялық және заң көмегін көрсету:
жастар мен жастар ұйымдары үшін заң кеңестерін көрсету;
жастар арасында құқықтық сауаттылық бойынша курстар ұйымдастыру және өткізу;
жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша жастар жобалары мен бағдарламаларын әзірлеу;
жастар ұйымдары үшін заң көмегін көрсету.
6) жастардың инновациялық және кәсіпкерлік қызметін жандандыруға жәрдемдесу:
кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру мәселелері және кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары бойынша жастарға кеңес беру және ақпараттандыру;
кәсіпкерлік құзыреттер бойынша семинарлар мен тренингтер ұйымдастыру және өткізу;
жастар арасында әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау;
жастар арасында кәсіпкерлік қызметті жандандыру бойынша жобаларды әзірлеу.
7) жастар ортасында Волонтерлік қызметті қолдау және дамыту:
волонтерлік қызмет және жас еріктілерді қолдау мүмкіндіктері туралы жастарға кеңес беру және ақпараттандыру;
жастар арасында волонтерлік қызметті қолдау және дамыту бойынша оқыту курстарын, мектептерді, лагерьлерді, семинарлар мен тренингтерді ұйымдастыру;
жастардың волонтерлік қызметін ұйымдастыру үшін волонтерлік ұйымдармен, білім беру, мәдениет және әлеуметтік сала ұйымдарымен ынтымақтастық;
волонтерлік бастамаларды қолдау және волонтерлік ұйымдармен және жастардың бастамашыл топтарымен бірлескен іс-шараларды іске асыру;
жастар ортасында Волонтерлік қызметті жандандыру бойынша жобаларды әзірлеу.
8) жас отбасылармен жұмысты қамтамасыз ету және жастарға отбасы өміріне дайындалуға жәрдемдесу:
отбасы-неке мәселелері бойынша жас отбасыларға кеңес беру;
некені тіркеуге өтініш берген жас адамдармен жұмыс;
қоғамда отбасылық құндылықтарды нығайту бойынша жастар жобалары мен бағдарламаларын әзірлеу.
9) жастар ұйымдарын, қозғалыстарын және жастардың өзін-өзі басқару органдарын дамытуға қолдау көрсету және жәрдемдесу:
жастар ұйымдарына, жастардың өзін-өзі басқару органдарына мемлекеттік қолдау және үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық шаралары туралы кеңес беру және ақпараттандыру;
іс-шаралар өткізу үшін жастар ұйымдарын, қозғалыстарды және жастардың өзін-өзі басқару органдарын залдар мен үй-жайларды ұсыну;
жастар ұйымдарының, қозғалыстардың және жастардың өзін-өзі басқару органдарының қызметін ақпараттық сүйемелдеу;
жастар ұйымдары мен жастардың өзін-өзі басқару органдарының бастамаларын қолдау;
жастар ұйымдарымен, қозғалыстармен және жастардың өзін-өзі басқару органдарымен бірлескен жобалар мен бағдарламаларды әзірлеу.
10) жастардың мүдделері мен қажеттіліктері негізінде жобалар мен бағдарламаларды әзірлеу, іске асыру және бағалау:
жобалар мен бағдарламаларды әзірлеу, іске асыру және бағалау мәселелері бойынша жастарға және жастар ұйымдарына кеңес беру және ақпараттандыру;
жобаларды басқару мәселелері бойынша жастар ұйымдары, қозғалыстар, жастардың өзін-өзі басқару органдары, жастардың бастамашыл топтары үшін курстар, мектептер, лагерьлер, семинарлар мен тренингтер ұйымдастыру және өткізу;
жастар жобалары мен бағдарламалары туралы мәліметтер базасын ұйымдастыру және жүргізу;
жастардың мүдделері мен қажеттіліктері негізінде тұрақты жобалар мен бағдарламаларды әзірлеу және бағалау.
11) ақпараттық кеңістікті кеңейту;
12) үздік тәжірибелер каталогын құру;
13) ресурстық орталықтардың қызметін жарықтандыру.
2005 жылдан бастап мемлекет қолдауымен жүзеге асырылып келе жатқан «Жасыл ел» бағдарламасы жастарды маусымдық жұмыспен қамтуға бағытталған.
«Жасыл ел» жобасы бойынша жастарды жұмысқа орналастыру үшін:
1."Жасыл ел" Жергілікті штабына жастар ресурстық орталықтарына жүгіну.
2.Өтінішті толтырып, қажетті құжаттарды (жеке куәлік, студенттің/оқушының мәртебесі туралы анықтама, ЖСН, банк деректемелері және т.б.) ұсыну.
3.Іріктеуден кейін қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулықтан өтіп, еңбек жасағының құрамында жұмысқа кірісіңіз.
Бағдарлама жастарға уақытша ресми жұмыспен қамтуды, ақылы жұмысты, командалық тәжірибені және әлеуметтік белсенділікті, өз қаласын немесе ауылын абаттандыру мен көгалдандыруға қатысуды қамтамасыз етеді.
Бағдарламаға қатысушылардың бір айдағы орташа жалақысы өңірге байланысты 85 000 теңгені құрайды.
Жастарды көтермелеу шараларының бірі – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы. «Дарын» сыйлығының мақсаты Қазақстанның дарынды жастарын түрлі салалардағы жетістіктері үшін қолдау және көтермелеу болып табылады. Сыйлық жыл сайын 10 номинация бойынша беріледі: «Әдебиет», «Ғылым», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Журналистика», «Классикалық музыка», «Шығармашылық бастамалар», «Спорт», «Театр және кино», «Эстрада», «Халық шығармашылығы».
Сыйлықты алуға халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдар мен көрмелердің лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ қызметі инновациялық болып табылатын және тиісті саланың және тұтастай қоғамның дамуына ықпал ететін кандидаттар үміткер бола алады. Сыйлықақы алуға өтінімдерді қабылдау аяқталған кезде Қазақстан Республикасының 35 (отыз бес) жасқа дейінгі азаматтары үміткер болады.
Сыйлықты беру тәртібі Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2023 жылғы 1 шiлдедегi № 271-НҚ «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының кейбір мәселелері туралы» бұйрығымен реттеледі (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2300033016).
Сыйлыққа үміткерлерді ұсынуды мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктер жүргізеді.
Сыйлық алуға арналған өтінімдерді қабылдау туралы хабарландыру сыйлық алуға арналған өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін 2 (екі) айдан кешіктірілмей Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі интернет-ресурсында орналастырылады.
Сыйлық алуға арналған өтінімдерді қабылдау өтінімдерді қабылдау туралы хабарланған кезден басталады және сыйлық салтанатты жағдайда табыс етілгенге дейін 2 (екі) ай бұрын тоқтатылады.
Орталық, жергiлiктi және өзге де мемлекеттік органдар, қоғамдық бiрлестiктер және Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген өзге де заңды тұлғалар (бұдан әрі – ұсынатын ұйымдар) уәкiлеттi органға мынадай құжаттарды қағаз және электрондық түрде жібереді:
1) кандидаттың жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
2) осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығын алуға арналған тіркеу өтінімі;
3) өтінішхат пен сыйлық алуға ізденушінің жетістіктері туралы анықтама;
4) марапаттау дипломдарының, грамоталардың, алғыс хаттардың көшірмелері (болған жағдайда);
5) кандидаттың немесе кандидат туралы мақалалардың, жарияланымдардың көшірмелері (болған жағдайда);
6) банктік шоттың болуы туралы анықтаманың көшірмесі;
7) кандидаттың жетістіктері туралы растайтын материалдар (болған жағдайда).
Уәкiлеттi орган сыйлық алуға ізденуші бойынша келіп түскен құжаттарды қабылдап, бір күн мерзімде тіркейді.
Құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған кезде, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі өтінімді алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде ұсынатын ұйымдарға сыйлық алуға арналған өтінімді осы тармақтың бірінші бөлігінде сәйкес келтіру қажеттігі туралы хабарламаны оның табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысхатпен немесе олардың электрондық мекенжайларына жібереді.
Ұсынушы ұйымдар хабарламаны алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде жоқ құжаттарды Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігіне қағаз және электрондық түрде ұсынады.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарламада көрсетілген ескертулерді ескере отырып пысықталған өтінімдерді Комиссияның қарауына ұсынады.
Өтінім осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген талаптарға сәйкес келтірілмеген жағдайда, хабарламада көрсетілген мерзімде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі 3 (үш) жұмыс күні ішінде сыйлық алуға арналған өтінімді арыз иесіне қайтарады.
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын беру қағидаларына сәйкес сыйлық алуға ұсынылған кандидатураларды Комиссия екi кезеңде қарайды.
Бірінші кезеңде жан-жақты қарау мақсатында Комиссия мүшелерінің арасынан 6 (алты) секция құрылады.
Секция жұмысын Комиссия мүшелері қатарынан Комиссия төрағасы тағайындаған басшы басқарады.
Секция отырыстары хаттамамен ресімделеді, оған Комиссияның қатысып отырған мүшелері қол қояды және Комиссияның қорытынды отырысының қарауына беріледі.
Екiншi кезеңде – Комиссия сыйлық беру туралы шешiм қабылдайды.
Комиссияның қорытынды отырысы аудио- және (немесе) бейнетіркеуді пайдалана отырып, ашықтық және айқындық қағидаттарында өткізіледі.
Комиссияның сыйлық берілетін кандидатураны бекіту туралы шешiмi Комиссия отырысында қарапайым көпшiлiк дауыспен ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Дауыстар тең болған кезде төраға дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі. Қажетті дауыс саны болмаған жағдайда, сыйлық берілмейді. Егер отырысқа Комиссия мүшелерiнiң үштен екiсiнен астамы қатысса, ол құқықтық күші бар деп есептеледі.
Хаттама жобасы мен негіздемесі бар хабарлама хаттамаға қол қойылғанға дейін 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде ұсынатын ұйымдарға оның табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысхатпен немесе олардың электрондық мекенжайларына жіберіледі.
Ұсынушы ұйымдар хаттама жобасына қарсылықты хаттама жобасымен хабарламаны алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде ұсынады.
Егер заңда өзгеше көзделмесе, сотқа жүгінуге сотқа дейінгі тәртіппен шағымданғаннан кейін жол беріледі.
Комиссия шешімі хаттамамен ресімделеді және оған қатысып отырған Комиссия мүшелері қол қояды.
Хаттамада сыйлық беруге кандидатуралар және себептерін көрсете отырып, сыйлық берілмейтін кандидатуралар көрсетіледі.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Комиссия шешімі негізінде сыйлықты беру жылының 10 желтоқсанға дейін сыйлықты беру туралы бұйрық қабылдайды.
Сыйлықты беру туралы бұйрық Тәуелсіздік күніне орай бұқаралық ақпарат құралдарында және Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің интернет-ресурсында жарияланады.
Сыйлыққа ие болған адамдарға «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының Лауреаты» атағы, диплом, төсбелгі және ақшалай сыйақы (әр номинация бойынша 600 000 теңге) беріледі.
Сыйлық бір мезгілде әр номинация бойынша 2 (екіден) артық емес ізденушіге беріледі. Сыйлықты бір мезгілде 2 (екі) ізденушіге берген кезде әр номинация бойынша оның ақшалай бөлігі олардың арасында тең бөлінеді.
Жыл сайын «Дарын» сыйлығын тапсыру Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жағдайда жоспарланады.
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы (бұдан әрі – конкурс) адамгершілік құндылықтарын жаңғыртуға және отбасы мен некенің (ерлі-зайыптылықтың) жағымды үлгісін дәріптеуге, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған.
Конкурсқа отбасылар өзін-өзі ұсыну жолымен, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың, заңды тұлғалардың ұсынуы бойынша қатысады.
Конкурсқа қатысуға мүшелерінің еңбекте, спортта, шығармашылық, зияткерлік, ғылыми жетістіктері бар, сондай-ақ қоғамдық пайдалы қызметке қатысатын (волонтерлік, қайырымдылық, меценаттық, тәлімгерлік) отбасылар жіберіледі.
Қызметі Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған ұйымдардың құрамына кіретін (кірген) мүшелері бар, бұрын сотталған мүшелері бар отбасылар конкурсқа қатыса алмайды.
Конкурсты өткізу туралы ақпараттық хабар бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында жыл сайын 15 мамырдан кешіктірілмей жарияланады.
Конкурс екі кезеңде өткізіледі. Бірінші кезең – аудандық (қалалық), екінші – облыстық (республикалық маңызы бар қала, астана).
Конкурсқа қатысуға өтінім аудандық (қалалық) комиссияға конкурстың басталғаны туралы көпшілікке жарияланған күннен бастап бір ай ішінде қағаз немесе электрондық нұсқада мынадай құжаттармен қоса беріледі:
1) ата-аналардың (қорғаншылардың, қамқоршылардың) жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері, балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмелері;
2) асырап алушы (қорғаншы) отбасылар үшін — жергілікті уәкілетті органның кәмелетке толмаған балаға қорғаншылықты (қамқоршылықты) белгілеу туралы шешімінен үзінді көшірме;
3) неке қию туралы куәліктің көшірмесі;
4) ата-аналарының біреуі қайтыс болған жағдайда қайтыс болу туралы куәліктің көшірмесі (бар болса);
5) балаларды тәрбиелегені үшін мадақтаулардың, белгілі бір жетістіктері үшін алған мадақтаулардың бар екенін куәландыратын құжаттардың көшірмелері;
6) заңды және (немесе) жеке тұлғалардың ұсыным хаттары (кемінде екеу);
7) отбасы мүшелерінің еңбектегі, спорттағы, шығармашылық, зияткерлік, ғылыми жоғары жетістіктерін куәландыратын құжаттардың көшірмелері;
8) қоғамдық пайдалы қызметке (волонтерлік, қайырымдылық, меценаттық, тәлімгерлік) (бар болса) қатысуды растайтын құжаттардың көшірмелері.
Ұсынылатын құжаттардың көшірмелерін отбасылар ұсынған түпнұсқалар негізінде аудандық (қалалық) комиссияның төрағасы куәландырады.
Құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған жағдайда аудандық (қалалық) комиссия өтінім берілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттарды конкурсқа қатысуға ниет білдірген отбасына қайтарады.
Конкурсқа қатысуға ниет білдірген отбасы ұсынылған құжаттар қайтарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде пысықталған өтінімді қайта береді.
Құжаттарды көрсетілген мерзімнен кейін ұсынған отбасылар конкурсқа қатысуға жіберілмейді.
Аудандық (қалалық) комиссияға ұсынылған құжаттар қайтарылмайды.
Ұйымдастырушылар:
1) барлық отбасыларға тең жағдайды және оларды іріктеудің ашықтығын;
2) жеке құпия болып табылатын ақпараттың жасырын болуын;
3) конкурс нәтижелері туралы мәліметтердің олар ресми жарияланатын күннен бұрын таралып кетпеуін қамтамасыз етеді.
Аудандық (қалалық) комиссия конкурсқа қатысу үшін құжаттарды қабылдау аяқталған кезден бастап он бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде алынған ақпаратты жан-жақты тексереді, іріктей және екі отбасыны айқындайды, одан кейін екі жұмыс күні ішінде өз шешімдерін конкурстық құжаттармен бірге облыстық (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) комиссияларға жібереді.
Облыстық (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) комиссиялар аудандық (қалалық) комиссиялардан құжаттарды алған кезден бастап он бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде ұсынылған құжаттарды қосымша тексереді, іріктей және жеңімпаз бір отбасын айқындайды, одан кейін екі жұмыс күні ішінде өз шешімдерін конкурстық құжаттармен бірге ұйымдастыру комитетіне жібереді.
Облыстық (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) комиссиялар бір жеңімпаз отбасын айқындау жөнінде шешім қабылданған кезден бастап екі жұмыс күні ішінде конкурс жеңімпаздарын және конкурс жеңімпазы деп танылмаған қатысушыларды конкурс қорытындылары туралы конкурстық комиссияның хаттамасынан үзінді ұсына отырып, хатпен хабардар етеді.
Комиссиялар үздік отбасыларды айқындау туралы шешім қабылдау кезінде мынадай өлшемшарттарды басшылыққа алады:
1) отбасы мүшелері жетістіктерінің саны мен маңызы (отбасы тарихы визит карточкасы - таныстыру рәсімі);
2) отбасылық дәстүрлер және жәдігерлер;
3) отбасының рухани-адамгершілік кұндылықтары;
4) балаларының және немерелерінің жетістіктері (бар болса);
5) ата-аналарының үлгі тұтарлық жетістіктері;
6) отбасы құрамы (отбасы мүшелерінің саны – бір аумақта бірге тұрып жатқан бірнеше ұрпақтың өкілдері);
7) отбасының дарындары;
8) отбасының тұрмыс салты (саламатты өмір салты, бос уақыты);
9) қоғамдық-пайдалы қызметке (волонтерлікке, қайырымдылыққа, меценаттыққа) қатысуы;
10) жетім балаларға қамқоршылық, тәлімгерлік.
Комиссияның әрбір мүшесі отбасыларды балдық жүйе бойынша бағалайды (1-ден 10-ға дейін). Өлшемшарттардың бірі бойынша ақпарат болмаған жағдайда, аталған өлшемшарт бағаланбайды.
Балдардың жалпы саны тең болған жағдайда, түпкілікті шешім ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
Комиссиялардың отырыстары жергілікті атқарушы органдардың интернет-ресурстарында және әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында онлайн-трансляция режимінде өткізіледі.
Ұйымдастыру комитеті облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) комиссиялардан құжаттарды алған кезден бастап он жұмыс күні ішінде жеңімпаз отбасылар туралы бағдарламалар циклін дайындау үшін материалдарды мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырманы орындайтын заңды тұлғаға жібереді.
Конкурс лауреаттарын марапаттау рәсімін жыл сайын ұйымдастыру комитеті Отбасы күні қарсаңында салтанатты түрде диплом және ерекшелік белгісін (мүсінше) тапсыра отырып өткізеді.
Облыстық (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) комиссиялардың шешімдері негізінде жеңімпаз отбасыларға «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаты атағы беріледі.
Конкурс лауреаты атағы қайталап берілмейді.
Комиссия шешімімен келіспеген жағдайда, сіз «Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік» кодексінің 92-бабына сәйкес үш айдан кешіктірмей Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігіне шағым жасауға құқылысыз.
Жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасының мақсаты жастарға жеке тұрғын үй сатып алу немесе бастапқы жарнаны жинақтау мақсатында қаражат жинауға мүмкіндік беру болып табылады. Осы бағдарламаны іске асыру Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2019 жылғы 29 тамыздағы № 318 бұйрығымен регламенттеледі (https://adilet.zan.kz/rus/docs/V1900019319). Шара уақытша сипатта болды, бұл туралы бағдарламаға қатысушылар хабардар болып, тиісті шарттарға қол қойды. Жалға берілетін пәтерлерді жастарды жекешелендіруге беру жөніндегі талап қолданыстағы заңнамаға қайшы келеді. Бағдарламаға қатысушыларды қосымша әлеуметтік қолдау мақсатында әкімдіктер «Отбасы банк» АҚ-мен бірлесіп өңірлік ипотекалық бағдарламаларға (Алматы жастары, Елорда жастары және Қамқор) арнайы квота енгізе отырып, жеңілдетілген ипотекалық несиелендіруді іске асыруда. Жеңілдетілген кредит бойынша базалық шарттар: бастапқы жарна -10%, қарыз мөлшерлемесі – 5%, қарыз сомасы – 19 жылға дейінгі мерзіммен 20 млн.теңгеге дейін құрайды. Бұл қолдау шарасы бағдарламаның барлық қатысушыларына қол жетімді. Негізгі шарт-банк арқылы төлем қабілеттілігін растау. Жеңілдікті кредиттер алу үшін жергілікті атқарушы органдардан тиісті жолдама алып, «Отбасы банк» АҚ-ға жүгіну қажет.
Жобаларды іске асыру үшін қаржылық қолдауды «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттық бағдарламасына қатысу арқылы алуға болады – бұл талантты және белсенді жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бастама. Негізгі мақсат - елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін түрлі салалардағы жаңа және қолданыстағы бастамаларын қолдау. «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын беру тәртібі «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2023 жылғы 17 шілдедегі № 283-НҚ бұйрығымен айқындалады (https://adilet.zan.kz/rus/docs/V2300033114). Ережеге сәйкес конкурсқа 14 жастан 35 жасқа дейінгі (34 жылды қоса алғанда) Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Гранттар алты негізгі бағыт бойынша беріледі:
- ғылым - басым секторлардағы жаңа ғылыми зерттеулер мен жобаларды қолдау;
- мәдениет - Қазақстанның мәдени мұрасын насихаттау және халықтық дәстүрлер мен өнерді дамыту;
- Ақпараттық технологиялар - жаңа IT-шешімдер мен стартаптарды әзірлеу;
- экономиканың басым секторларында жаңа бизнес - идеяларды бизнес-іске асыру;
- медиа - жастар үшін танымдық, пайдалы және қызықты мазмұн жасау;
- волонтерлік - әлеуметтік және ерікті бастамаларды қолдау.
Өтінімдер электронды түрде қабылданады және мыналарды қамтуы тиіс:
- конкурстық өтінім;
- жобаның сипаттамасы;
- бейнематериал (60 секундқа дейін) немесе презентация (10 слайдқа дейін);
- шығындар сметасының жобасы;
- зияткерлік меншік туралы мәліметтер (бар болса);
- жеке куәліктің немесе туу туралы куәліктің көшірмесі.
Ереженің 24-тармағына сәйкес:
Уәкілетті орган конкурс қорытындылары туралы хаттамаға қол қойылғанға дейін 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде конкурс қорытындылары туралы хаттама жобасын уәкілетті органның интернет-ресурсында жариялайды.
Үміткер конкурс қорытындылары туралы хаттаманың жобасы уәкілетті органның интернет-ресурсында жарияланған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде конкурс қорытындылары туралы хаттама жобасына қарсылық (бар болса) ұсынады.
Қарсылықтар келіп түскен жағдайда, олар қаралғаннан кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде конкурс қорытындылары туралы хаттамаға қатысып отырған конкурстық комиссияның мүшелері қол қояды.
Әр жеңімпаз 3 миллион теңге көлемінде грант алады. Жобаны іске асыру мерзімі-бір жылдан аспайды. 2024 жылы 1284 өтінім берілді, оның 897-сі байқауға жіберілді. Іріктеу қорытындысы бойынша 30 жоба қаржыландырылды. «Тәуелсіздік ұрпақтары» бағдарламасы жергілікті жерлерде жастар бастамаларын қолдау үшін өңірлік гранттар беруді қоса алғанда, 2029 жылға дейін іске асырылуы жоспарлануда.
Бүгінгі таңда 112 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Орталықтар аудандарда және қалалардағы аудандарда жергілікті атқарушы органдардың жанынан халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері бойынша құрылады.
Орталықтар:
1) неке мен отбасын сақтау, отбасылық жанжалдарды шешу жөніндегі шараларды іске асыру;
2) өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) қолдаумен қамту жөніндегі жұмысты үйлестіру;
3) өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға (отбасыларға) әлеуметтік, заңдық және психологиялық қолдау көрсетуге жәрдемдесу;
4) тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға бір айға дейінгі мерзімге уақытша тұру мүмкіндігімен қолдау көрсету;
5) Мемлекеттік отбасы саясатының бағыттары мен шаралары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысын;
6) Жергілікті атқарушы органдармен, ұйымдармен, еріктілермен, консультативтік-кеңесші органдармен мемлекеттік отбасылық саясатты іске асыру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасау;
7) Мемлекеттік отбасы саясатының үрдістерін мониторингілеу және талдау;
8) Халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органның үйлестіруімен өз құзыреті шегінде білім беру, денсаулық сақтау, ішкі істер органдарының қатысуымен өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) ерте анықтау және оларға қолдау көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі мобильдік топтардың жұмысын ұйымдастыру;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы жөніндегі өзге де шараларды іске асыру.
Аталған мәселелер бойынша өтініш берушілерге отбасын қолдау орталықтарында жан-жақты көмек көрсетіледі. Әрбір нақты жағдайда өтініш берушілер тұрғылықты жері бойынша орталықтарға жіберіледі.
Өкінішке орай, соңғы бірнеше жылдағы динамика ажырасулар санының артып келе жатқанын көрсетеді. Егер 2017 жылы 54 626 дерек болса, 2019 жылы – 59 796 бірлік. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында ажырасудың өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 2802 бірлікке төмендегенін байқаймыз. Сонымен қатар, өткен жылдың 1 тоқсанымен салыстырғанда неке саны 535 бірлікке артты (2020 жылдың 1 тоқсаны – 28 472; 2019 жылдың 1 тоқсаны – 27 937). Әлеуметтік зерттеулердің ("қазақстандық отбасылар - 2019" ұлттық баяндамасының) деректеріне сәйкес некені бұзудың негізгі себептері мыналар болып табылады: туыстарының араласуы, ерлі-зайыптылық опасыздық, құмар ойындар, тұрмыстық зорлық-зомбылық және т.б. сондай-ақ АӘК мұқтаж халыққа берілуі ажырасулар санының өсуіне түрткі болды. Министрлік ҮЕҰ - мен бірлесіп ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, консультациялық қызметтер көрсетеді. Өткен жылы 8 өңірде отбасылық соттар жанынан "Бақытты отбасы" орталықтарының қызметі ұйымдастырылды. Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайту мақсатында әлеуметтік қызметтер еліміздің 9 өңірінде (Шымкент қаласы, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстары) 1000-нан астам консультациялық қызмет көрсетті және отбасыларда өмірлік қиын жағдайдың 225 жағдайы бойынша сүйемелдеу көрсетілді. Сайтта онлайн-мектеп іске қосылды lichnost.kz өз отбасыларын, жас отбасыларын құруды жоспарлаған жас жұбайлар үшін, сондай-ақ отбасылық өмір процесінде туындайтын қиындықтарды жеңу үшін көмекке мұқтаж барлық ерлі-зайыптылар үшін. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша өңірлерде Нұр-сұлтан қаласының тәжірибесі бойынша отбасын қолдау орталықтарын ашу жұмыстары басталды. Гранттық қаржыландыру аясында отбасылық қатынастарды нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы бойынша жобалар іске асырылуда.
|
Еліміздің жаңа ұрпағы үшін тиімді менеджерлер мен пәрменді әлеуметтік лифтілер жүйесінің жаңа толқынын қалыптастыру үшін ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша Президенттік Жастар кадрлық резерві қалыптастырылды, оған 13 мың үміткерден 300 маман (жеке сектордың 102 өкілі, квазимемлекеттік сектордың 98 өкілі және 96 мемлекеттік қызметші) кірді, олардың көпшілігі түрлі салалардағы басқарушы лауазымдарға тағайындалды. |
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың мамыр айында Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы "Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына түзетулерге қол қойды, оған сәйкес сайлау тізімдерінде жастар (29 жасқа дейін) мен әйелдер үшін 30% квота енгізіледі. Бұл шара жастар мен әйелдердің еліміздің қоғамдық-саяси процестеріне белсенді қатысуын арттыруға мүмкіндік береді.
Жастар жылы аясында, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә..Назарбаева, еліміздің 3 мегаполисінде жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша шара көзделді. Нұр-сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға, оның ішінде жас отбасыларға 3000 пәтер берілді. Ағымдағы жылы жұмыс істейтін жастарға 3000 жалдамалы пәтер беру жоспарланып отыр. Жалға берілетін тұрғын үйді берудің бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша азаматтардан оларды берудің шарттары мен ережелеріне қатысты көптеген ұсыныстар келіп түсті. Бірқатар өтініштер ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізумен байланысты болды (қала тұрғыны ретінде тіркелу мерзімі, жастардың жасын 35 жасқа дейін ұлғайту, 40 АЕК-ке дейін азайту, құжаттарды қабылдау мерзімін ұзарту және т.б.). Осыған байланысты, азаматтардың, сондай-ақ Нұр-сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары әкімдіктерінің ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып, біз жалға берілетін тұрғын үй беру қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша белгілі бір жұмысты бастадық, олар бүгінгі күні тиісті мемлекеттік органдардың келісуінен өтуде.