Жиі қойылатын сұрақтар

«Нысаналы капитал қорлары және эндаумент-қорлар туралы» Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 30 маусымдағы № 199 Заңына сәйкес https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z2500000199 нысаналы капитал қорының Қамқоршылық кеңесі заңда және қордың жарғысында айқындалған құзырет шегінде қор қызметін ұйымдастыру бойынша негізгі шешімдерді қабылдайды.

Қордың Қамқоршылық кеңесінің құзыретіне, атап айтқанда: нысаналы капитал қорының (бұдан әрі – Қор) эндаумент-қорды қалыптастыруы және (немесе) толықтыруы арқылы қол жеткізетін мақсаттарды айқындау, Қор жарғысына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу, эндаумент-қор активтерін басқару және инвестициялау жөніндегі кәсіби әдеп қағидаларын бекіту, Қордың есепке алу саясатын бекіту, қаржы жоспарының орындалуын бақылау, басқарушы компанияларға қойылатын талаптарды бекіту, эндаумент-қордың қайырымдылық бағдарламаларын бекіту және олардың орындалуын бақылау және т.б. жатады.

Сондай-ақ Қамқоршылық кеңес Қордың атқарушы органының басшысын тағайындау немесе шеттету, атқарушы орган мүшелерінің сандық құрамын және өкілеттік мерзімін, оларды тағайындау және өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату тәртібін айқындау туралы шешімдер қабылдайды. Қор қызметіне ағымдағы басшылықты Қамқоршылық кеңеске есеп беретін атқарушы орган жүзеге асырады.

Мысал:

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне (бұдан әрі – Министрлік) Астана қаласының азаматы С.-дан өзінің кандидатурасын нысаналы капитал қорының Қамқоршылық кеңесінің құрамына енгізу туралы сұрақ келіп түсті. Өтініш берушіге аталған мәселе Министрліктің құзыретіне кірмейтіні және оған нысаналы капитал қорына немесе оның Қамқоршылық кеңесіне тікелей жүгінуі қажет екені туралы жауап берілді.