Жиі қойылатын сұрақтар

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 11 қарашадағы № 559 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау қағидалары күшіне енді.

Ережелер келесі нормаларды қарастырады:

Біріншіден, ротациялауға комиссияның бірінші басшының портфолиосын қарауын ескере отырып, сол ұйымдағы лауазымына тағайындалған күннен бастап 4 жыл бойы қызмет атқарған бірінші басшылар түседі. Комиссия ротациялау туралы шешім қабылдайды немесе бірінші басшы еңбек шарты бойынша жұмысын жалғастырады.

Бұл ретте, бірінші басшының бір білім беру ұйымындағы лауазымында болуға рұқсат етілген ең ұзақ мерзімі жеті жылдан аспайды. Жеті және одан да көп жыл қызметте болған бірінші басшылар ротациялауға жатады.

Екіншіден, ротация туралы шешімді облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың білім басқармалары жанынан құрылған комиссия қабылдайды. Комиссия құрамына облыстың немесе республикалық маңызы бар қаланың білім басқармасының, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) білім бөлімінің, әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың), бұқаралық ақпарат құралдарының, білім беру саласындағы қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кіреді.

Комиссияның бірінші басшының портфолиосын қарау мерзімі
15 жұмыс күнін құрайды.

Үшіншіден, ротация бір елді мекен шегінде жүзеге асырылады. Егер бір ауылда бір мектеп немесе бір балабақша болса, онда білім беру ұйымының бірінші басшысы ротацияға жатпайтынына назар аудару қажет.

Төртіншіден, ротация бір үлгідегі білім беру ұйымдарының басшылары арасында жүзеге асырылады. Шешім қабылдау кезінде комиссия Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі № 338 бұйрығымен бекітілген педагогтердің үлгілік біліктілік сипаттамаларының нормаларын басшылыққа алады.

           Осыған байланысты, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарының бірінші басшысын ротациялау мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарының арасында, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау осы білім беру ұйымдарының арасында, арнайы білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау арнайы білім беру ұйымдарының арасында жүргізіледі.

Бесіншіден, ротация кезінде бірінші басшылардың біліктілік санаты, яғни ол үшін алынған қосымша ақы ол аяқталғанға дейін сақталады.

Алтыншыдан, егер бірінші басшыға зейнеткерлікке дейін
2 және одан да аз жыл қалса, комиссия бірінші басшыны ротациялаудан босату туралы шешім шығарады. Ол үшін, бірінші басшы комиссияға өзі өтініш жазуы қажет.

Комиссия бірінші басшыны ротациялау туралы шешім қабылдағаннан кейін кадр қызметі бірінші басшыны алдағы ротациялау туралы ротацияға дейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей жазбаша хабардар етеді. Хабардар ету мерзімі өткеннен кейін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) білім беруді басқару органы 5 жыл мерзімге көшу тәртібімен бірінші басшыны лауазымға тағайындау туралы акт шығарады.

Еңбек шартына қосымша келісім арқылы өзгерістер енгізіледі.

Ротациядан бас тартуға жол берілмейді, өйткені Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 45-бабына сәйкес жұмыскерді еңбек шартында келісілген лауазым, мамандық, кәсіп, біліктілік шегінде және еңбекке ақы төлеу мөлшері мен шарттары сақтала отырып, басқа жұмыс орнына не сол жердегі басқа құрылымдық бөлімшеге ауыстыруға не оған басқа механизмде немесе агрегатта жұмыс істеуді тапсыруға жұмыскердің келісімі талап етілмейді.