Жиі қойылатын сұрақтар
Еуразиялық экономикалық одақ - бұл халықаралық құқық субъектілігі бар және 2014 жылғы 29 мамырда Нұр-Сұлтанда Беларусь, Қазақстан және Ресей Мемлекет басшылары қол қойған Еуразиялық экономикалық одақ туралы Шартпен құрылған өңірлік экономикалық интеграцияның халықаралық ұйымы.
ЕАЭО-да тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің еркін қозғалысы, Шартта және ЕАЭО шеңберіндегі халықаралық шарттарда айқындалған экономика салаларында үйлестірілген, келісілген немесе бірыңғай саясат жүргізу қамтамасыз етіледі.
ЕАЭО өз қызметін келесідей қағидаттар негізінде жүзеге асырады:
– мүше мемлекеттердің егемендік теңдігі мен олардың аумақтық тұтастығы қағидаттарын қоса алғанда, халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттарын құрметтеу;
– мүше мемлекеттердің саяси құрылымының ерекшеліктерін құрметтеу;
– Тараптардың өзара тиімді ынтымақтастығын, тең құқылығын және ұлттық мүдделерінің ескерілуін қамтамасыз ету;
– нарықтық экономика және адал бәсекелестік қағидаттарын сақтау;
– өтпелі кезеңдер аяқталғаннан кейін Кеден одағының алып тастауларсыз және шектеулерсіз жұмыс істеуі.
ЕАЭО-ның негізгі мақсаттары:
– мүше мемлекеттер халқының өмір сүру деңгейін арттыру мүддесінде олардың экономикаларын тұрақты дамыту үшін жағдайлар жасау;
– ЕАЭО шеңберінде тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капиталдың және еңбек ресурстарының бірыңғай нарығын қалыптастыруға ұмтылу;
– жаһандық экономика жағдайында ұлттық экономикаларды жан-жақты жаңғырту, кооперациялау және бәсекеге қабілеттілігін арттыру.