АХАТ функциялары Мемлекеттік корпорацияға берілетін болады

2023 жылғы 1 шілдеде АХАТ органдарының функциялары «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ға берілетін болады. АХАТ функциялары берілгеннен кейін қызмет көрсету жүйесі, өтініштерді қабылдау және өңдеу тәртібі өзгермейді.
Болашақ жас жұбайлар бұрынғысынша АХАТ арқылы некеге тұруға өтініш бере алады. Одан бөлек, өтінімдерді электрондық үкімет порталы арқылы онлайн беруге болады. Өтініш неке күніне 15 күн алдын берілуі керек екенін ескеру қажет. Сонымен қатар, жас жұбайлар өтініш берген кезде некені салтанатты түрде немесе әдеттегі түрде қию жолдарын таңдай алады.
АХАТ қызметтерін тек тіркеуші органның қызметкерлері көрсететін болады. ХҚКО операторларын қоса алғанда, Мемлекеттік корпорацияның басқа қызметкерлері АХАТ ақпараттық жүйесіне қол жеткізе алмайды. Сондай-ақ, қызмет көрсету тәртібі, оларды қарау мерзімдері өзгеріссіз қалады.
Айта кетейік, мемлекеттік қызметтерді көрсету, атап айтқанда туу мен өлімді тіркеу бойынша қызметтерге төлем ақы алынбайды. Мемлекеттік корпорация ҚҚС төлеуші болып есептеледі. Сондықтан ақылы қызметтердің тарифі қосымша құн салығын ескере отырып белгіленеді.
Естеріңізге сала кетейік, АХАТ органдары тууды, өлімді, неке қиюды және некені бұзу сияқты құжаттарды тіркейді. Бұдан басқа, тіркеуші органдар акт жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізеді, азаматтық хал актілерінің жазбаларын қалпына келтіреді және жояды. Сондай-ақ, бастапқы және қайталама куәліктерді, анықтамаларды электрондық нысанда немесе қағаз жеткізгіште шығарады.