Аудан әкімі Талғат Байедиловтың - Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен құттықтауы

Құрметті бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері!
Баршаңызды бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Ақпарат саласында жұмыс істеу – үлкен мәртебе, әрі зор жауапкершілік.
Баспасөз қызметі еліміздің тұтастығы мен татулығын нығайту жолында елеулі рөл атқарады.
Міржақып Дулатұлының «Қай жұрттың баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де күшті» деген тұжырымы бүгін де барынша өзекті болып отыр.
Өйткені, еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі мен идеологиялық дербестігін сақтау үшін журналистердің Қазақстанда және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуы керек.
Себебі, қоғамдық сананың рухани жаңғыруы – журналистердің тың ізденістері мен тынымсыз еңбектерінің нәтижесінде жүзеге асатыны сөзсіз.
Сіздердің жазған әрбір мақалаларыңызда, дайындаған сюжеттеріңізде елдің мұңы мен мұқтажы, ойы мен пікірі, талабы мен тілегі, қоғам дамуының тынысы айқын көрініс тауып отыр. Өйткені, жұмыс барысында жұртпен етене араласып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жүзеге асыруға зор еңбек сіңірудесіздер.
Журналист болу үшін кәсіби біліктілікке қоса, батылдық пен табандылық керек. Өзгенің мәселесіне жанашырлық танытып, әрбір іске жауапкершілікпен қарайтын, жұрт жұмысына жегіліп, елдің кем-кетігін түгендеуге тырысатын, қоғамдағы түйткілдерге парасат биігінен көз салатын және ұлттық деңгейде ойлай білетін журналисті бүкіл халық құрметтейді.
Ол үшін ең алдымен Отанға деген сүйіспеншілік және елге адалдық секілді қасиеттер қажет.
Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бүгінде осы тұрғыдан ой толғап, мәселе көтеруге бейімделуде. Бұл шынайы патриотизмнің көрінісі деп білемін.