Ақтөбе қаласын дамытудың 2023-2026 жылдарға арналған Кешенді жоспарының жобасы әзірленді

Ақтөбе қаласын дамытудың 2023-2026 жылдарға арналған Кешенді жоспарының жобасы әзірленді

Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Ақтөбе қаласын дамыту мәселелері бойынша жиын өтті. Ақтөбе қаласының мемлекеттік органдары мен бөлімдерінің басшылары қатысқан отырыста тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласына қатысты мәселелер қаралды.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатов облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы жұмыс тобы құрылғанын, оның құрамында облыстық басқармалар мен аумақтық департаменттердің өкілдері бар екенін мәлімдеді. Олар барлық бағыттар бойынша талдау жүргізген.

Жұмыс тобының өкілдері Ақтөбе қаласын дамытудың 2023-2026 жылдарға арналған Кешенді жоспарының жобасын әзірледі, 14 сала қамтылған. Оның ішінде қала көшелері мен аулаларын абаттандыру, күтіп ұстау, көше-жол желісін жақсарту, тұрғын алаптарды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Сондай-ақ, әлеуметтік саланы дамыту және жеке инвестицияларды тарту жоспарлануда.

Жиында Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев баяндағандай, көгалдандыру маңызды мәселелердің бірі болып қала бермек: облыс орталығында 53 мың м2-ден астам жерге гүл, 326 мың м2-ден астам гүлзар отырғызылды. Әуежай, Өнер орталығы, Батыс-2 ықшам ауданында 3000 арша көшеті, 1000 туя, шырша көшеті және 55 мыңнан астам біржылдық гүл отырғызылды.

Ақтөбе облысының елді мекендерін көгалдандырудың және жасыл аймақтарды құрудың 2023-2026 жылдарға арналған өңірлік жоспарына сәйкес Ақтөбе қаласының аумағында жыл сайын 71 000 ағаш, барлығы 284 000 ағаш отырғызу жоспарлануда.

Биыл 71 000 ағаш отырғызу жоспары орындалды. Көктемде қала әкімдігі 2930 ағаш отырғызды. Қала аумағында 65 қоғамдық кеңістік бар. Биылғы жылы 7 жобаны іске асыру жоспарланған, оның ішінде Авиатор ықшам ауданында, «Ренессанс» ТК ауданында, Ұшқыштар училищесі аумағында, «Қоныс» ДС ауданында скверлерді абаттандыру, Триатлон саябағында воркаут-алаңдарын салу және т. б.

Тәуелсіздік көшесін, Әуежай ауданындағы аумақты, Қонаев көшесі ауданындағы Елек өзенінің жағалауын абаттандыру бойынша 3 ЖСҚ әзірлеу жүргізілуде.

2023 жылы Ә.Молдағұлова, Сәңкібай батыр даңғылдары, Рысқұлов, Есет батыр, Тургенев көшелері бойындағы, Құрмыш, Шанхай, Тұрғын үй қалашығы аудандарына қарасты аулалар абаттандырылады. Сондай-ақ, балалар ойын және спорт алаңдары, футбол алаңдары орнатылуы тиіс. Жалпы 2024 жылдың соңына дейін шаһарда 100 аула жарықтандырылып, 100 аула абаттандырылады.

Үйлердің сыртын ағымдағы жөндеу, тұрғын үй қорын жаңғырту жұмыстары жалғасады. Ақтөбеде барлығы 1867 көппәтерлі тұрғын үй бар, оның 231-іне жөндеу қажет. 2024-2026 жылдары барлық 231 тұрғын үй модернизациядан өтеді. Бұл нысандарға күрделі жөндеу жүргізуге оператор ретінде «Ақтөбе» ӘКК анықталды. Айта кету керек, жөнделген үйге жұмсалған қаражатты тұрғындар белгіленген талапқа сай қайтарады. Ол сомалар кондоминиумның басқа объектілер жөндеуге пайдаланылмақ.

Сонымен қатар, тұрғын үйлердегі жеделсатылардың мәселесі өзекті. Биыл жыл соңына дейін 67 лифт, 2024-2026 жылдар аралығында 145 лифт ауыстырылады.

22 субұрқақ жөнделеді. Биыл 8-і, келесі жылы 14 субұрқақты жөндеу жоспарлануда.

Қала көшелерін жарықтандыру және декоративті жарықтандыру мәселесіне Кешенді жоспарда назар аударылған. Аула аумақтарына, жаяу жүргіншілер жолына, көшелерге, жалпы ұзындығы 307 шақырымды құрайтын 9000 жарық нүктесі қондырылады. 2023 жылға 1200 жарық нүктесі қондыру қарастырылған.

Жауын-шашын суы ағатын кәріз арналарын салу жобалары бойынша жұмыс қарқынды. Бүгінде Авиатор, Нұр-Ақтөбе, 11 және 12 ықшам аудандар, Қалалық сүт зауыты, Мәскеу, Шанхай ауданындағы нөсер кәріз арналары салынады.

​Ал су, электр, жылумен жабдықтау жұмыстары қалада тоқтамайды. Мамандар алдағы жылдары Батыс-3 ықшам ауданында қазандық салып, «Нұр-Ақтөбе» ықшам ауданындағы қазандықты кеңейтуді көздеп отыр.

​Жиын қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдар басшылары Кешенді жоспар жобасын қайта қарап, нақтылайтын тұстарын ұсыныс ретінде енгізуі тиіс.