Хромтауда 18 отбасы баспаналы болды

Республика күніне орай Хромтау ауданында тұрғын үй кезегінде тұрған 18 отбасыға жаңа пәтерлердің кілті табысталды.
Баспана кілттері тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға, оның ішінде әлеуметтік осал санаттағы тұрғындарға берілді. Жаңа қоныс иелерінің басым бөлігін көпбалалы отбасылар құрап отыр.
Салтанатты рәсім барысында аудан әкімі Нұрхан Тлеумұратов қоныс иелерін Республика күнімен құттықтап, баспаналы болу – әр отбасы үшін үлкен қуаныш әрі жаңа өмір кезеңінің бастауы екенін атап өтті.
«Әр шаңырақтың өз баспанасы болғаны – елдің әлеуметтік әл-ауқатының маңызды көрсеткіші. Бүгінгі пәтер кілттері жаңа қоныс иелеріне қуаныш сыйлап қана қоймай, олардың ертеңгі күнге деген сенімін арттырады», – деді аудан әкімі.
Жаңа пәтерлерге қоныстанған отбасылар үшін бұл күн ерекше қуанышқа толы болды.