Ералы Тоғжанов Ақтөбе Жоғары гуманитарлық колледжін ғасырлық мерейтойымен құттықтады

Ералы Тоғжанов Ақтөбе Жоғары гуманитарлық колледжін ғасырлық мерейтойымен құттықтады

Биыл Ақтөбе Жоғары гуманитарлық колледжіне - 100 жыл. Бұл - еліміздегі ең көне оқу орындарының бірі.

Мерейтойға арналған салтанатты шараға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, өңірдегі педагогика саласының өкілдері қатысты.

Колледж тарихы терең. 1922 жылы оқу орны алғаш рет педагогикалық техникум болып құрылды. Кейін педкласс, педагогикалық техникум, педагогикалық училище, педагогикалық колледж болып бірнеше рет атауын өзгертті, дегенмен алға қойған мақсат өзгеріссіз қалды.

«Бұл - өңіріміздің білім беру саласындағы маңызды оқиға. Ғасырлық тарихы бар оқу орны өскелең ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне, тұтастай алғанда елдің қалыптасуына айтарлықтай үлес қосуда.

Бірінші буын кадрларын дайындаған мұғалімдердің қатарында Қазақстан тарихында ерекше орын алатын, есімдері аңызға айналған тұлғалар: Құдайберген Жұбанов, Жиенғали Тілепбергенов, Ниетжан Беріков бар.

Бүгінде білім беру мекемесі  еліміздің Білім және мәдениет саласына білікті мамандарды даярлауда өңірдің жетекші орта арнаулы оқу орнына айналды. Ғасырлық тарихында 40 мыңға жуық маман елдің әр түкпірінде табысты қызмет етті.

Мұғалім мамандығы әрқашан ерекше орынға ие және солай қалады. Заманауи жағдайда педагог кадрларын даярлау бойынша сіздерге үлкен жүк артылған. Осындай асыл миссияны лайықты орындағандарыңыз үшін алғыс айтамын», - деді облыс әкімі.

Өңір басшысы 1978-1988 жылдар аралығында колледжді басқарған Ақтөбе облысының Құрметті азаматы, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, профессор Ниетжан Беріковке «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалін табыстады. Арнайы пәндер оқытушысы, халықаралық, республикалық және облыстық конкурстардың жеңімпазы Ахат Әбішевті, сондай-ақ 31 жылын білім беру саласында мамандар даярлауға арнаған оқытушы, педагог-зерттеуші Назира Амандықованы «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапаттады.

Бірқатар үздік педагогтер кәсіптік білім берудегі жетістіктері мен колледждің дамуына қосқан үлесі үшін облыс әкімінің алғыс хаттарымен және 100 мың теңгелік сертификаттармен марапатталды.

Ералы Тоғжанов колледждің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 5 интерактивті тақтаны сыйға тартты.

Қазіргі уақытта мұнда 6 мамандық бойынша 1580 студент білім алады.