Ералы Тоғжанов: «Табыс» базарында жергілікті тауар өндірушілерге басымдық берілуі керек

Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Ақтөбе қаласындағы ең ірі «Табыс» коммуналдық базарының қызметімен танысты. Базар аумағын аралаған аймақ басшысы көшедегі сауда алаңының шашылып жатқанына, қоқыс пен ластығына назар аударды.
Ералы Тоғжанов сатушылармен әңгімелесу барысында базар әкімшілігіне еңбек жағдайын жақсарту, санитарлық нормалардың сақталуына бақылауды күшейту, баға белгілеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Басты талап - жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің нарыққа еркін шығуын қамтамасыз ету.
«Аудандарға барған кезде шаруалар «Табыс» базарында өнімдерін сата алмаймыз деп жиі шағымданады. Олай болмауы керек. Жергілікті тауар өндірушілер әрқашан басымдыққа ие болуы керек», - деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы базарда бал сататын ақтөбелік кәсіпкерлерге қолдау білдірді. Енді қаланың түкпір-түкпірінде орналасқан «Табыс» шағын базарларынан оларға сауда нүктелері беріледі.
Омарташылар сондай-ақ, облыс басшысына өздерін толғандырған басқа да мәселелермен, соның ішінде бал өсімдіктерін өсіруге жер бөлу, бал өсімдіктерінің тұқымын сатып алуға көмек көрсету және т.б. жөнінде ұсыныс жасады.
Ералы Тоғжанов бұл мәселелердің барлығын «Ауыл аманаты» аясында шешуге болатынын айтып, омарташыларды жобаға белсене атсалысуға шақырды.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі