Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Ақтөбе қаласын аралап, автокөлік жолдарының құрылыс және қалпына келтіру жұмыстарының барысын тексерді, жергілікті кәсіпорындардың қызметтерімен танысты.
Жұмыс бағдарламасындағы бірінші нысан Ә.Молдағұлова даңғылындағы жерүсті жаяу жүргіншілер жолының жағдайымен танысу болды. Өткел көліктер қала орталығында қауіпсіз қозғалу үшін салынған. Алайда, оның жұмысы халық наразылығын туғызып отыр. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған көтергіш әлі күнге дейін іске қосылмаған.
«СарсенOFF» ЖШС өкілдері сенімді басқаруға өтуге бастамашылық етіп, оны қалпына келтіру, сонымен қатар, айналасындағы аумақты абаттандыру жоспарын ұсынды.
«Өткел қауіпсіздік талаптары мен стандарттарға сай болу керек»,- деген Е.Тоғжанов ұсынылатын жобаны жан-жақты зерттеп, мәселенің шешімін кешіктірмеуді тапсырды.
Денсаулық саябағын қарап шыққан облыс әкімі қалалықтардың демалыс орындарының жағдайын үнемі бақылап отыруды, жасыл желектерді уақытылы суаруды, абаттандыру элементтерін күтіп ұстауды міндеттеді.
Сондай-ақ, Ералы Тоғжанов Батыс-2 шағын ауданы мен 41 разъезддегі автокөлік жолдарының қалпына келтіру жұмыстарымен, Елек өзені арқылы өтетін автокөлік көпірінің жағдайымен және «Нұр ғасыр» мешіті алдындағы жерасты жолының жағдайымен танысты.
Мердігер ұйымдарының материал қоры да ерекше бақылауда. Материалдардың жетіспеушілігі немесе жоқтығы жобаның жүзеге асырылу мерзімін созбауы керек.
«Құрылыс жұмыстарының қарқыны мен сапасын үнемі бақылауда ұстаңыз. Ауа райы қолайлы болып тұрғанда біраз жұмысты аяқтап алған дұрыс. Бәрі де мойындарына алған міндеттерін сапалы әрі бекітілген мерзімде орындаулары керек. Халықтың осы жолмен қаншалықты қауіпсіз әрі ыңғайлы жүруі соған байланысты. Ақтөбе әрбір тұрғынына қолайлы болуы үшін соған ұмтылуымыз керек»,- деді облыс әкімі.
Жерасты жолын қарау кезінде өңір басшысы аталмыш жерге қызмет көрсететін жауаптылардың жұмысын: «Нысанды жөндеу мәселесін көтермес бұрын оны күтіп ұстау жұмыстарына жауапкершілікпен қарау керек. Күн сайын бақылауда ұстау керек»,-деп сынға алды.
Өңір басшысы «Эксклюзив» тұрғын үй кешеніне қарасты «AktobeRomGroup» тұрғын үй кешенінің 9 қабатты үйінің құрылыс алаңында болды. Нысанның проблемасы бар: ақтөбеліктер үлестік құрылысқа қаражат салғанымен тұрғын үйдің құрылысы әлі басталмаған.
Облыс әкімі: «Тұрғындар жосықсыз құрылысшылардың кесірінен зардап шекпеулері керек. Болған оқиғаның шешімін табудың заңды жолдарын мұқият зерделеген дұрыс»,- деп тапсырды.
Ералы Тоғжанов жұмыс бағдарламасының соңында «Айс+» ЖШС сүт өңдеу зауытына барды. Мұнда ол жергілікті өндірушінің жоспарларымен танысып, агроқұрылымдардың басшыларымен кездесті.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі