31 желтоқсанда Ақтөбе көшелерінде «Жыл 12 ай» шоуының кейіпкерлері қатысатын мерекелік керуендер өтеді

31 желтоқсанда Ақтөбе көшелерінде «Жыл 12 ай» шоуының кейіпкерлері қатысатын мерекелік керуендер өтеді

 

Облыс орталығында жаңажылдық іс-шаралардың қалай өтетіні және мереке күндері қандай қауіпсіздік шаралары қабылданатыны облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде талқыланды.

Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова қала тұрғындары үшін Жаңа жылды қарсы алуға дайындалған мерекелік бағдарламаны таныстырды.

Ақтөбеде сағат 11:00-ден 14:00-ге дейін қалалық мәдениет үйлерінің шығармашылық ұжымдары мерекелік керуендер ұйымдастырады. Тұрғындар мен қала қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында керуендер бес бағыт бойынша жүріп өтіп, сауда орталықтарын, базарлар мен тұрғын үй алаптарын қамтиды.

  • I керуен: «Әлия» сауда орталығына, «Алтай» базарына, «Дина» гипермаркетіне және «Keruen City» ойын-сауық орталығына барады.
  • II керуен: Есет батыр тұрғын алабы арқылы жүріп өтіп, «Дина» және «Анвар» супермаркеттерінің алдына, Орталық базар алаңына және «Астана» сауда орталығына тоқтайды.
  • III керуен: «Анвар» гипермаркеті мен «Dalida» сауда орталығын қамтиды.
  • IV керуен: «Шығыс» базары мен «City Shopping Center» сауда орталығына барады.
  • V керуен: «Табыс» базары, «Тұрғындар қалашығы» базары арқылы өтіп, әуежай бағытына қарай бет алады.

Керуендер музыкалық және би нөмірлерімен, конкурстармен және интерактивті ойындармен тұрғындарды қуантады, ал «Жыл 12 ай» шоуының кейіпкерлері халықты келе жатқан Жаңа жылмен жеке құттықтайды.

Кешкі сағат 20:00-ден 22:00-ге дейін Қалалық мәдениет үйінің алаңында («Тұрғындар қалашығы» базары ауданы), қалалық әкімдік алдындағы алаңда, «Авиатор» саябағында, Есет батыр тұрғын алабындағы «Дина» супермаркетінің алдында, сондай-ақ «Құрайлы», «Сазды» және «Нокин атындағы МҮ» мәдениет үйлерінің алаңдарында қала тұрғындары үшін жаңажылдық концерттік бағдарламалар өтеді. Көрермендерді жергілікті әртістердің мерекелік өнерлері, театрландырылған қойылымдар мен балалар мен ересектерге арналған интерактивті ойындар күтеді.

Кештің басты оқиғасы – «Жаңа жыл ғажайыптары» атты жаппай мәдени іс-шара «Қазақ халқына мың алғыс» стелласының алаңында сағат 20:00-ден 01:00-ге дейін жалғасады. Бағдарламада қаланың үздік әртістері мен музыканттарының қатысуымен мерекелік концерт, ертегі кейіпкерлері қатысатын театрландырылған қойылым және жарқын би кеші жоспарланған. Мерекелік шара отшашумен аяқталады.

Қала әкімі Азамат Бекет қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге аса көңіл бөлінгенін атап өтті. Тәртіпті сақтау үшін барлық іс-шара өтетін орындарда полиция қызметкерлері мен жол-патрульдік қызметі кезекшілік етеді. Сонымен қатар, кез келген төтенше жағдайға жедел әрекет етуге дайын жедел медициналық жәрдем бригадалары жұмыс істейді. Өрт қауіпсіздігі шаралары, әсіресе отшашулар мен пиротехникалық шоулар өткізілетін орындарда күшейтілді. Осылайша, қала тұрғындары мен қонақтары мерекені толық қауіпсіздікте және жайлы жағдайда тамашалай алады.

Полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов 2025 жылдың 31 желтоқсанынан 2026 жылдың 7 қаңтарына дейін полицияның жеке құрамы қызмет өткерудің күшейтілген нұсқасына көшетінін хабарлады.

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін Ақтөбе қаласындағы мерекелік серуендер өтетін орындарда, саябақтарда, гүлзарларда, сондай-ақ ойын-сауық мекемелерінің жанында полиция қызметкерлері кезекшілік етеді. Қоғамдық тәртіпті қорғауға барлығы 1408 полиция қызметкері, ҚР Ұлан 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшілері, сондай-ақ 100 бірлік қызметтік автокөлік тартылады.

Өрттің алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері полициямен бірлесіп, пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сату орындарын анықтау үшін облыс базарларында профилактикалық рейдтер жүргізді. Рейдтер барысында сауда нысандарының басшыларына түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі Асхат Шахаров медициналық және төтенше жағдайлар қызметтерінің күшейтілген жұмыс режимінің, халықты БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы уақытылы ақпараттандырудың, сондай-ақ азық-түлік бағасына тиімді мониторинг жүргізудің маңыздылығын алға тартты. Әкімнің айтуынша, 109 қызметі арқылы халықпен кері байланысқа және азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет етуге  көңіл бөлінуі тиіс.

Өңір басшысы сондай-ақ барлық жауапты қызметке тұрақты жылумен қамтамасыз етуді және коммуналдық қызметтердің үздіксіз жұмысын, қоқысты уақтылы шығаруды, көшелерді қардан тазалауды және мереке күндері қоғамдық көлік жұмысын бақылауды тапсырды.

«Жаңа жыл – қуаныш пен отбасылық жылулық мерекесі. Осы күндері өңірдің әрбір тұрғыны өзін жайлы әрі қауіпсіз сезінуі маңызды. Біздің басты міндетіміз – көшелерде, саябақтарда және бұқаралық іс-шаралар өтетін орындарда жайлылықты, қауіпсіздікті және тәртіпті қамтамасыз ету. Біз қызметтердің жұмысын мұқият бақылап, жылудың уақытылы берілуін, қардың тазалануын және қоқыстың шығарылуын қадағалауымыз керек. Қоғамдық тәртіпті сақтауға, отшашу кезіндегі қауіпсіздікке және жедел қызметтердің жұмысына ерекше мән береміз. Мереке облыстың барлық тұрғыны мен қонақтары үшін жарқын, көңілді және қауіпсіз өтуі тиіс», — деп түйіндеді Асхат Шахаров.