«Таза Қазақстан»: Ақтөбеде экологиялық дебат өтті

«Таза Қазақстан»: Ақтөбеде экологиялық дебат өтті

Ақтөбеде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында 9-11 сынып оқушылары арасында «Экология және болашақ: Жасыл әлем үшін жас ұрпақтың жауапкершілігі» атты қалалық дебаттық турнир өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, азаматтық белсенділікті арттыру, сыни ойлау қабілетін дамыту және жасөспірімдерді практикалық экологиялық бастамаларға ынталандыру.
Шара барысында патриотизм мен ой тазалығы жаңа экологиялық сананы қалыптастырудағы басты құндылықтар ретінде ерекше аталды.
Дебаттар Американдық парламенттік форматта өтті. Бұл қатысушыларға пікірталас барысында өз ұстанымдарын қорғауға, дәлелдерін жүйелеуге және экологиялық мәселелердің оңтайлы шешімдерін ұсынуға мүмкіндік берді.
Турнирге 9-11 сыныптың 50-ден астам оқушысы, мектеп дебат клубтарының мүшелері және жастар бірлестіктерінің өкілдері қатысты. Қатысушылар қоршаған ортаны қорғау тақырыбында өзекті мәселелерді талқылап, қаланың тазалығы мен көркеюіне әрбір адамның жеке жауапкершілігі бар екенін атап өтті.
№80 орта мектептің мұғалімі, турнир модераторы Темірлан Снасапин пікірін білдірді:
««Таза Қазақстан» бағдарламасының мақсаты – тек сенбілікпен шектелмей, қоғамдық сананы жаңғырту, жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Дебат форматы жастарға сыни ойлауды дамытып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды үйретеді. Балалардың белсенділігі мен ортақ идея ұсынуы – табиғатты қорғауға деген сенімді күшейтеді», – деді ол.
Турнирдің белсенді қатысушысы, №32 гимназиясының 10-сынып оқушысы Жұмағазин Аят өз ойын жеткізді:
«Экология – бүгінгі таңдағы нақты әрекет. Біз мәселені көтеріп қана қоймай, шешу жолдарын ұсынамыз. Мұндай турнирлер жастарға елдің болашағы үшін жауапкершілікті сезінуге мүмкіндік береді», – деді ол.
Турнир соңында жеңімпаз командалар мен үздік қатысушыларға алғыс хаттар және естелік сыйлықтар табысталды.
Шара оқушылардың экологиялық проблемаларды талқылап қана қоймай, оларды шешудің нақты қадамдарын ұсынуға дайын екенін көрсетті. Ұйымдастырушылар мен қатысушылар мұндай дәстүрлі турнирлер алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім білдірді. 

#ТазаҚазақстан, #TazaQazaqstan, #TazaChallenge, #jastarlive, #jasylel, #устойчивое развитие, #тұрақты даму, #экология