Ақпараттық хабарлама
Бас прокуратура Республикалық жеке сот орындаушылар палатасы мен бірыңғай электронды сауда алаңының қызметіне 2015-2017 жылдар аралығында және 2018 жылдың өткен кезеңінде атқарушылық іс жүргізуді ұйымдастыру және электронды сауда өткізу кезінде заңдылықты сақтау мәселелері бойынша тексеру жүргізді.
Тексеру барысында өрескел заң бұзушылықтар анықталды:
Біріншіден – жеке сот орындаушылары арасында атқарушылық істерді бөлу процесіне араласу. Іріктелген тексерулер мұндай 2,5 мың фактіні анықтады, бұл ретте маңызды атқарушылық іс парақтары түрлі облыстардағы 20 жеке сот орындаушысына бөліп берілген.
Сонымен қатар, алименттерді, жалақыларды өндіріп алу, мемлекет пайдасына өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар орындаусыз қалған.
Екіншіден – прокурорлық қадағалау актілерін уақытылы қарамау, салғырттық таныту. Көрсетілген кезең ішінде 936 қадағалау актісі енгізіліп, оның 42-і немқұрайлы қаралған. Кінәлі адамдарға қатысты тиісті ден қою шаралары қабылданбаған.
Үшіншіден – өңірлік палаталардың жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау кезінде жол берген бұзушылықтың 572 фактісі анықталған.
Айталық, Алматы өңірлік палатасы 35 өтініш иесінің жеке сот орындаушыларының заңсыз іс-әрекеті туралы өтініштеріне жауап қайтармаған. Бұл ретте шағым белгілі бір адамдарға қатысты жүйелі түрде келіп түсе берген. Мұның бірде-бірі бойынша тексеру жүргізілмеген, шаралар қабылданбаған.
Төртіншіден – Республикалық палата жеке сот орындаушыларының лицензиялары тоқтатыла тұрған немесе тоқтатылғаннан кейін Атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне қол жеткізуіне уақытылы бұғат қоймаған. Мұндай 9 факті анықталған.
Бесіншіден – жеке сот орындаушыларының мүшелік жарналары тиімсіз пайдаланылған.
2015 жылдан бері Палатаның орталық аппаратының штат саны 3 есеге артқан (11-ден 34-ке дейін), жалақы төлеу бойынша шығыстары 77-ден 197 млн. теңгеге дейін өскен. Палата үлкен қаржылық айналымы болмаса да, штатта жалақысы 220 мыңнан кем түспейтін 7 бухгалтер ұстаған.
Штатқа ЖСО-ның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бөлімінде 9 маман (жалақысы 140 мыңнан) енгізілген. Палата мұндай лауызымдарды енгізудің орындылығына негіз таппай отыр. Жоғары заңгерлік білімі бар жеке сот орындаушылары өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғай алатыны сөзсіз.
ЖСО-ның Оқу орталығына жарналары білім процесінің орнына Палатаның қызметкерлеріне сыйақы төлеу үшін пайдаланылған. Бұған барлық түсімнің бестен бір бөлігі (50 млнның 10-ы) жұмсалған.
Заңның 149-бабына сәйкес жеке сот орындаушыларының ғылыми, оқытушылық немесе шығармашылық қызметтен басқа ақылы қызмет түрлерімен айналысуға құқығы жоқ.
Өңірлік палата қызметкерлері (Астана қаласы, БҚО) бір мезгілде жалақы алып және атқарушылық құжаттардың орындалуымен айналысқаны туралы фактілер анықталған.
Алтыншыдан – тәркіленген мүлікті сату кезінде азаматтар мен ұйымдардың құқықтарының бұзылуына әкеп соқтырған бірыңғай электрондық сауда алаңының қызметіндегі заң бұзушылық фактілері анықталды.
Бірыңғай электронды сауда алаңының операторы ЭСА жүйесінің айқындылығы мен ақпараттық қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды сақтамаған.
2015 жылғы 5 мамырдағы № 256 бірыңғай электрондық сауда алаңын іріктеуді жүзеге асыру ережесінің (бұдан әрі - Ереже) 4-тармағына сәйкес ЭСА операторы қауіпсіздікті, құпиялылықты, ЭСА мәліметі мен сервистерін рұқсатсыз кіруден, электрондық аукциондардың айқындылығы мен ашықтығынан қамтамасыз етуі тиіс.
Алайда, бұл талаптарды ЭСА операторы сақтамаған.
2016 жылы ЭСА операторы хаттамалау функциясын (іс-әрекеттер туралы хаттама) және трафикті бақылауды (пайдаланушы қосылыстарын) ажыратып тастаған.
Енді жүйеде іс-әрекеттер (манипуляцияларды) бақыланбайды, постфактумды мониторинг жүргізу қадағаланбайды. Бөгде тараптың араласуы көрсетілмейді.
ЭСА параметрі мен функционалдық өзгерісі туралы (аттестаттау кезінде болған) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органды ЭСА операторы хабардар етпеген. Қайта аттестаттау мәселесіне бастамашылық жасалмаған.
Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы талаптарды бұзғаны үшін ЭСА операторы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Белгіленген функционалдарды өшірумен теріс пайдалануға және манипуляция жасауға жағдай жасаған. Тексеріс барысында тестілік аукциондар өткізілді. Тәжірибе сауда-саттық процесінде аукционға қатысқан кез келген қатысушыны бұғаттап, нақты бір адамның жеңісіне үлес қосуға болатынын көрсетті.
Жүйеге бөгде тұлғалардың кіру мүмкіндігі бар. Ұялы телефонның көмегі арқылы жүйеге қашықтан кіру жүзеге асырылған. Осылайша жүйеге 879 рет кірген.
Мүлікті сату кезіндегі заңсыз іс-әрекеттерді қоса алғанда қолжетімді техникалық кемшіліктер кез-келген заңсыз әрекеттерді жасауға мүмкіндік береді. 92% (11 мың) сауда-саттық бағалардың төмендеу әдісімен өткізілген. Құны 82 млрд. теңгеге (203-ден 121 млрд. теңгеге дейін) қысқарған.
Көп жағдайда (78%) жылжымайтын мүлік 20-48% арзан сатылған. Мүліктің үштен бірі (2769) жарты бағамен сатылған.
Аукционға қатысып, жеңімпаз атанған 40 тұрақты қатысушы 2024 лот сатып алған, олардың 23-і банк өкілдері.
Банктер 4104 аукционға қатысып, оның 2343 жеңіп алды. Баға орташа есеппен 30 %-ға төмендеді (103-тен 71 млрдқа).
Бәсекелес ортаның болмауы себепті банктер жеңіп алған сауда-саттықтың 78% -да мүлікті сатып алды.
320 жағдайда өтінімдерді беру және сауда-саттыққа онлайн қатысу банктерге тиесілі бір жергілікті желі мекенжайларынан (IP-мекенжай) жүзеге асырылған. Бұл ретте, 52 жағдайда сауда-саттықтың заңдылығын қағаз жүзінде қамтамасыз ететін екінші қатысушылар банк қызметкерлері болған (сауда-саттыққа екі адамнан аз қатысқан болса, сауда-саттық жасалмаған деп танылады). Аталған барлық сауда-саттық бойынша банктер жеңімпаз болып танылған. Бағалар орташа есеппен 37 % төмендеген (22-ден 14 млрдқа).
Салық төлеуден жалтаруға ықпал ететін фактілер анықталған.
2015 жылдан 2017 жылдары аралығында ЭСА операторы әр түрлі жеке кәсіпкерлермен қызмет көрсету бойынша 10 келісім шарт жасаған. 2017 жылы ол бойынша 220 100 000 теңге төленген. Бұл кірістің 70 % (330 млннан).
ЭСА операторы растайтын құжаттарсыз орындалған жұмыстардың актілеріне қол қойылғанын растады. Ал контрагент ретінде әдейі жеңілдетілген режимді қолданатын жеке кәсіпкерлерді таңдаған.
Салық кодексінің 687-бабына сәйкес жеке кәсіпкерлер 3 % салық төлесе, заңды тұлғаларға 20 % салық салынады (СК 313-бабы).
Жеке кәсіпкерлердің кейбірінің айтуы бойынша олар іс жүзінде қызметтер көрсетпеген. Олардың шоттарынан ақша алынып отырған, жеке кәсіпкерлерге ол үшін соманың 1 % берілген.
Қазіргі уақытта Бас прокуратураның тапсырмасы бойынша Мемлекеттік кірістер комитеті кешенді салық тексеруін жүргізуде.
Аталған фактілер бойынша Әділет министрлігі атқарушылық іс жүргізу және жеке сот орындаушылар қызметін құқықтық және ақпараттық қамтамасыз ету, сонымен қатар, кінәлі адамдарды тиісті жауапкершілікке тарту бойынша кешенді шаралар қабылдап жатыр.