GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Қызметі
Комитет туралы
Аймақтар
Комитеттер
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпарат
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Қызметі
Құжаттар
Все материалы
Техникалық реттеу
14 октября 2026
Астанада Дүниежүзілік стандарттар күніне арналған дөңгелек үстел өтті

2026 жылғы 14 қазанда Астанада Дүниежүзілік стандарттар күніне орайластырылған дөңгелек үстел өтті. Қатысушылар ұлттық стандарттау жүйесін дамыту, отандық өндірушілерді қолдау, инновациялық технологияларды енгізу және Қазақстанның экспорттық әлеуетін кеңейту мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында стандарттау саласындағы жұмыс нәтижелері таныстырылып, сондай-ақ саланың одан әрі дамуының негізгі басымдықтары белгіленді.

ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Жанна Есенбекова атап өткендей, бүгінде стандарттаудың рөлі едәуір артып, елдің технологиялық және экономикалық дамуының маңызды құралдарының біріне айналуда.

 

«Бүгінде стандарттау тек дайын өнімге қойылатын талаптар жүйесі болудан қалуда. Ол технологиялық дамудың, өндірісті, инвестицияларды және жаңа нарықтарды қолдаудың құралына айналуда. Біз қалыптасқан тәжірибені бекітетін стандарттан, технологиялардың дамуына алдын ала жағдай жасайтын стандартқа көшіп жатырмыз», - деп баса айтты Жанна Есенбекова.

 

Басымдықтардың бірі инвестициялық жобаларды ерте кезеңдерде сүйемелдеу болып қала береді. Өндірісті дайындау кезінде-ақ кәсіпорындарға техникалық талаптарды пысықтауға, стандарттарды таңдауға және сапаны қамтамасыз ету үшін қажетті инфрақұрылымды анықтауға көмек көрсетіледі.

Мұнай-химия саласында заманауи өндіріс технологияларын ескере отырып, көпқабатты полиэтилен үлдіріне стандарт әзірленуде. Сондай-ақ ҚазСтандарттың Alatau City үшін нормативтік базаны дайындауға қатысуы талқылануда.

Күнделікті өмірдегі өнімдер мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Бейнебақылау жүйелері, температураны бақылай отырып салқындатылған және мұздатылған жүктерді жеткізу, электрондық медициналық карталар мен жазбалар үшін стандарттар қабылданды. Электр қуаттау станцияларына да стандарттар бекітілді. Олар берілген электр энергиясын сенімді есепке алу үшін қажетті тексеруге және метрологиялық қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды қарастырады.

Жасанды интеллект (ЖИ) мен ғылыми қызметке арналған нормативтік база дамуда. 2025 жылы алғаш рет ЖИ саласында жеті ұлттық стандарт бекітілді. Олар архитектураны, деректерді, тәуекелдерді басқаруды және құпиялылықты қамтиды. 2026 жылы әзірлемелердің технологиялық дайындығын бағалауды, зерттеулерді цифрландыруды және ғылыми деректермен жұмыс істеу қағидаттарын қарастыратын «Ғылыми зерттеулер және өндіріске қою» стандарты қабылданды.

Айта кетейік, бүгінде Нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай қоры 76 174 құжатты құрайды, оның ішінде 9 789 ұлттық стандарт бар. Ұлттық стандарттардың қолданылу деңгейі 74%-ды құрайды.

 

Техникалық реттеу және метрология
14 октября 2026
Шұбаттан камелчиноға дейін: Қазақстанда түйе сүтіне арналған стандарт әзірленді

Қазақстанда пастерленген түйе сүтіне арналған ұлттық стандарт бекітілді. Стандарт өнімге қойылатын бірыңғай талаптарды белгілеп, отандық кәсіпорындардың өнім түрлерін кеңейтуіне және экспортты дамытуына бағытталған. Құжат 2026 жылғы 1 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.

«Пастерленген түйе сүті. Техникалық шарттар» деп аталатын ҚР СТ 4050-2026 стандарт Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының 2026 жылғы 11 қыркүйектегі № 41-НҚ бұйрығымен бекітілді.

Құжатты 2026 жылға арналған Ұлттық стандарттау жоспары аясында «ҚазСтандарт» РМК әзірледі. Өтінім беруші — «Антиген» ғылыми-өндірістік компаниясы» ЖШС.

Қазақстанда түйе сүті дәстүрлі түрде шұбат пен қымыран сияқты ашытылған сүт сусындарын дайындау үшін қолданылады. Соңғы 15–20 жылда оған деген әлемдік қызығушылық артып, одан өндірілетін өнім түрлері көбейді.

Түйе сүтінен балмұздақ пен конфитюр өндіріледі. Сондай-ақ ол кофеге қосылады. Мысалы, капучиноның бір түрі — камелчино дайындау үшін пайдаланылады. Мұндай өнімдерді өндіруде пастерленген түйе сүті қолданылады.

Жаңа стандарт өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне, таңбалануына, қапталуына, тасымалдануына және сақталуына қойылатын талаптарды белгілейді. Сонымен қатар құжатта ортақ терминология, өнімдерді жіктеу және олардың сипаттамаларын бағалауға арналған көрсеткіштер айқындалған.

Стандартты қолдану өндірушілерге ішкі және сыртқы нарықтарға арналған өнім түрлерін кеңейтуге мүмкіндік береді. Экспортты дамытудың перспективалы бағыттары ретінде Еуразиялық экономикалық одақ елдері, Қытай және Таяу Шығыс мемлекеттері қарастырылып отыр.

Бірыңғай талаптар қазақстандық өндірушілерді қолдауға және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Бұл бағытты дамыту экспорттық өнім түрлерін көбейтіп, өнімдердің шетелде танымалдығын арттыруға да мүмкіндік береді.

 

12 октября 2026
Қазақстанның барлық өңірінде «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өтуде

19 қыркүйектен бастап Қазақстанның барлық облысында отандық өндірушілерді қолдау және халықты қолжетімді азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіліп келеді. Алғашқы үш аптада 13 мың тоннадан астам өнім сатылды. Жәрмеңкелер демалыс күндері ұйымдастырылып, жыл бойы тұрақты түрде жалғасады.

Тек осы аптада еліміздің түкпір-түкпірінде ұйымдастырылған жәрмеңкелерде 3,5 мың тонна азық-түлік өнімі ұсынылды. Оның негізгі бөлігін көкөністер мен бақша дақылдары – 1,7 мың тонна, ет және ет өнімдері – 785 тонна, сүт өнімдері – 285 тонна құрайды. Сонымен қатар сауда орындарында құс еті, балық, жеміс-жидек, бакалея өнімдері, ұн, нан, макарон өнімдері және басқа да азық-түлік тауарлары сатылуда.

Отандық фермерлердің өнімдерін тікелей жеткізу және делдалдар санын қысқарту нәтижесінде жәрмеңкелердегі бағалар нарықтағы орташа бағадан шамамен 20%-ға төмен. Сонымен қатар мұндай сауда алаңдары еліміздің әр өңіріндегі ауыл шаруашылығы өндірушілеріне өз өнімдерін сатуға, тұтынушылармен тікелей байланыс орнатуға және өңіраралық сауда қатынастарын дамытуға мүмкіндік береді.

Осы демалыс күндері Астана тұрғындары мен қонақтары Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылығы өндірушілері ұсынған өнімдерді сатып ала алады. Елордаға 600 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі жеткізілді. Оның ішінде Түркістан облысынан 60 тонна ет және ет өнімдері, 260 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, сондай-ақ 60 тоннадан астам сүт және сүт өнімдері әкелінді. Ал Батыс Қазақстан облысының өндірушілері 50 тоннаға жуық ет және ет өнімдерін, 80 мың дана жұмыртқа, 11 тонна балық өнімдерін және басқа да ауыл шаруашылығы тауарларын ұсынады.

Елордада осындай жәрмеңкелерді өткізу өңірлік өндірушілер үшін өнім өткізудің қосымша мүмкіндіктерін қалыптастырып, өңіраралық сауда байланыстарын нығайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар халықтың сапалы отандық өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алуына жағдай жасайды.

Сыртқы сауда қызметі
08 октября 2026
Қазақстан мен Италия сауда-экономикалық және өнеркәсіптік ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады

Рим, 2026 жылдың 7 қазаны – Италия Республикасына жұмыс сапарымен барған Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Өнеркәсіптік және экономикалық ынтымақтастық пен алмасу жөніндегі қазақстан-итальян үкіметаралық жұмыс тобының 10-отырысын өткізді. Сондай-ақ итальяндық компаниялар мен іскерлік бірлестіктердің басшыларымен бірқатар кездесу өтті.

Жұмыс тобының отырысында итальяндық тарапты Италия Республикасы Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрінің орынбасары Эдмондо Чириелли басқарды. Тараптар бұрын қол жеткізілген келісімдердің орындалу барысына шолу жасап, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелерін талқылады. Басты назар өзара саудамызды әртараптандыруға, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға, сондай-ақ энергетика, көлік пен логистика, агроөнеркәсіп кешені және басқа да болашағы зор салалардағы өзара іс-қимылға аударылды.

2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауданың жалпы көлемі шамамен 16,9 млрд АҚШ долларын құрады. 2026 жылдың қаңтар–шілде айларында тауар айналымы 9,79 млрд долларға жетті. Оның ішінде Қазақстанның экспорты шамамен 9 млрд доллар, Италиядан импорт 789,6 млн доллар болды. Сонымен қатар итальяндық өнімнің Қазақстанға жеткізілімі 13,5%-ға өсті.

Тараптар басты міндеттердің бірі ретінде өзара саудаға одан әрі әртараптандыруды және қосылған құны жоғары өнімнің жеткізілімін арттыруды атап өтті. Қазақстан тарапының бағалауынша, отандық өнімнің Италия нарығына қосымша экспорттау әлеуеті шамамен 307,5 млн АҚШ долларын құрайды. Ең мол мүмкіндік металлургия, мұнай-химия, тамақ және химия өнеркәсібінде, машина жасауда және басқа да салаларда бар.

Іскерлік байланысты дамытудың маңызды практикалық құралы ретінде 2026 жылдың ақпанында Алматыда ашылған Қазақстан-Италия сауда үйі атап өтілді. Бұл алаң экспортты ілгерілетуге, инвестициялық жобаларды сүйемелдеуге, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға және екі елдің бизнесі арасында тікелей байланыс орнатуға бағытталған.

Инвестициялық ынтымақтастыққа бөлек екпін жасалды. Бірлескен жобаларды ілгерілету үшін тараптар «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін пайдалануға, сондай-ақ екі елдің қаржы институттары мен іскер топтарының арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделі екенін білдірді.

Орта Азия мен Еуропаны жалғайтын сенімді әрі тиімді мультимодальды дәліз ретінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) дамытуға да көп көңіл бөлінді. Қазақстан итальяндық теміржол және логистикалық компанияларды Ақтау мен Құрық порттарының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, бірлескен жобаларға қатысуға шақырды. Энергетика саласында тараптар дәстүрлі бағыттар бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін растады.

Агроөнеркәсіп кешенінде өсімдік шаруашылығы, астық өңдеу және мал шаруашылығы салаларындағы өзара іс-қимылдың болашағы талқыланды. Тараптар локализация деңгейін арттыру және құрамдас бөлшектер базасын дамыту бойынша жұмысты жалғастыруға келісті. Мақсат – қазақстандық құрамдас бөлшектерді жаһандық жеткізу тізбегіне кіргізу.

Сонымен қатар тараптар экология мен су ресурстарын орнықты басқару, туризм мен спорт, мәдениет пен білім салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге келісті. Климаттық бастамаларға, энергия тиімділігіне, декарбонизацияға, су ресурстары саласына заманауи инженерлік және цифрлық шешімдерді енгізуге, сондай-ақ кәсіби және білім беру алмасуларын дамытуға ерекше назар аударылатын болады.

Үкіметаралық жұмыс тобының күн тәртібін практикалық тұрғыда жалғастырған сапардың іскерлік бағдарламасы болды. Итальяндық компаниялармен келіссөздердің басты тақырыбы – Қазақстан мен Италия бизнесінің практикалық өзара іс-қимылын кеңейту болды. Бұған қазақстандық өнімді ілгерілетуден және тікелей коммерциялық байланыс орнатудан бастап, инвестиция мен технология тартуға, бірлескен жобаларды іске асыруға дейінгі мәселелер кірді.

Келіссөздердің едәуір бөлігі итальяндық және еуропалық бизнесті Қазақстандағы инвестициялық және өнеркәсіптік жобаларды іске асыруға тартуға арналды. Blacktrace және Value Partners өкілдерімен нақты жобалар пулын қалыптастыру, оларға инвесторларды, технологиялық және инжиниринг серіктестерін тарту мүмкіндіктері қаралды. Перспективалы бағыттар қатарында сын материалдар мен сирек жер металдарын терең өңдеу, Орта дәліздің логистикалық инфрақұрылымын дамыту, су үнемдеу технологиялары, деректерді өңдеу орталықтары және жасанды интеллект инфрақұрылымы аталды.

Сонымен бірге қазақстандық тарап инвестиция мен мердігер ұйымдарды тартуға ғана емес, сондай-ақ өндірістік кооперацияны тереңдетуге де мүдделі екенін жеткізді. Атап айтқанда, инженерлік құзыреттер мен технологияларды локализациялауға, отандық мердігерлердің қатысуына, кадр даярлауға және қазақстандық үлесті бірте-бірте арттыруға мән берілді. Келесі практикалық қадам ретінде бірнеше пилоттық жобаны анықтап, олар бойынша ынтымақтастықтың нақты модельдерін қалыптастыру ұсынылды.

Іскерлік бағдарламаның тағы бір маңызды бағыты – қазақстандық өндірушілердің Италия нарығына шығуының жаңа арналарын құру болды. Crai Mediterranea компаниясымен келіссөз барысында қазақстандық азық-түлік өнімін итальяндық бөлшек сауда желілеріне тікелей жеткізу мүмкіндігі қаралды.

Перспективалы санаттар қатарында өсімдік майлары, бал, кондитерлік, дәнді және ұн өнімдері, бұршақ тұқымдастар мен органикалық тауарлар аталды. Практикалық тетік ретінде жекелеген дүкендерде қазақстандық өнімнің пилоттық сөресін іске қосып, кейін Gruppo CRAI желісі арқылы жеткізілімді кеңейту ұсынылды. Сондай-ақ қазақстандық кәсіпорындардың итальяндық топтың өзінің сауда белгілерімен өнім шығару мүмкіндігі де талқыланды.

Экспорт тақырыбы ASSOEBIOS ұйымымен келіссөзде жалғасты. Ұйым орнықты биосұйықтықтар саласындағы итальяндық электр энергетикасы операторларының мүддесін білдіреді. Итальян тарапы қазақстандық ауыл шаруашылығы шикізатын кейіннен өңдеп, биоэнергетикада пайдалану үшін сатып алуға қызығушылық танытты. Күнбағыс, рапс және олардың өңдеу өнімдерін, оның ішінде өсімдік майларын қоса алғанда, майлы дақылдарды жеткізуге мүмкіндік бар.

Ірі инвестициялық және экспорттық бастамалармен қатар, Қазақстан нарығына жаңа технологиялық бизнес-модельдерді шығару мүмкіндіктері де талқыланды. CoolXp компаниясымен Қазақстанды компанияның Орталық Азиядағы бизнесін кейіннен ауқымдау үшін пилоттық нарық ретінде пайдалану перспективасы қаралды. Бірінші кезеңде жабдықты Астана мен Алматыда сынақтан өткізу, одан әрі қажетті көлемге жеткенде сервистік қызмет көрсетуді, шығыс материалдарын және жекелеген құрамдас бөлшектерді кезең-кезеңімен локализациялауды қарастыру ұсынылды.

Екі елдің кәсіпкерлері арасындағы жүйелі өзара іс-қимыл мәселелері Италия-Қазақстан сауда палатасының басшылығымен де талқыланды. Тараптар тікелей іскерлік байланысты кеңейтудің, қазақстандық компанияларға Италия нарығына шығуға жәрдемдесудің және Қазақстан мен Италияның бизнес қауымдастықтары арасындағы байланысты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар аталған бастамаларды практикалық арнаға көшіруге келісті. Атап айтқанда, нақты жобалар мен әлеуетті серіктестерді айқындау, компаниялар арасында тікелей келіссөз ұйымдастыру және ынтымақтастықтың мүмкін форматтарын пысықтауды жалғастыру көзделіп отыр. Сауда және интеграция министрлігі QazTrade-пен бірлесіп, қол жеткізілген келісімдерді одан әрі жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдармен, даму институттарымен және қазақстандық бизнеспен қажетті байланыс орнатуға жәрдемдесуге дайын.

Еуразиялық экономикалық одақ
Көпжақты ынтымақтастық
06 октября 2026
ЕАЭО мен БАӘ арасындағы экономикалық әріптестік туралы келісім күшіне енді

2026 жылғы 6 қазанда Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы экономикалық әріптестік туралы келісім күшіне енді (бұдан әрі – Келісім).

Анықтама ретінде: Келісімге 2025 жылы 27 маусымда Санкт-Петербург қаласында қол қойылды.Келісім Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 
8 шілдедегі № 338-VIII ҚРЗ Заңыменратификацияланды.


Келісімнің негізгі мақсаты – тауарноменклатурасының 85%-дан астамына қатысты импорттық кедендік баждарды өзара алып тастау және азайту, сондай-ақ тараптар арасындағы сауданы жеңілдету болып табылады.

Әмірлік нарығының ашылуы қазақстандық экспорттаушыларға БАӘ-ге ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп өнімдерінің мынандай санаттарын бажсыз жеткізуге мүмкіндік қамтамасыз етеді: қой еті, кептірілген бұршақ көкөністері, тауық еті, ІҚМ еті, басқа да 
азық-түлік өнімдері, қант қосылған минералды су, бидай ұны, кондитерлік өнімдер, өнеркәсіп тауарлары үшін: мұнай және мұнай өнімдері, тазартылған мыс, ыстықтай илектелген жалпақ прокат, суықтай илектелген жалпақ прокат, шыбықтар, крандар, клапандар, клапандар, МТС бөлшектері, сорғылар және т.б.

Импорттық кедендік баждардың күшін жою мен төмендетуден басқа, Келісімде кедендік ынтымақтастық, сауданы қорғау шаралары, тауарлардың шығу тегін айқындау, СТҚ, СФС, зияткерлік меншік туралы ережелер, сондай-ақ құқықтық және институционалдық мәселелер бойынша тиісті тараулар және салалық ынтымақтастықты дамыту, шағын және орта бизнестің, электронды сауданың және 
т.б. салалардағы уағдаластықтар қарастырылған. 

Сауданың толық форматты преференциялық режимін қалыптастыру, келісім аясындағы мәселелердің кең ауқымын реттеу өзара сауданың әлеуетін іске асыруға және Қазақстанның БАӘ-мен сауда-экономикалық қатынастарын сапалы жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.

Толығық мәтіні https://eec.eaeunion.org сайтында қолжетімді.

Сауда-экономикалық даму
06 октября 2026
Қазақстанның трансшекаралық хабтары сауда мен логистиканың жаңа орталықтарына айналуда

Қазақстанда трансшекаралық сауда-логистикалық хабтарды құру жұмысы біртіндеп жобалау кезеңінен нақты нәтижелерге көшуде. Бүгінде әңгіме тек шекара маңындағы инфрақұрылымды қалыптастыру туралы емес, сонымен қатар өндірістік нысандар салу, инвестиция тарту, жаңа логистикалық қуаттарды іске қосу және алғашқы жүк ағындарын қалыптастыру туралы болып отыр. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Қазақстанның Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Қытай және Каспий өңірі елдерімен сауда байланыстарын нығайтуға тиіс бес негізгі хаб бойынша жұмыстынуда. Оларды дамыту бизнес үшін логистиканы жеңілдетіп, шикізаттық емес экспорт көлемін 30%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Бұл бағыттағы динамика шығыс бағытында айқын көрінеді. «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-да жобалар саны 2022 жылдан бері 14-тен 69-ға дейін өсті, ал тартылған инвестициялар көлемі 340 млрд теңгеден 652,8 млрд теңгеге дейін артты. Қазіргі уақытта мұнда 75 млрд теңгеге 40 жоба іске асырылып жатыр. Олар 864 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Тек 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында инвестиция көлемі 9,3 млрд теңгені құрайтын және 230 жұмыс орнын ашатын тағы 9 жаңа қатысушы тіркелді. Осы кезеңде өндірілген өнім көлемі 12,7 млрд теңгеге жетіп, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 74%-ға артты.

«Қорғас» инфрақұрылымының өзі де өзгеріп келеді. АЭА аумағында жылына 540 мың контейнер қабылдай алатын құрғақ порт және ауданы 25 мың шаршы метр болатын «А» санатындағы қойма кешені жұмыс істеп тұр. Тағы екі ірі логистикалық жоба жобалау кезеңінде. 2028 жылға дейін мұнда 577,7 млрд теңгеге 28 жобаны іске асырып, шамамен 2,8 мың жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Ірі бастамалардың қатарында құны 330 млрд теңгені құрайтын «Қазақстан-Қытай халықаралық индустриялық қаласы» индустриялық паркі және құны 250 млрд теңге болатын халықаралық жүк-жолаушылар әуежайы бар.

Қазақстанның оңтүстігінде де жобалар практикалық іске асыру кезеңіне өтуде. «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығында ауданы 100 гектар аумақты қоршау жұмыстары аяқталып, ішкі жолдар мен инженерлік инфрақұрылым салынуда. Сыртқы құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды, қазір іске қосу-баптау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ішкі инженерлік инфрақұрылымның 55%-ы дайын, жұмыстарды 2026 жылғы желтоқсанда аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар әкімдік сегіз өндірістік ғимараттың құрылысын толық аяқтады. Орталық аумағында іске асырылатын инвестициялық жобалар пулы 89,4 млрд теңге көлемінде қалыптастырылды. Құны 75,3 млрд теңге болатын ірі жобалардың бірі – индустриялық парк бойынша құрылыс жұмыстары басталып кетті.

Жамбыл облысында Индустриялық сауда-логистикалық кешен жобасы 2026 жылғы сәуірде арнайы экономикалық аймақ мәртебесіне ие болды. Кешенді орналастыру үшін ауданы 165 гектар жер учаскесі белгіленіп, инженерлік желілерге қосу бағдарламасы әзірленді. Биыл бірінші кезектегі қосалқы станцияның құрылысы басталды. Осы мақсатқа қарастырылған 12 млрд теңгенің шамамен 4 млрд теңгесі 2026 жылы бөлінді, қалған қаражатты келесі жылы бағыттау жоспарланып отыр. Сонымен қатар кешеннің аумағы мен инфрақұрылымын дайындау жұмыстары жалғасуда.

Батыс бағытында да белсенді даму жүріп жатыр. Батыс Қазақстан облысындағы «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығы 281 гектар аумақты алып жатыр. Мұнда газбен, электр желілерімен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерімен қоса, сыртқы инженерлік инфрақұрылымның бір бөлігі тартылып болды. Индустриялық аймақта асфальтбетон өндіру, автомобиль шиналарын қайта өңдеу, газобетон бұйымдарын шығару және газтурбиналық электр станциясын салу жобалары іске асырылуда. Сонымен қатар инвестиция тартуға және өндірісті оқшаулауға қосымша жағдай жасауға тиіс «Еуразия» АЭА-сын құру мәселесі пысықталуда.

Каспий бағытында да өзіндік оң динамика қалыптасып отыр. Ақтау портында Ақтау халықаралық контейнерлік хабының практикалық жұмысы басталды: 2026 жылғы 14 шілдеде алғашқы контейнерлік пойыз қабылданды. Бүгінде 233 контейнер немесе 444 ДФЭ қабылданды. Жоба кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Перспективада бұл порттың контейнерлік жүктерді өткізу қуатын қазіргі 70 мың ДФЭ-ден жылына 240 мың ДФЭ-ге дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Каспий көлік торабындағы тағы бір ірі нысан – ЕРСАЙ индустриялық портының контейнерлік терминалы. Оның құрылыс дайындығы шамамен 85%-ды құрайды. Ұзындығы 10 шақырым болатын портішілік теміржол жолдарының құрылысы аяқталды, қазір контейнерлік алаң мен кран асты жолдарын салу жұмыстары аяқталуға жақын. Терминалды 2026 жылғы 1 қазанда пайдалануға беру жоспарланған. Жоба толық қуатына шыққаннан кейін жылына 120 мың ДФЭ-ге дейін өңдеп, жыл сайын 300 кемеге дейін қабылдай алады. Жобаға тартылған жеке инвестициялар көлемі 15 млрд теңгеден асады.

Осылайша, бес трансшекаралық хаб біртіндеп Қазақстан бизнесін көршілес елдердің ірі нарықтарымен байланыстыратын бірыңғай инфрақұрылымдық жүйені қалыптастырып келеді. Кейбір нысандарда өндірістік кәсіпорындар жұмыс істеп тұр, кей жерлерде алғашқы контейнерлік пойыздар қабылдануда, ал бірқатар аумақта инженерлік инфрақұрылымды аяқтап, жаңа нысандардың құрылысын бастау жұмыстары жүргізілуде. Келесі кезең – жобаларды толық қуатына шығару, инвесторлар пулын кеңейту және Қазақстан шекарасы арқылы өтетін сауда мен транзит көлемін одан әрі ұлғайту.

05 октября 2026
Қазақстанда үшінші апта қатарынан «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өтіп жатыр

Қазақстанда үшінші апта қатарынан «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өтіп жатыр. Сауда және интеграция министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған жәрмеңкелерде отандық фермерлер өз өнімдерін делдалсыз тікелей тұтынушыларға ұсынады.

Осы аптада республика бойынша жәрмеңкелерге 7 568 тонна ауыл шаруашылығы өнімі шығарылды. Оның ішінде Астанада 400 тоннадан астам өнім ұсынылады.
Осы демалыс күндері елордада Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының шаруалары өз өнімдерін ұсынады.

Жәрмеңкелерде өнім бағасы тиімді. Өткен аптада бірқатар тауарлары нарықтағы бағадан 15-20 пайызға арзан сатылды. Мәселен, Астанада сиыр және жылқы етінің келісі 3 500 теңгеден ұсынылса, Қостанайда сиыр еті 3 200–3 500 теңге, жылқы мен қой еті 3 мың теңгеден басталды.

Жәрмеңкелерде ет, сүт өнімдері, көкөніс пен жеміс-жидек, балық, дәнді дақылдар және басқа да отандық өнімдер ұсынылады. Ет өнімдеріне сұраныс жоғары.

«Дала дәмінің» басты ерекшелігі — фермерлердің өнімдерін тікелей сатуы. Сауда орындары жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілеріне тегін беріледі.

Жәрмеңкелер еліміздің барлық өңірінде әр демалыс сайын жалғасады.

03 октября 2026
ҚР СИМ бұйрығының жобасын орналастыру туралы

Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Шартты шығаруға жол берілмейтін тауарлар тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 21 шілдедегі № 441 қаулысына толықтыру енгізу туралы қаулысының жобасы (бұдан әрі – қаулының жобасы) ресми интернет-ресурста және «Ашық НҚА» интернет-порталында орналастырылғанын хабарлайды.

Қаулының жобасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 31 тамыздағы № 585 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік шекарадағы заңсыз сауда айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспардың 4-тармағын орындау мақсатында әзірленді, оған сәйкес жекелеген санаттағы көлік құралдарын әкелу кезінде тыйымдар мен шектеулердің сақталуын бақылауды күшейтуге бағытталған қосымша шараларды қабылдау көзделеді.

Қаулының жобасында шартты шығаруға жол берілмейтін тауарлар тізбесіне мотокөлік құралдарын (мопедтерді, мотовелосипедтерді, мокиктерді) енгізу көздейді.

Жоба 2026 жылдың 1 қазаннан бастап 2026 жылдың 15 қазанына дейін «Ашық НҚА» интернет-порталында талқылауға қолжетімді.

Барлық мүдделі тұлғаларды талқылауға қатысуға шақырамыз: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15923032.

 

Сыртқы сауда қызметі
Экспортты дамыту
01 октября 2026
2026 жылдың 1 қазанында Астанада Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Моңғолия үкіметаралық комиссиясының 10-отырысы өтті.

2026 жылдың 1 қазанында Астанада Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Моңғолия үкіметаралық комиссиясының 10-отырысы өтті.

Отырыс барысында тараптар екіжақты сауданың қазіргі жағдайын талқылап, өзара тауар айналымын одан әрі ұлғайтуға бағытталған шараларды талқыланды.

Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова жыл басынан бері Қазақстан мен Моңғолия арасындағы өзара іс-қимылдың айтарлықтай жанданғанын атап өтті. Оның айтуынша, сегіз айдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен 77 млн АҚШ долларын құраған.

Бұл ретте сауда көлемін одан әрі арттыру үшін биыл тараптар қажетті құқықтық, сауда және қаржылық тетіктерді қалыптастыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізді.

Сол жұмыстың маңызды нәтижелерінің бірі – 22 шілдеде ЕАЭО мен Моңғолия арасындағы Уақытша сауда келісімінің күшіне енуі. Келісім аясында 367 тауар позициясына преференциялық шарттар қарастырылған. Бұл, өз кезегінде, Қазақстанның ауыл шаруашылығы, машина жасау, металлургия және химия өнеркәсібі өнімдерінің Моңғолия нарығына экспортын ұлғайтуға қосымша мүмкіндік береді.

Сауда мүмкіндіктерін кеңейтумен қатар, қазақстандық өнімдерді Моңғолия нарығында тұрақты түрде ілгерілетуге қажетті инфрақұрылым да қалыптастырылып жатыр. Осы бағытта биыл Моңғолияның ірі серіктестерімен бірнеше келісімге қол қойылды.

Сол келісімдердің бірі Mon-Kaz Trade & Investment Hub компаниясымен жасалды. Келісім аясында Ұлан-Батыр қаласында Made in Kazakhstan брендімен сауда алаңын іске қосуға дайындық жүргізілуде. Онда қазақстандық өнімдер тұрақты негізде ұсынылатын болады.

Қазақстандық тауарлардың Моңғолия нарығына шығуын кеңейту үшін сауда инфрақұрылымымен қатар, қаржыландыру тетіктерін дамыту да маңызды. Осыған байланысты сауда саласын қаржыландыруға ерекше назар аударылды. Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі Моңғолияның Trade and Development Bank банкіне 33 млн АҚШ доллары көлемінде лимит бекітті.

Қазіргі уақытта осы тетік аясында жалпы құны шамамен 21 млн АҚШ долларын құрайтын қазақстандық теміржол жартылай вагондарын жеткізу бойынша үш мәміле пысықталып жатыр. Сонымен бірге Моңғолияның басқа да банктерімен бірлескен жобаларды қаржыландыру мүмкіндіктері қарастырылуда.

Өзара сауданы кеңейту үшін қаржыландыру құралдарын екі бағытта да пайдалану маңызды. Осыған орай Қазақстан тарапы отандық бизнеске моңғол өнімдерін неғұрлым тиімді шарттармен сатып алуға мүмкіндік беретін кері қаржыландыру тетігін пысықтауды ұсынды. Мұндай тетік екі ел арасындағы тауар жеткізілімдерін ұлғайтуға және сауда қаржыландыруының қолданыстағы мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға жол ашады.

Сауда көлемін арттырумен қатар, өзара тауар жеткізілімдеріндегі техникалық кедергілерді азайту бойынша да нақты қадамдар жасалуда. Осы бағытта 28 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті мен Моңғолияның Стандарттау және метрология агенттігі арасында Меморандумға қол қойылды. Құжат өзара саудадағы рәсімдерді жеңілдетуге және техникалық кедергілерді азайтуға бағытталған.

Екі ел арасындағы сауда көлемін ұлғайтуда көлік-логистикалық байланыстардың да маңызы зор. Сондықтан отырыс барысында көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қазақстан тарапы Моңғолияның сауда бағыттарын жетілдіру, Қытай аумағы арқылы тасымалдауды дамыту және логистикалық шығындарды азайту жөніндегі бастамаларын қолдады.

«Биыл біз бірлесіп үлкен дайындық жұмысын жүргіздік. Сауда, қаржылық және ұйымдастырушылық тетіктер құрылды. Ендігі ортақ міндетіміз – оларды нақты мәмілелермен толықтырып, жаңа келісімшарттар жасасу және өзара тауар айналымының өсімін қамтамасыз ету», – деп атап өтті Айжан Бижанова.

Қазақстан тарапы бірлескен сауда жобаларын ілгерілету бойынша практикалық жұмысты жалғастыруға және Моңғолия бизнесіне Қазақстан нарығында қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

01 октября 2026
Қазақстанда қыркүйек айында азық-түлік инфляциясы 8,5%-ды құрады

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың қыркүйегінде Қазақстандағы жылдық инфляция 9,3%-ды құрады. Оның ішінде азық-түлік тауарларының бағасы 8,5%-ға өскен. Ал айлық инфляция тамыз айындағы деңгейде сақталып, 0,6%-ды құрады.

Сонымен бірге қыркүйек айында бірқатар азық-түлік тауарларының бағасы төмендеді. Мәселен, пияздың бағасы – 20,7%-ға, лимон – 13,9%-ға, сәбіз – 13,6%-ға, картоп – 13,4%-ға, баялды – 11,2%-ға, қырыққабат – 10,1%-ға арзандады. Бұдан бөлек, тәтті бұрыш, алма, алмұрт, сарымсақ және банан бағасы да төмендеді. Балалар тағамына арналған жармалар 6,1%-ға, ал қант 1,3%-ға арзандаған.

Жекелеген жеміс-көкөніс өнімдері бойынша бағаның төмендеуі жылдық көрсеткіштен де байқалады. Соңғы бір жылда алманың бағасы 11,1%-ға, лимон 8,3%-ға, қызылша 6,9%-ға, қырыққабат 6,1%-ға, банан 5,6%-ға, тәтті бұрыш 3,9%-ға төмендеді.

Азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында Сауда және интеграция министрлігі бірқатар жүйелі шараларды жүзуде. Негізгі бағыттар – нарықтағы тауар ұсынысын жеткілікті деңгейде ұстап тұру, өнімдерді өндірушілерден тікелей жеткізуді, артық делдалдарды қысқарту және сауда үстемелерінің белгіленген шектен аспауын бақылау.

Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері тікелей жеткізу тетігі арқылы ішкі нарыққа шамамен 33,2 мың тонна картоп, 13,9 мың тонна сәбіз, 4,7 мың тонна пияз және 177,7 тонна ақ қырыққабат жеткізілді. Бұл өнімдердің негізгі көлемі Қытайдан, Өзбекстаннан және өңірдегі басқа да елдерден жеткізілді.

Бағаны тұрақтандырудың тағы бір тетігі ретінде тұрақтандыру қорлары мен «айналым схемасы» қолданылып отыр. Сонымен қатар өңірлік комиссиялар өнімсіз делдалдарды анықтау және жеткізу тізбегінен шығару бойынша жұмыстануда. Жыл басынан бері 816 отырыс өткізіліп, 3 391 заңбұзушылық фактісі анықталды. Соның нәтижесінде жеткізу тізбегінен 222 өнімсіз делдал шығарылды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген 15%-дан аспайтын сауда үстемесінің сақталуы да тұрақты бақылауда. Жыл басынан бері белгіленген шекті мөлшерден асып кеткен жағдайлар бойынша 3 610 әкімшілік қаулы шығарылды.

Өндірушілер мен жеткізушілердің шығындарын азайту үшін қосымша шаралар да қолға алынуда. Атап айтқанда, маусым айынан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын, сондай-ақ ұн тарту және нан пісіру кәсіпорындарына арналған бидайды теміржол арқылы тасымалдауға төмендету коэффициенті енгізілді. Оның арқасында тасымалдау құны 40%-ға дейін төмендейді.

Бұған қоса, әлеуметтік маңызы бар тауар өндірушілері бағаны тұрақтандыру бойынша міндеттемелер алған жағдайда, олар үшін электр энергиясының тарифін төмендету мүмкіндігі қарастырылған.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жұмысы жалғасуда. Бұл ретте азық-түлік инфляциясына барынша әсер ететін негізгі тауарларға және ішкі нарықты қажетті өнімдермен тұрақты әрі үздіксіз қамтамасыз етуге басымдық берілуде.

Социальные сети
Facebook
Telegram
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы