Шымкент қаласында қалаларды абаттандыру мен көгалдандырудың заманауи тәсілдері талқыланды

Шымкент қаласында қалаларды абаттандыру мен көгалдандырудың заманауи тәсілдері талқыланды

Шымкент қаласында қалалар мен облыстардың бірінші басшыларының қатысуымен қалаларды кешенді түрде абаттандыру және көгалдандыру мәселелеріне арналған республикалық семинар-кеңес өтті. Іс-шара аясында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков жұмыс сапарымен Шымкент қаласына барып, семинар жұмысына қатысты.

Семинар барысында қатысушылар қалалық жайлы ортаны қалыптастыру бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалармен және үздік тәжірибелермен танысты. Бағдарлама аясында қаланың негізгі нысандарына бару жоспарланған болатын, оның ішінде: «Шымкент сити» паркі, Дендропарк, Жібек жолы көшесіндегі аллея, «Қазақ-Түрік» аллеясы, Қошқар-ата өзенінің абаттандырылған аумағы, сондай-ақ Әйтеке би көшесіндегі ғимараттардың қасбеттері.

Бағдарламаның қорытынды бөлігі ретінде «Қалаларды кешенді түрде абаттандыру және көгалдандыру» тақырыбында пленарлық отырыс өтті. Пленарлық отырысқа мемлекеттік органдар мен қалалық қызметтердің өкілдері баяндама жасап қатысты.

Кеңес барысында қалалық ортаны абаттандыру саласына инновациялық шешімдерді енгізу, өңірлер арасындағы тәжірибе алмасу, сондай-ақ қалаларды көгалдандыру және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру бойынша алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды.

Мұндай семинарлар өңірлер арасындағы өзара ынтымақтастықты дамытуға және еліміз бойынша жаңа сапалы қалалық инфрақұрылымды қалыптастыруға септігін тигізеді.