Бизнес ортаға теріс әсер ететін талаптарға қатысты «реттеуші гильотина» әдісі қолданылатын болады

Бизнес ортаға теріс әсер ететін талаптарға қатысты «реттеуші гильотина» әдісі қолданылатын болады

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптар тізілімі қолданысқа енгізіледі. 

Бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы сарапшыларының қатысуымен Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеу саясатын енгізу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті.

Отырыс барысында кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара іс-қимыл қағидаттарын жетілдіру бойынша мемлекеттік бақылау саласындағы негізгі заңнамалық жаңалықтар, сондай-ақ «таза парақтан» реттеудің жаңа тәсілдеріне сәйкес реттегіш құралдарды қалыптастыру шарттары талқыланды.

Жұмыс тобының алдында ведомстволық реттеушілік актілерді қайта қарау және кейіннен оларды тиісті Тізілімге енгізу үшін кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын міндетті талаптардың тізбесін қалыптастыру бойынша үлкен жұмыс тұр.

Кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптар тізілімінде мемлекеттік органдар реттеушілік актілерге олардың жаңа реттеушілік саясатқа сәйкестігі тұрғысынан талдау жүргізуі тиіс мерзімдер айқындалатын болады.

Егер реттеуші орган белгіленген мерзімде реттеушілік актіге талдау жүргізбесе, онда мұндай актілердің күші жойылады не оларға өзгерістер енгізіледі (6 ай ішінде – заңдар бойынша; 3 ай ішінде – өзге де актілер бойынша).

Тиісінше, Тізілімнен шығарылған және мемлекеттік органмен ауыстырылмаған талаптарды бұзғаны үшін кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.

Іске асыру кезінде Тізілім бизнес ортаға теріс әсер ететін талаптарға қатысты «Реттеуші гильотина» әдісін қолдануға мүмкіндік береді.

Тізілім Мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдіру тексерулер мен жазадан құқық бұзушылықтардың алдын алуға көшуге, сондай-ақ тексерулер жүргізу кезінде адами факторды болдырмау мақсатында мемлекеттік бақылауды автоматтандыруға негізделген.