ИИДМ отандық мұнай-газ құрылғыларын өндірушілерге айрықша қолдау көрсетуге ниетті

ИИДМ отандық мұнай-газ құрылғыларын өндірушілерге айрықша қолдау көрсетуге ниетті

Елордада ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Энергетика министрлігі және қазақстандық ірі мұнай-газ операторларының қолдауымен форум өтті. Мұнай-газ саласындағы машина жасауды дамытуға арналған басқосуға ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Р. Скляр, Энергетика министрі Б. Акшолақов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Р. Баймишев, «Қазақстан машина жасаушылар одағы» басқармасының мүшесі П. Беклемишев қатысты. 

Форум аясында Мұнай-газ саласындағы машина жасауды дамытудың халықаралық орталығының таныстырылымы өтті. Орталық отандық мұнай-газ саласындағы құрал-жабдықтар мен машина жасау өндірісіне қолдау көрсету мақсатында құрылған. Шара барысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Руслан Баймишев ведомствоға IMB Орталықтың жұмысына байланысты үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын атап өтті. Себебі, қазіргі күнде отандық мұнай-газ саласында импорттық құрал-жабдықтарға деген жоғары тәуелділік байқалуда.

 «2021 жылдың қорытындысы бойынша шикізат өндірушілер жалпы сомасы 422,3 млрд теңге көлемінде тауар сатып алған. Сәйкесінше, бұл тараптағы жергілікті өнім үлесі бар болғаны 13,8 пайызды құрады. Мұнай-газ саласындағы машина жасауға арналған импорттық құрал-жабдықтарға жұмсалған қаржы көлемі 796 млрд теңгеден асып түседі. Жергілікті өнімдерді кеңінен тұтыну туралы бағдарламаға қарамастан, мұнай-газ саласындағы машина жасауда пайдаланылатын шетелдік өнімдердің үлесі азаймай отыр. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Мұнай-газ саласындағы машина жасауды дамытудың халықаралық орталығына үлкен үміт артылады», – деді Р. Баймишев.

Бүгінде аталған орталықта жекелей қосалқы бөлшектер мен агрегаттарды жасауда технологиялар трансферті мен өнімді құрастыру  бойынша мұнай-газ жабдықтарын шығаратын жергілікті және шетелдік өндірушілермен жұмыстар жүргізілуде. Осы ретте вице-министр ірі шикізат өнідірушілерді импортты алмастыру шаралары аясында орталықтың бастамаларына белсенді қолдау көрсетуге шақырды.

Сонымен қатар Руслан Баймишев ел экономикасын диверсификациялау және жоғары технологиялық өнімдер өндірісін құру мақсатында Қазақстанда өңдеу өнеркәсібі саласын кешенді дамытуға басымдық беріліп отырғанын айтты. Оның ішінде мұнай-газ саласындағы машина жасау өндірісі де бар.

 «Біз машина жасау саласын дамытуға мүдделі бизнес өкілдеріне жан-жақты көмек көрсетеміз. Осындай міндеттемелерді алуға, қаражатын техникалық жаңартуға және әлемдік нарыққа шығуға толығымен даяр кәсіпорындарға жан-жақты қолдау көрсетілетін болады», – деп атап өтті вице-министр.