Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан су-энергетикалық ведомстволары басшыларының кездесуі (14 мамыр 2025 ж.)

Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан су-энергетикалық ведомстволары басшыларының кездесуі (14 мамыр 2025 ж.)

2025 жылғы 14 мамырда Ташкент қаласында Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Өзбекстан Республикасының су-энергетика ведомстволары басшыларының жұмыс кездесуі өтті.

Келіссөздерге қазақстандық тараптан Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Аккенженов, Су шаруашылығы және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, сондай-ақ «KEGOC» АҚ және Жаңартылатын энергия көздерін қолдау бойынша есептік-финанстық орталықтың өкілдері қатысты.

Кездесу барысында тараптар 2025 жылдың екінші жартыжылдығында су-энергетикалық жүйелердің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Энергетикалық желілердің жұмыс кестесін келісу, шың кезеңдерде жедел әрекет ету тетіктері мен маусымаралық кезеңдегі жүйенің тұрақтылығын арттыру шараларына ерекше назар аударылды. Қатысушылар өнердегі су-энергетикалық тұрақты дамуды қамтамасыз ету мақсатында сындарлы және прагматикалық өзара іс-қимыл қағидаттарын ұстанатынын растады.

Жұмыс сапары аясында Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан Аккенженов Energy Week Uzbekistan шеңберінде өткен бірқатар маңызды іс-шараларға қатысты: «Өзбекстанның Мұнай және Газ – OGU 2025» 27-халықаралық көрмесі, «Энергетика, энергия үнемдеу, атом энергетикасы, баламалы энергия көздері – Power Uzbekistan 2025» 18-халықаралық көрмесі және Өзбекстанның 5-халықаралық энергетикалық конференциясы.

Анықтама үшін: Energy Week Uzbekistan аясындағы іс-шараларға 32 елден 400-ден астам компания қатысуда. Қазақстан Республикасынан 9 компания қатысып отыр, олар мұнай-газ, энергетика және инжиниринг салаларын таныстырады.

Сондай-ақ, Өзбекстанның 5-халықаралық энергетикалық конференциясына «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов пен «QazaqGaz» ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов қатысты.