Қарағанды облысында сұйық гуминді тыңайтқыш – натрий гуматын өндіру жолға қойылған. "Шұбаркөл көмір" кәсіпорнының жаңа өнімі барлық сынақтардан және сертификаттаудан өтіп, тіркеуден өтті.
Компания екі жыл бұрын гумин тыңайтқыштарын өндіруге арналған тәжірибелік-өнеркәсіптік қондырғыны ашты. Шикізат Шұбаркөл кен орнының тозған көмірі болып табылады.
"Бұл өндіріс бірден бірнеше мәселені шешуге мүмкіндік береді. Біріншіден, ұзақ уақыт бойы кәсіпорын аумағында жиналған тозған көмірді кәдеге жарату жөніндегі экологиялық мәселе шешіледі. Екіншіден, біз тыңайтқыштармен жаңа нарыққа - ауыл шаруашылығына шығамыз", - деп атап өтті компанияда.
Гуматтар топырақтың құнарлылығын арттыру және өсімдіктердің өсуін жақсарту үшін қолданылады.
Кәсіпорынның баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, жаңа өнімнің сапасы қазірдің өзінде отандық ауыл шаруашылығы өндірушілері тексерді. Өнеркәсіптік алаңға Қазақстанның фермерлік жылыжайлар қауымдастығының өкілдері келді.
Кәсіпорын өнім желісін кеңейтіп, гуминді тыңайтқыштардың тағы бір түрін - калий гуматын шығаруды жоспарлап отыр. Бұл өнімнің алғашқы сынақ партиясы Е. А. Бөкетов атындағы ҚарУ Биотехнология және экомониторинг зерттеу паркіне жіберілді. Ғалымдар тыңайтқыштың сапасы мен тиімділігін бағалайды.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев алдағы жылу кезеңіне дайындық жұмыстарын тексеруді жалғастыруда. Өңір басшысы Теміртаудағы ҚарГРЭС-1-ге барып, кеңес өткізді.
Электр станциясында екі қазандыққа (№9 және 11) және бір турбогенераторға (№8) ауқымды жөндеу жоспарланған. Сондай-ақ, бір қазандық (№10) күрделі жөндеуден өтеді. Жұмысты өз бетінше және мердігерлердің күшімен жүргізеді.
Жөндеу науқаны туралы аймақ басшысына ҚарГРЭС-1 директоры Сергей Кривов баяндады.
- №9 қазандық агрегаты бойынша жұмыстар 86% орындалды. Қазандықты 17 маусымда іске қосу жоспарлануда. Содан кейін бу құбыры мен қосалқы жабдықты ауыстыру үшін №11 қазандықты тоқтатамыз. Жылыту маусымына біз екі қазандықпен кіреміз. Бұл жеткілікті", - деді ол.
Отын қорын толықтыру жалғасуда.
Бүгінде КарГРЭС-1 ескі қала тұрғындарын жылу энергиясымен қамтамасыз етеді. Электр станциясының үздіксіз жұмысына 86 үй тәуелді.
Денсаулық сақтау министрлігі онкологиялық көмек көрсету мәселелері бойынша нөмірі 8 (7172) 570 950 болатын республикалық call-орталықтың жұмысын бастады.
Осы нөмірге хабарласып, онкологиялық көмектің қолжетімділігі мен сапасы мәселелері бойынша өтініш қалдыруға болады, оның ішінде емделуден және көмек көрсетуден бас тарту жағдайлары туралы хабарлауға болады.
Әрбір шағым мұқият қаралып, тиісті медициналық көмек көрсету бойынша шаралар қабылданатын болады.
Биыл Құрбан айт 16 маусымда басталып, үш күнге созылады. Қарағандыда құрбандыққа шалынған малды союға арналған орындар анықталды.
Қала әкімдігі үш алаң жұмыс істейтінін хабарлады:
- Резник көшесі, 18 ("Әбішева А. О." ЖК),
- Гоголь көшесі, 2/23 ("Арай KZ" ЖШС),
- С. Сейфуллин көшесі, 53 ("Хасенов" ШҚ).
Қарағандылықтарды ветеринариялық-санитариялық ережелерді сақтауға шақырады.
Сондай ақ құрбандыққа онлайн режимінде тапсырыс беруге болады qurban2024.kz.
Қарағандыда мүгедектер арбасын жөндеу және қызмет көрсету бойынша алғашқы инва ТҚКО ашылды. Енді проблемалар туындаған жағдайда, сырттан маман іздеудің қажеті жоқ. Қызмет көрсету орталығында олар қажет нәрсенің бәрін тегін жасайды, егер жөндеу кешіктірілсе, олар уақытша пайдалануға басқа арба береді.
- Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мүгедектер арбалары – мобильді болуға мүмкіндік беретін жалғыз көлік құралы. Егер ол бұзылса, айтарлықтай қиындықтар туындайды. Бұрын маған арбамның электронды бөлшектерін жөндеу үшін оларды Ресейге жіберуге тура келетін. Бұл ұзаққа созылып, ыңғайсыздық тудыратын. Кішігірім жөндеу жүргізу керек болса, көбіне дәнекерлеушілерге немесе шиномонтаж шеберлеріне жүгінетінмін. Бірақ барлығы дерлік келісе бермейді, - дейді облыс әкімінің мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі кеңесшісі Нияз Сүндетәлиев. - Өткен жылы мүгедектігі бар адамдардың атынан мен өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаевқа қалада сервистік орталық ашуды өтініп, жүгінген болатынмын. Міне, біздің өтінішімізге құлақ түрді, енді біз мұнда жөндеуге келеміз немесе шеберді үйге шақыра аламыз.
Сервистік орталық жыл сайын 300-ге дейін мүгедектер арбасына қызмет көрсетеді: ақауларды анықтау, оларды жедел түзетумен айналысады. Сондай-ақ, шеберханада құрғақ тазалауға немесе жаңа орындық тігуге тапсырыс беруге болады. Кеңесшілер сізге "темір тұлпарыңызға" қалай дұрыс күтім жасау керектігін және оның қызмет ету мерзімін ұзартуды үйретеді және көрсетеді. Инва ТҚКО мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс шеңберінде "тең - теңге" қағидаты бойынша жұмыс істейді.
- Қызмет көрсету орталығында мүгедектігі бар адамдар арбасыз қалудың қандай болатынын өз басынан өткерген, мүмкіндігі шектеулі шеберлер жұмыс істейтін болады. Біз барлығы 12 адамды жинадық, оның 8-і мүмкіндігі шектеулі жандар. Жөндеу мен техникалық қызмет көрсетуден бөлек, бізде арбаны дұрыс таңдау қызметі де бар. Сондай-ақ, мамандарымыз қажет болған жағдайда клиенттерге цифрлық қызметтерді алуға көмектеседі. Бұл біздің екінші филиалымыз, біріншісі сегіз жыл бұрын Астанада ашылған, жақсы жұмыс істеп жатырмыз, - деді "ДОС” Тәуелсіз өмір" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дина Есілдинова.
Ашылу салтанатында сыйлықтар да болды. Сервистік орталықтың құрылтайшылары параармрестлингтен әлем чемпионы Никита Ермаковқа және ерекше баланың анасы Гүлизар Ахметоваға екі заманауи мүгедектер арбасын табыс етті.
- Мен жалғызбасты анамын, Батыр есімді 12 жасар ұлымды тәрбиелеп отырмын, ол бала кезінен сал ауруымен ауырады. Жақында біздің кіреберісте тұрған қымбат арбамызды жас жігіттер бүлдірдіп кетті. Мен бұл туралы әлеуметтік желілерде жаздым, көптеген жақсы адамдар қол ұшын созуға дайын екенін айтып жатты. Есімін айтқысы келмеген бір меценат бізге серуендеуге арналған жаңа арба сыйлады. Ал бүгін қоғамдық бірлестік бізге үйде қолданатын тағы бір арба сыйлады. Мен өте ризамын, - деді Гүлизар Ахметова.
Инва ТҚКО Тәттімбет көшесі, 709 мекенжайында орналасқан. Келесі телефон нөмірі арқылы жөндеуге жазылуға немесе үйге шеберді шақыруға болады: +7 708 959 61 19.
Қарағанды облысында WorldSkills Karaganda - 2024 облыстық чемпионатының қорытындысы шығарылды. Биыл оған 300-ге жуық колледж студенттері қатысты. Жарыс 45 мамандық бойынша өткізілді. 125 адам жеңімпаз және жүлдегер атанды. Олардың 48-і бірінші орынға ие болды. Олар WorldSkills Kazakhstan - 2024 республикалық чемпионатының марапаты үшін таласады.
Облыстық чемпионаттың жабылу салтанаты Достық үйінде өтті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар, тәлімгерлеріне алғыс хаттар табысталды.
- Маған сайттар мен мобильді қосымшалар жасау ұнайды. Көптеген қызықты жобалар бар. Болашақта жаңа білім алып, тәжірибемді жетілдіріп, өз ісімді дамытқым келеді, - деп бөлісті чемпионатқа қатысушылардың бірі, Қарағанды техникалық-экономикалық колледжінің студенті Диас Шаймұхан.
WorldSkills негізгі мақсаты - жастардың кәсіби дағдыларын дамыту және жұмысшы кәсіптердің имиджін арттыру. Кәсіби шеберлік байқауы халықаралық деңгейдегі жаңа формация маманын қалыптастыруға ықпал етеді.
Қарағанды облысында WorldSkills чемпионаты тоғызыншы рет өткізілді. Осы жылдар аралығында жарысқа әртүрлі салалардағы 2300-ден астам болашақ мамандар қатысты.
Белгілі мәдениеттанушы және жазушы Зира Наурызбай Қарағандыға келеді. Он бесінші маусымда ол "Қазақ мифологиясындағы әйел бейнелері" атты дәріс оқиды. Қазақ мифологиясының зерттеушісін "QALAM Global дәрісханасы" жаңа мультимедиялық жобасының бастамашылары шақырды.
Кездесу Reikartz Dostar Karaganda, "Колизей" залында өтеді (Құрылысшылар даңғылы, 28). Басталуы 15:00. Дәріс орыс тілінде өтеді. Кіру тегін.
"Қазақ мифологиясы өз халқының терең тарихынан бастау алады. Онда біздің ата - бабаларымыз мәдени компонент үшін ғана емес, дәстүрлі өмір үшін де бейнелер мен шабыт алды", - деп атап өтті кездесуді ұйымдастырушылар.
Лектормен бірге қазақтар мифологиясындағы әйел бейнелері неге негізінен қара түстермен боялғанын және бұл шын мәнінде солай ма екенін талқылауға болады.
Зира Наурызбай - мәдениеттанушы, жазушы және киносценарист. Философия ғылымдарының кандидаты (Ph.D.). "Алтын Адам – Жыл адамы" ұлттық сыйлық-байқауының лауреаты (2014 ж.). Қазақ мифологиясына, мәдениеті мен дәстүрлі музыкасына арналған Otuken.kz авторлық сайтын құрушы.
Астанада 10 маусымда "Таза Қазақстан" ауқымды road-эстафетасы басталды. Экологиялық акцияға Қарағанды облысы да қосылды. Елордадан еріктілер Осакаров ауданына жетіп, Қарағандыға келіп, әрі қарай бет алды.
Бір апта ішінде акцияға қатысушылар Астана-Алматы тас жолының аумағын тазартады. Оның ұзындығы 1200 км-ден асады. Тазалық шарасы тек жол бойында ғана емес, сонымен қатар автотұрақтар мен кемпингтерде де жүреді. Тазалау квадрокоптерлерді пайдалана отырып, аэро барлау деректері негізінде жүзеге асырылмақ. Жиналған қалдықтар қоқыс полигондарына шығарылады, олардың бір бөлігі қайта өңдеуге жіберіледі.
- Депутаттар, экологтар, Amanat партиясының белсенділері және "Жастар Рухы" жастар қанатының еріктілері шараға қатысып жатыр. Жалпы, "Бір облыс – бір команда" қағидаты бойынша екі мыңға жуық адам ат салысады. Алдығы топ бар - бұл қауіпсіздікті қадағалайтын және бүкіл маршрут бойынша жүретін оқытылған еріктілер. Бірақ біз тек аумақты тазалап қана қоймай, Қазақстан тұрғындарының экологиялық мәдениетін қалыптастыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Шалғай аудандар мен ауылдарға барамыз, онда экобайқаулар өткіземіз, жастармен кездесеміз. Мәжіліс депутаттары азаматтарды қабылдайды, - деді "Жастар Рухы" жастар қанатының төрағасы Ақерке Ескендірова.
Қарағанды облысы бойынша маршрут - шамамен 700 км.
- Кешеден бастап Ошағанды және Баймырза ауылдарының бойындағы жол жиектерін тазалауға кірістік. Осакаровка полигонына шамамен 13 тонна күл мен қоқыс шығарылды. Әрі қарай Қарағандыдан Шет ауданына, сол жерден Балқаш пен Приозерск қалаларына барамыз. Өңірден мыңға жуық адам қатысады. Эстафетаны Жамбыл облысына тапсырамыз. Барлық тұрғындарды акцияға белсенді қатысуға шақырамын, шетте қалмайтындардың барлығына алғыс айтамын, - деп атап өтті Amanat партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков.
Шахтинск қаласында тұратын Жасыл ел жасағының жауынгері Владислав Бронин маңызды жобаға қатысушылардың бірі болғанын мақтан тұтады.
- Еліміздің өркендегенін қалаймын. Кең даламыз таза, қалаларымыз жайлы болуын тілеймін. Біз табиғатты қорғауымыз керек және тұрғылықты жерімізге қамқорлық жасауымыз керек, - дейді 16 жастағы жігіт.
Road-эстафета Ақмола, Қарағанды, Жамбыл және Алматы облыстарының аумағында өтеді және 15 маусымда Қонаев қаласында аяқталады. Акцияны ұйымдастырушы - ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен "Жасыл даму" АҚ қолдауымен Amanat партиясы.
Кітап жаңалықтары, ойындар мен викториналар - Қарағандыда дәстүрлі "Жазғы оқу қаласы" оныншы рет есігін ашты. Пайдалы және көңілді шараны ұйымдастырушы - Н. В. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана.
Кітапхана ауласында (орталық кіреберісте) өлкетану алаңы ұйымдастырылады. Зияткерлік және қимыл-қозғалыс ойындары жоспарланған. 3D басылымдарына шолулар дайындалды. Кітапханаға тегін жазба ашылды.
"Оқу қалаға" 11 маусымнан 15 тамызға дейін (әр сейсенбі және бейсенбі) сағат 11.00-ден 16.00-ге дейін баруға болады.
Кіру тегін.
Кітапхана мекен-жайы: Ерубаев көшесі, 44.
Шет ауданы Талды ауылында 72 жастағы кейуана жастармен бірге "Таза Қазақстан" республикалық экоакциясына қатысады. Рымтай Әбенова көгілдір трактордың құлағында ойнайды, ауылдастарына қоқыс шығаруға көмектеседі.
Ол жарты ғасырға жуық механизатор болып жұмыс істеген және жасына қарамастан техникамен әлі де жақын. Өзінің еңбекқорлығымен әжей ересектер мен балаларға үлгі көрсетеді.
- Мен жас кезімнен трактор тізгіндедім және ешқашан еңбек етуден жалыққан емеспін. Өйткені, біз еңбекқор болып өстік. Қазір де, зейнеткерлікке шықсам да, қол қусырып отыра алмаймын. Үй шаруашылығымен өзім айналысамын, малға жем дайындаймын, темір тұлпарымды жөндеймін. Акцияға қуана қатысамын, өйткені табиғат - біздің ортақ үйіміз, - дейді Рымтай Әбенова.
Зейнеткер жаным жас және қалыптасқан әдеттерімді сақтаймын. дейді. Істеген әр жұмысын адал және сүйіспеншілікпен орындайтынын айтады. Рымтай Әбенова жыл сайынғы "Таза аула" байқауының бірнеше дүркін жеңімпазы.
"Күміс" ерікті баршаны табиғатқа қамқорлық жасауға шақырады.
- Әрқайсымыз экологияны жақсартуға үлес қоса аламыз. Менің ойымша, сергектігімнің құпиясы белсенділікте. Тұрақты қозғалыс тек дене мен бұлшықетті ғана емес, басыңдағы ойларды да тонуста ұстайды, - дейді Рымтай Әбенова.
Шет ауданында "Таза Қазақстан" акциясы басталғаннан бері 25 рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері жойылып, полигондарға төрт мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.