Меню
Страницы
Баспасөз орталығы
Әкім аппараты
Байланыс ақпарат
Қызметі
Құжаттар
Байланыс ақпарат
Құжаттар
Қызметі
Баспасөз орталығы
Әкім аппараты
Все материалы
Әлеуметтік қорғау
12 сентября 2025
Қарағандыда ерекше балалары бар және көпбалалы аналарға арналған цифрлық сауаттылық пен жеке даму курстары басталады

Қарағандыда көпбалалы аналарды және ерекше қажеттіліктері бар балалардың аналарын қолдауға бағытталған әлеуметтік жоба іске қосылмақ. Қатысушыларға компьютерлік сауаттылық негіздері, жасанды интеллектпен жұмыс істеу үйретіледі, сонымен қатар жеке даму дағдылары мен балаларды тәрбиелеудегі қиындықтарды жеңу жолдарына көмек көрсетіледі.

Ерекше курс авторлары – SANA жобасының негізін қалаушы Гүлия Жәңгірова және digital-маркетолог, QIYAL жобасының авторы Асемнұр Бижанова.

Курс бағдарламасына құжаттар, кестелер және презентациялар жасауға арналған сабақтар енгізілген. Zoom, Google Meet платформаларында жұмыс істеу, сондай-ақ ChatGPT-ді жұмыс пен жеке мақсаттарда пайдалану да қарастырылған. Қатысушыларға киберқауіпсіздік, медиасауаттылық және онлайн-банкингпен жұмыс істеу тақырыптарында дәрістер де оқылады.

– Мен әрқашан ерекше балалары бар аналарға және көпбалалы аналарға көмектесіп келдім. Бұрын бұл материалдық көмек – азық-түлік себеттері, мектеп киімі болатын. Бірақ бір күні мен оларға балық бермей, қармақ берейін деп шештім де, осындай курс құрдым. Бұл тек компьютерлік сауаттылық курстары емес, бұл балаларды тәрбиелеу жөніндегі мамандармен сұхбаттар, жеке даму мәселелеріне коучингтік тәсіл. Қазірге дейін курстан 300 әйел өтті, олардың арасында кейін жақсы жұмыс тауып, қаржылық жағдайын едәуір жақсартқандар көп, – деді Гүлия Жәңгірова.

Тегін курс бір аптаға созылады, 20-нан 27 қыркүйекке дейін. Сабақтар онлайн форматта өткізіліп, әрқайсысы бір жарым сағатқа созылады.

Қатысуға өтінімдерді мына телефондар арқылы беруге болады: +7-705-782-54-21 (Гүлия), +7-777-484-56-39 (Динара).

Спорт
12 сентября 2025
Бұқаралық спорт: Қарағанды облысында үздік әуесқой футбол командалары марапатталды

Қарағанды облысында дәстүрлі әуесқой футбол біріншілігі мәресіне жетті. Бұл турнирге ширек ғасыр болды және ол бұқаралық футболды дамытуда маңызды орын алады. 

Биыл жарыс жаңа серпін алды: ойындар Қазақстан футбол федерациясының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Қазақстан әуесқой лигасы» ауқымды жобасының аясында ұйымдастырылды. Додаға жеті команда қатысты, олардың бірі – ауылдық команда. Матчтар мамырдан қыркүйекке дейін өңірдің алты стадионында өтті. Абай қаласының командасы жеңімпаз атанды.

– Мен де бала кезімде осы біріншілікке қатысқанмын. Қазір де бұқаралық футболды қолдауға тырысамыз. Әдеттегідей облыс біріншілігі классикалық жүйе бойынша, екі айналымнан тұратын «үйде – сыртта» форматы арқылы өтті. Барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Командалар шеберліктерін көрсетті. Жас ойыншылар қатары қалың. Келесі жылы бұқаралықты арттырып, ауылдық командаларды көбірек тартқымыз келеді, – дейді Қарағанды облыстық футбол ассоциациясының басқарушы директоры Николай Бублинский.

Біріншіліктің бас төрешісі Артём Кучиннің айтуынша, биылғы жарыста бәсекелестік жоғары болды. Әр команда үздік атануға ұмтылды. Футболға деген махаббат түрлі мамандық иелерін және әртүрлі жастағы адамдарды біріктірді: қатысушылардың қатарында шахтёрлар да, металлургтер де, колледж студенттері де бар. Жалғыз ауылдық команда – Ботақара кентінің «Дорожник» комаедасы жүлделі орынға бір қадам жете алмай, төртінші орынды қанағат тұтты. Облыста спорттық инфрақұрылымға назар аударылып жатыр, футбол алаңдары көбейген сайын бұқаралық спорт та арта түседі, деп атап өтті Артём Кучин.

«Қазақстан әуесқой лигасының» әуесқой футболшыларға қандай мүмкіндік беретінін жобаның үйлестірушісі Әділет Мұқышев түсіндірді. Өңірлік алаңдардан халықаралық аренаға жол басталады: облыстық кезеңдердің жеңімпаздары қазанда Талдықорғанда өтетін ұлттық финалда бақ сынайды. Оның қорытындысы бойынша УЕФА аймақтар кубогына жолдама ойнатылады.

Бұл бастама аула командаларынан кәсіби клубтарға дейін тұрақты жүйені құруға бағытталған. Республикалық турнирдің жеңімпазы 2026 жылғы маусымнан бастап Екінші лигада өнер көрсетуге құқық алады және келесі жылы Қазақстан кубогына қатысады. Ал алғашқы үштікке енген командалардың бапкерлері мен жетекшілері оқу гранттарына ие болады.

– Жоба бүкіл елді қамтыды. Облыс біріншілігінің жеңімпазы ұлттық финалда өнер көрсетіп, халықаралық аренаға шығуға мүмкіндік алады, – деді үздік әуесқой командаларды құттықтаған Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев. – Өздеріңіз білесіздер, бізде Freedom компаниясының қолдауымен Футбол академиясы салынып жатыр. Футболды дамытуға арналған инфрақұрылым жасалады. Мұнда кәсіби спортшылар да, әуесқойлар да жақсы жағдайға ие болып, шеберлігін шыңдай алады.

Нәтижесінде бірінші орын мен ауыспалы кубокты «Абай» командасы жеңіп алды. Олар облыс намысын ұлттық финалда қорғайды. 

Екінші орынды Теміртаудың «Асан» командасы, 

үшінші орынды «Сарань-Торпедо» иеленді.

Сондай-ақ арнайы номинациялар бойынша да марапаттар табысталды. Үздік ойыншы атағы «Абай» командасының ойыншысы Максим Казанинге бұйырды.

– Бұл біріншілікке бесінші жыл қатарынан қатысып жүрмін. Жеңгенімізге қуаныштымын. Қарсыластар мықты болды, күрес соңғы турға дейін жалғасты. Командаға рахмет: бар күшімізді салдық! Енді алдағы ойындар мен келесі маусымға дайындаламыз, – деді үздік ойыншы.

Ең жасы үлкен ойыншы – 53 жастағы Ардақ Дүкейұлы, Бұқар жырау ауданындағы «Дорожник» командасының қақпашысы. 

Бұрынғы әскери қызметкер бала кезінен футболға әуес, қазір де сол қызығушылығын жалғастырып жүр. Футболға деген махаббаты ұлына да дарыған, ал екі қызы волейболмен айналысады. Өзі былтыр Ботақарда ашылған ФОК-қа жұмысқа орналасқан.

Білім беру
12 сентября 2025
Қарағанды облысында республикалық «Алау» әскери-патриоттық ойынының қорытындысы шықты

Республикалық әскери-спорттық «Алау» ойынының финалына еліміздің 20 өңірінен 180-нен астам жас патриот қатысты. Жарыс Қарағанды облысы Спасск кентінде Қорғаныс министрлігінің №36352 әскери бөлімінің базасында өтті. Екі күн бойы оқушылар тек дене дайындығы мен әскери білімдерін ғана емес, сонымен қатар командамен жұмыс істей білуін, төзімділігін және жеңіске деген жігерін көрсетті.

Ойын алты номинация бойынша өтті. Атап айтқанда, Ұлы Отан соғысына арналған патриоттық ән байқауы «Жүрек, ерлікке жанас», тарихи-өлкетану зерттеу жобасын қорғау, «Саптық дайындық және әндер», «АК-74 автоматын жинау және бөлшектеу» және спорттық нормативтер.

Қарағанды облысының намысын №91 жалпы білім беретін мектептің «Жас қырандар» командасы мен Н. Әбдіров атындағы мектептің «Жас ұлан» командасы қорғады. Жас қарағандылықтар бірнеше номинацияда жоғары нәтиже көрсетті. Мәселен, «Саптық дайындық және әндер» байқауында бірінші орынды Қарағанды қаласының «Жас Ұлан» командасы иеленсе, «АК-74 автоматын жинау және бөлшектеу» сайысында ең үздік нәтиже «Жас қырандар» командасының еншісіне тиді.

– Біздің команда жақсы дайындықпен келді, көңіл-күй де көтеріңкі болды. Дегенмен, мұндай ауқымды шараға алғаш рет қатысып отырғандықтан, сәл толқыдық. Ал қала мен облыс көлемінде үнемі көшбасшылар қатарында болатын. Қуантқаны – «АК-74 автоматын жинау және бөлшектеу» сайысында біздің жас сарбаздар ең үздік нәтиже көрсетті, – дейді №91 мектептегі алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі, Қарағанды облыстық әскери-патриоттық және спорттық клубтар федерациясының төрағасы Амангелді Хасенов. – Балалар қатысқандарына өте риза. Енді жіберген қателіктерімізді ескеріп, келесі жолы жеңіс біздікі боларына сенімдімін.

Жалпыкомандалық есепте жеңісті Түркістан облысының «Жас қыран» командасы иеленді. Екінші орынды Жетісу облысының «Құлагер» командасы, үшінші орынды Батыс Қазақстан облысының «Ақжайық сарбаздары» командасы қанжығалады. 

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдар және қымбат бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ойынның басты мақсаты – мектеп оқушыларын патриоттық рухта тәрбиелеу, өскелең ұрпақтың азаматтық жауапкершілігін, тәртібін және Отанға қызмет етуге дайындығын дамыту.

 

 

Білім беру
12 сентября 2025
Балқаш қаласында тұратын жоғары сынып оқушысы Нью-Йорк ғылым академиясының бағдарламасына қатысу үшін стипендия жеңіп алды

Балқаш қаласының 11-сынып оқушысы Ділдә Еркебаева Нью-Йорк ғылым академиясы ұйымдастырған Junior Academy бағдарламасынан тегін білім алуға мүмкіндік алды. Ол – бағдарламаға іріктелген бес қазақстандықтың бірі.

Ділдә Еркебаева жаңа жайлы №12 мектептің 11-сыныбында оқиды. Бұған дейін Балқаштағы №7 гимназияда білім алған. Ол математикаға, тілдерді үйренуге, психология мен антропологияға қызығушылық танытады, сондай-ақ спортпен айналысқанды жақсы көреді. Айтуынша, спорт оған тәртіпті болуға көмектеседі.

– Қазір жеке менторыммен жұмыс істеймін, ал Нью-Йорк ғылым академиясының бағдарламасы туралы алғаш рет сол кісіден білдім. Бағдарламаға қатысу үшін өтінімді өзім толтырдым. Онда өз жетістіктерімді және мықты жақтарымды жаздым. Сонымен қатар, мен Steam Fest Balkhash шарасына волонтер ретінде қатысқанымды және Inclusive Academy жобасы аясында ерекше қызға математикадан сабақ бергенімді жаздым. Бұл – маңызды, өйткені америкалық университеттерде тек академиялық жетістіктер ғана емес, қоғамға қосқан үлес те ескеріледі. Сондай-ақ ағылшын тілін білу деңгейі де маңызды болды. Мен облыстық олимпиададағы нәтижемді және IELTS емтиханынан 6.5 балл жинаған сертификатымды қоса тіркедім, – дейді Ділдә.

Junior Academy жобасына қатысу – үлкен жетістік. Статистикаға сәйкес, өтініш бергендердің тек 5–10%-ы ғана бұл курсқа қатысу мүмкіндігін алады. Олардың бір бөлігі ғана оқуға тегін қабылданады.

Ділдә – биыл Junior Academy бағдарламасына өткен бес қазақстандықтың бірі. Қазір оқушылар бір-бірімен танысып, жобамен жұмыс істеу үшін командалар құрып жатыр.

Барлық оқу онлайн форматта өтеді.

– Біз оқу барысында топтық жоба жасап, соңында оны қорғаймыз. Таңдауымызға үш түрлі тақырып ұсынылды, бірақ Қазақстан үшін ең тиімдісі – күн энергиясы болды. Қазір бізге платформаға кіруге рұқсат берілді, портфолиоларымызды жүктеп, командалар құрудамыз. 22 қыркүйекке дейін үлгеруіміз керек, содан кейін оқу мен онлайн-кездесулер басталады, – дейді ол.

Нью-Йорк ғылым академиясында оқу – Ділдәнің портфолиосын нығайтып, армандаған университетіне түсуіне жол ашады. Ол болашағын математикамен байланыстырғысы келеді, бірақ нақты бағытын әзірге анықтамаған.

ТКШ
12 сентября 2025
Қарағанды облысында су ресурстарын ұтымды пайдалану технологиялары ілгерілетілетін болады

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық және су инфрақұрылымын жаңғырту міндеттерін қойды. Қарағанды облысында су ресурстарын ұтымды пайдалану технологияларын енгізу жұмыстары басталды. Бұл бағытта француз компаниясымен серіктестік орнатылған.

– Бірнеше ай бұрын біз SUEZ атты ірі француз компаниясымен келісімге қол қойдық. Бұл – су ресурстарын тұрақты басқару саласындағы әлемдік көшбасшы. Қазіргі таңда жұмыс басталып кетті. Компания мамандары келіп, қазір талдау жұмыстарын жүргізіп жатыр, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Amanat партиясы депутаттық фракциясының кеңейтілген отырысында. – Су және су ресурстарына қатысты мәселелер ауқымды. Біз бұл саланы ретке келтіретін боламыз.

Еске сала кетейік, үшжақты ынтымақтастық туралы келісімге SUEZ International SAS, Қарағанды облысының әкімдігі және Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы қол қойды. Бұл әріптестік аясында озық технологияларды енгізу, сумен жабдықтау тиімділігін арттыру, су шығындарын азайту және қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша шешімдер әзірленеді.

Amanat партиясының облыстық филиалында өткен отырыста Мемлекет басшысының «Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» атты Жолдауын іске асырудың негізгі мәселелері талқыланды. АӨК, ТКШ, жастар саясаты және басқа да бағыттар қамтылды.

– Бүгінгі таңда мемлекет ауыл шаруашылығына көп қаражат құйып жатыр, алайда нәтижесін де күтеді – біз шынымен де экспорт үшін жұмыс істеуіміз керек. Мен әрдайым айтып жүремін: ауыл шаруашылығы – экономиканың драйвері болуы тиіс. Алдымызда үлкен міндеттер тұр – оларды орындауымыз керек. Елдің азық-түлік қауіпсіздігі сенімді қолда болуы үшін, өзімізді өзіміз қамтамасыз етуге тиіспіз, – деді облыстық мәслихат депутаты, Қазақстан фермерлер одағы филиалының төрағасы Игорь Жабяк.

Кездесуде әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру және өңірлік Жол картасының тармақтарын орындау мәселелеріне де назар аударылды.

Ермағанбет Бөлекпаев облыста экономиканың өсімі жалғасып жатқанын, барлық негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалатынын айтты. Сегіз айда өнеркәсіптік өнім көлемі 7%-ға артып, 3 трлн теңгені құрады. Негізгі капиталға 644,7 млрд теңге инвестиция салынды, өсім – 11,1%. Жыл соңына дейін 2000-нан астам жұмыс орнын ашумен 29 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Жұмыссыздық деңгейі 4% – бұл ел бойынша ең төмен көрсеткіштердің бірі.

Amanat партиясының облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков партиялық жұмыстың тиімділігі халықпен өзара байланысқа тікелей тәуелді екенін атап өтті.

– Amanat – бұл тек саяси институт қана емес, нақты істердің қозғаушы күші. Біздің міндетіміз – халыққа жақын болу, олардың сұраныстарына жедел әрекет ету, кері байланысты күшейту және әлеуметтік бағдарламалардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету, – деді ол.

 

Құрылыс
12 сентября 2025
Қарағанды облысында жыл соңына дейін кезекте тұрғандарға шамамен бір жарым мың пәтер берілмек

Қарағанды облысында жыл соңына дейін шамамен бір жарым мың кезек күтушіні тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Тұрғын үй құрылысына қоса өңірде мектептер, ауруханалар мен спорт нысандары да салынуда. Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Саян Мұратұлының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтуынша, қазір өңірде инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары белсенді жүріп жатыр.

Тұрғын үймен қамту процесін жеделдету үшін өткен жылдан бастап жергілікті атқарушы органдар алғашқы нарықтағы дайын пәтерлерді және «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ кепілдігімен үлестік құрылыс нысандарын сатып алып келеді.

— Биыл біз 1488 пәтерді тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға тапсыруды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде 155-і – жалға берілетін тұрғын үй, 230-ы – несиеге берілетін, ал мыңнан астам пәтер әлеуметтік осал топтарға сатып алынбақ, — деді Саян Мұратұлы. – Сондай-ақ биыл Балқаш, Абай және Шахтинск қалаларында төрт несие үйді пайдалануға беру жоспарлануда.

Аудандарда шағын форматтағы үйлер – екі, төрт және алты пәтерлі баспаналар бой көтеруде. Нысандар дайын болған соң, пәтерлерді сатып алу үшін конкурс рәсімдері өткізіледі. Биылдан бастап жалдамалы және несие тұрғын үйлерді бөлу «Отбасы банк» АҚ арқылы жүзеге асырылады. Қазірдің өзінде кезекте тұрғандар үшін 144 пәтер сатып алынды.

Әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы жалғасуда.

— «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыс ауылдарында 92 жаңа нысан – амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер ашылады. Балқашта орталық ауруханаға арналған ангиографиялық операциялық блоктың құрылысы аяқталуда. Сондай-ақ мұнда жаңа үлгідегі өрт сөндіру депосының құрылысы басталды, — деп түсіндірді басқарма басшысы.

Қарағандыда Ерубаев көшесіндегі әкімшілік ғимарат жас мамандарға арналған шағын отбасылық жатақханаға қайта жаңартылуда. Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына спортзал, монша және бассейн орналастырылатын қосымша құрылыс салынуда.

Өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Төрт жаңа мектеп пайдалануға берілді, жыл соңына дейін тағы алты мектеп ашу жоспарланған.

Сонымен қатар Бұқар жырау ауданының Көкпекті ауылында Мәдениет үйі, Қарқаралы ауданында стадион, Шет ауданында бассейн, сондай-ақ облыс бойынша бес дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр.

Алдағы жылдары ірі жобалар да қолға алынбақ: Қарағандыда 200 орындық перинаталдық орталық, төтенше жағдай қызметіне арналған оқу-жаттығу кешені, Майқұдықта 600 орындық мектеп пен шығармашылықты дамыту орталығы, сондай-ақ Қарағанды, Приозёрск және Балқашта балабақшалар салу жоспарланған.

Мәдениет
11 сентября 2025
Теміртаудың 80 жылдық мерейтойына орай суретші Қуат Асқаровтың көрмесі дайындалды

Теміртау тарихи-өлкетану мұражайында қала күніне орай 12 қыркүйек күні сағат 16:00-де суретші Қуат Асқаровтың картиналар көрмесі ашылады. Экспозицияға қойылған 145 туындыда қаланың көшелері мен аулалары жылдың әр мезгілінде бейнеленген.

– Бұл жобаға шамамен екі жыл уақыт жұмсалды. Өткен жылы қала күні қарсаңында Қуат Асқаров бізге мұражайға келіп, мерекеге орай бейнеролик жасау үшін 40-қа жуық картинасын ұсынды. Мен 2025 жылдың мерейтойлық жыл болатынын ескеріп, жеке көрме өткізуді ұсындым. Осылайша Қуат Асқаров бір жыл бойы еңбектеніп, қаламыздың көріністерін бейнелейтін картиналарды жазып, осы көрмеге дайындалды, – деді Теміртау тарихи-өлкетану мұражайының аға ғылыми қызметкері Светлана Трещёва.

Суретшінің өзі Теміртаудың тумасы. 2008 жылы ол ҚР Суретшілер одағының мүшесі атанды. 2014 жылы Қарағанды облысы әкімінің «Жылдың үздік суретшісі» номинациясы бойынша сыйлығына ие болса, 2015 жылы Ә. Қастеев атындағы «Үздік шығарма үшін» алтын медальмен марапатталды. Оның еңбектері Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында бірнеше рет қойылған.

Көрме 8 қазанға дейін жалғасады. Оған келушілер тегін қатыса алады.

ТКШ
11 сентября 2025
Қарағанды облысының тұрғындары қатты отынды 55 қоймадан сатып ала алады

Қарағанды облысында қысқы маусымға дайындық тек жылу көздерінде ғана емес, жеке секторда да жүргізілуде. Қазір тұрғындар қарқынды түрде көмір сатып алып жатыр. 

Бүгінде 55 нүктеде қатты отын саудасы ұйымдастырылған, ал жалпы қор 580 мың тоннаны құрайды — бұл өңірдің жалпы қажеттілігінің шамамен 65 пайызы.

– Қамтамасыз етуде ешқандай сұрақтар жоқ, сату жұмысы тұрақты жүргізілуде. Бағаға келсек, шұбаркөл көмірінің орташа бағасы тоннасына 19 100 теңге, кузнецкий – 16 500 теңге, майқұба – 16 000 теңге. Мысалы, қалада шұбаркөл көмірінің бағасы 15 500-ден 15 800 теңгеге дейін ауытқиды. Құнның қалыптасуына бірқатар факторлар, ең алдымен логистика әсер етеді, – деп атап өтті Кәсіпкерлік және индустрия басқармасы басшысының орынбасары Ақдидар Рымбек. – Халықты қатты отынмен қамтамасыз ету тұрақты бақылауда.

«ПСВ86» ЖШС көмір қоймасының директоры Никита Аносовтың айтуынша, биыл еш дүрбелең байқалмайды: тұрғындардың көпшілігі көмірді алдын ала сатып алған.

– Біздің қойма жыл бойы жұмыс істейді. Біз коммуналдық-тұрмыстық мақсаттағы шұбаркөл көмірін сатамыз. Оның басты артықшылығы – күлділігінің төмендігі және жылу қайтарымының жоғары болуы. Кейбір сатып алушылар жаздан бастап көмір қорын жинай бастайды. Мұнда қаламыздың барлық аудандарынан келеді. Қор жеткілікті: қоймада шамамен 5 мың тонна көмір сақтаулы, тәулігіне тағы 500 тоннаға жуық түседі, – деді ол. – Біздің нүктедегі баға – 15 800 теңге. Аздаған қымбаттау теміржол тасымалы тарифтерінің өсуімен байланысты. Күніне 100–150 машинаға дейін тиеп бере аламыз.

«Рапид» компаниясының көмірі жерасты әдісімен өндіріледі, бұл оның өзіндік құнын біршама жоғары етеді.

– Біздің компания ҚР Үкіметімен 2001 жылдан бері келісімшарт негізінде жұмыс істейді. Біз жаңа технологияларды қолдана отырып, бұрын жабылған шахталардың орнында көмірді жерасты әдісімен өндіреміз. Шығындардың көп болуына байланысты баға жоғары, бірақ сапалық сипаттамаларының арқасында сұраныс сақталуда, – деп түсіндірді «Фирма "Рапид"» ЖШС директоры Андрей Белов.

Мамандар тұрғындарға қатты отынды сақтау үшін жыл бойы көмірді жел мен ылғалдан сенімді қорғауды қамтамасыз ететін арнайы көмірқоралар жабдықтауды ұсынады.

Жастар саясаты
11 сентября 2025
Қарағанды облысында ауыл жастарын қолдау жобасы басталды

Қарағанды облысында «Ұлт қазынасы» жобасы іске қосылды. Ол талантты ауыл жастарына бизнес-стартаптарын да, шығармашылық жоспарларын да жүзеге асыруға көмектесуді мақсат етеді. Осы арқылы жоба табысқа жету тек ірі қалаларда ғана емес екенін көрсетуі тиіс.

«Ұлт қазынасы» жобасы туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте айтылды. Жобаның идеясы Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері басқармасына тиесілі.

«Ұлт қазынасы» жобасы ауылда тұратын 14 пен 25 жас аралығындағы жастарға арналған. Қатысушыларды іріктеудің басты талабы – талант пен дамуға ұмтылыс. Бұл ретте қатысушының қай салада дарынды екені маңызды емес: бейнелеу өнері, би, музыка, ғылым болуы мүмкін. Сондай-ақ әлеуметтік және бизнес-стартап идеялары да құпталады.

Қатысушыларды түрлі салада табысқа жеткен менторлар іріктейді. Жоба басталғанда әр ментор бірнеше ауылға барып, үміткерлермен кездеседі. Солардың арасынан ең әлеуеттілерін таңдап алады. Әрбір менторға үш шәкірттен бекітіледі деп жоспарланған, бірақ егер қатысушылар саны көп болса, бес адамға дейін алуға рұқсат етіледі. Одан кейін менторлардың жастармен тікелей жұмысы басталады.

– Біз «Өз ісіңді қалай табуға және табысты болуға болады? Шеберлер тәжірибесі» тақырыбындағы оқыту іс-шараларына ерекше мән береміз. Мұнда жастар нақты өмірлік оқиғаларды естіп, қиындықтар мен жеңістер жайлы біледі, болашаққа жол көрсететін кеңестер мен құралдарға ие болады. Өйткені өз ісіңді табу – өзіңді табу. Ал табыс өз күшіне сеніп, арман жолында еңбек еткен адамға келеді. Біздің мақсатымыз – жастарға тек білім мен тәжірибе беріп қана қоймай, оларға сенім ұялату, – деді жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Айсұлу Ерниязова.

Жоба шарттары бойынша менторлар шәкірттеріне кеңес беріп, жеке үлгісімен, білімімен көмектесе алады. Тек бір нәрсеге – қатысушыларға тікелей қаржылай қолдау көрсетуге тыйым салынған. Менторлардың өздері де мақсат – еңбексүйгіштік пен табандылықты ынталандыру екенін, дайынға үйреніп алатын масылдықтан аулақ болу екенін атап өтуде.

– Менің шәкірттерімнің арасында екі жас фермер бар. Соның бірі шаруашылығын енді ғана бастап жатыр. Қазір онымен жұмыс істеп жүрмін. Алдағы қадамдарын қалай жасау керегін айтып, бағыт көрсетіп отырмын. Ол жеке кәсіпкерлік ашып, кейін шаруашылық құрып, жұмыс орындарын жасайды, шаруашылығына өзі секілді жастарды тартады. Ең маңыздысы – жастарды дұрыс бағытқа бұру деп есептеймін. Жастар өз ауылында да табысты болуға болатынын түсінгені маңызды. Мұны мен ауылдық жерде өскен адам ретінде айтып отырмын, – деді жоба менторы, AMANAT партиясының Бұқар жырау аудандық филиалының төрайымы, аудандық мәслихат депутаты Анар Бозаева.

Жоба биылғы жылдың желтоқсан айында аяқталады. Қорытындысы saryarqa-jastary платформасында дауыс беру арқылы шығарылады. Дауыс беру нәтижесінде ең белсенді қатысушылар «Ұлт үміті» мүсіншелерімен, ал үздік менторлар «Ұлт мақтанышы» мүсіншелерімен марапатталады.

Жобаға қатысу үшін жастар тұрғылықты жері бойынша Жастар ресурстық орталығының филиалына жүгініп, белгіленген уақытта ментормен кездесуге келуі қажет.

Ауыл шаруашылығы
11 сентября 2025
Қарағандыда «Ауыл береке – 2025» облыстық күзгі ауылшаруашылық жәрмеңкелері өтеді

Қарағандыда облыстық күзгі ауылшаруашылық жәрмеңкелерінің маусымы басталады. Алғашқысы 13 қыркүйекте Global City сауда-ойын-сауық орталығының аумағында ұйымдастырылады. Келесілері 20, 27 қыркүйек, 4, 18 қазан және 1 қараша күндеріне жоспарланған.

Жәрмеңкелерде ауыл шаруашылығы өнімдері, ет-сүт тағамдары және өңір өндірушілерінің тауарлары орташа нарықтық құннан төмен бағамен ұсынылады.

Сауда таңғы сағат 09:00-де басталады.

Global City СОО мекенжайы: 134-есептік квартал, 921-станция.

Жәрмеңкеге келесі автобустармен жетуге болады: № 5, 19, 31, 40, 56, 63, 66, 70, 146, 02, 29.

Социальные сети
Сарыарқа
saryarqaaqparat
Меню подвал
Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты