АППАРАТ МӘЖІЛІСІ ӨТТІ

АППАРАТ МӘЖІЛІСІ ӨТТІ
Бүгін аудан әкімі Советбек Медебаевтің төрағалығымен кеңейтілген аппарат мәжілісі өтті. Оған аудандық мәслихат хатшысы Аманжол Мырзабеков, аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат, мекеме, бөлім басшылары қатысты. Ал, кент, ауыл әкімдері ZOOM платформасы арқылы онлайн түрінде қосылды.
Күн тәртібінде негізгі үш мәселе қаралды. Көктемгі егін егу жұмыстарына дайындық жөнінде аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Сағади Обайдуллин баяндады.
Алғашқы мәселеге қатысты Советбек Тұрсынұлы аудан бойынша шаруа қожалықтарының егін егу жұмыстарының барысын сұрады. Сонымен қатар, өзінің берілген тапсырмасына сәйкес, кент, ауылдық округтерде егілетін бау-бақша жұмыстарын ұйымдастырып, осыған қатысты мәселені бақылауда ұстауды орынбасары Мақсұт Оспановқа тапсырды.
Жазғы дала өртін алдын-алуға дайындық жұмыстары бойынша аудан әкімі аппаратының АҚ ТЖ және ЖЖ жөніндегі бас инспекторы Қайрат Далабаев хабарлама жасады.
Жасалған хабарламаға орай, аудан басшысы дала өртін алдын алуға байланысты дайындық жұмыстарын жүргізу жөнінде нақты тапсырмасын берді. Өткен жылы жіберілген кемшіліктер бойынша жұмыстарды орындап, дала өртін алдын алу жұмыстарын ширату керектігін мекеме, бөлім басшылары, кент, ауыл әкімдеріне бірқатар тапсырмаларын жүктеді. Осы мәселеге қатысты жиынға қатысушы мекеме басшылары мен ауыл әкімдері өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Мәжіліс барысында алдағы мамыр айында өтетін мерекелік іс-шаралар жоспары туралы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Каренов, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушысы Мүсілім Құдайқұлов, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Марат Оразалин ақпараттарын берді.