Сізге «Болашақ» стипендиясын тағайындау туралы Республикалық комиссия шешім қабылдаған күннен бастап 90 күнтізбелік күн ішінде «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-мен оқыту/ тағылымдама туралы келісім жасайсыз.
Келісім оқытуды / тағылымдаманы ұйымдастыруға арналған барлық шығындарды төлеуге байланысты қаражат аудару үшін негіз болып табылады.
Оқу/тағылымдамадан өту және кепіл туралы келісім-шарт жасасу үшін Сіз «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның Нормативтік құқықтық және шарттық қамтамасыз ету басқармасына келуіңіз керек (Астана қаласы, Сығанак көшесі, 70, 5 қабат).
Сізде келесі құжаттар болуы керек:
Оқу туралы шартта көзделген міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында Стипендиат кепіл ретінде бағалау құны Стипендиаттың оқуына жұмсалатын жалпы шығыннан кем болмайтын жылжымайтын мүлікті ұсынады. Жылжымайтын мүлікті кепілге қою туралы шарт Қоғам мен жылжымайтын мүлік иесі арасында жасалады.
Бұл ретте «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалған күннен бастап Стипендиаттың және (немесе) оның жақын туыстарының шарттық міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету ретінде ұсынылған жылжымайтын мүлікті иеліктен шығаруға жол берілмейді.
Жылжымайтын мүлікті кепілге қою туралы шарттың нысанасы – құқықты тіркеуге ешқандай шектеулер мен ауыртпалықтар қойылмаған, меншік құқығы тіркелген кез келген жылжымайтын мүлік болып табылады.
Бұл ретте жылжымайтын мүліктің салынған жылы кепіл шартын жасасу күніне қарай 50 жылдан аспауы тиіс.
Жылжымайтын мүлікті кепілге қою туралы шартты жасасу келесі құжаттар тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады:
– жылжымайтын мүлік иесінің (кепіл берушінің) жеке басын куәландыратын құжат (түпнұсқа және көшірме). Түпнұсқа салыстырып тексерілгеннен кейін иесіне қайтарылады;
– әділет органдары берген жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтама;
– егер кепілге ұсынылатын жылжымайтын мүліктің құны оқу шартының сомасын жаппайтын жағдайда, Стипендиаттың және оның барлық отбасы мүшелерінің (ата-анасы, жұбайы, балалары) Қазақстан Республикасының бүкіл аумағы бойынша жылжымайтын мүліктің болуы (болмауы) туралы әділет органынан анықтамалар;
– жылжымайтын мүлікті бағалау туралы есеп (кепіл шарты жасалған сәтке дейін 6 айдан ерте емес мерзімде берілген), бағалау қызметін жүзеге асыруға лицензиясы бар кез келген тәуелсіз бағалаушы берген (түпнұсқа);
– егер жылжымайтын мүлік сатып алынған кезде меншік иесі некеде болған жағдайда, меншік иесінің жұбайының (зайыбының) жылжымайтын мүлікті кепілге беруге және оны соттан тыс өткізуге келісімі туралы нотариалды куәландырылған өтініші, сондай-ақ неке қию туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі және меншік иесінің жұбайының (зайыбының) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
– егер жылжымайтын мүлік сатып алынған кезде меншік иесі некеде болмаған жағдайда, жылжымайтын мүлікті сатып алу кезіндегі отбасылық жағдайы туралы нотариалды куәландырылған өтініш;
– егер жылжымайтын мүлік сатып алынған кезде меншік иесі некеде болған, бірақ кепіл шартын жасасу сәтінде некеде тұрмайтын (ажырасқан) жағдайда – азаматтық хал актілерін тіркеу органдарының (АХАТ) некені бұзу туралы куәлігі (нотариалды куәландырылған көшірме), сондай-ақ меншік иесінің қазіргі уақытта некеде тұрмайтыны туралы нотариалды куәландырылған өтініші;
– егер жылжымайтын мүлік иелерінің бірі кәмелетке толмаған болса, онда жылжымайтын мүлікке қатысты мәміле жасауға қорғаншылық және қамқоршылық органдарының жазбаша келісімі, кәмелетке толмаған меншік иесінің туу туралы куәлігі, сондай-ақ егер оның атынан қорғаншы/қамқоршы әрекет етсе, кәмелетке толмаған меншік иесінің заңды өкілі мәртебесін растайтын құжаттар ұсынылады. 14 жасқа толмаған кәмелетке толмаған меншік иесінің атынан жылжымайтын мүлік кепілі туралы шарт жоғарыда көрсетілген талаптар сақталған жағдайда оның ата-анасы/асырап алушылары/қорғаншылары арқылы қол қойылады. 14 пен 18 жас аралығындағы кәмелетке толмаған меншік иелері жылжымайтын мүлікті кепілге қою туралы шартты ата-анасының/асырап алушыларының/қамқоршыларының жазбаша келісімімен өздері жасайды;
– ата-анасының/асырап алушыларының/қамқоршыларының келісімі кәмелетке толмаған меншік иесінің қолының жанында жылжымайтын мүлікті кепілге қою туралы шартта олардың қол қоюы арқылы расталады;
– егер жылжымайтын мүлікті кепілге қою туралы шарт сенімхат негізінде жасалса, меншік иесінің жылжымайтын мүлікті кепілге беруге және оны соттан тыс өткізу құқығын беруге келісімі туралы нотариалды куәландырылған өтініші ұсынылады.
Егер оқу құнын жабатын ауыртпалығы жоқ жылжымайтын мүлік болмаған жағдайда немесе оның құны жеткіліксіз болса, Стипендиаттың, оның отбасы мүшелерінің (ата-анасы, жұбайы, балалары), сондай-ақ үшінші тұлғалардың меншігіндегі ауыртпалығы жоқ барлық жылжымайтын мүлік кепілге қабылданады.
Егер Стипендиаттың академиялық оқуына жұмсалатын жалпы шығындар кепіл мүліктің құнымен толық өтелмеген жағдайда, қамтамасыз етілмеген қалған сомаға кепілдік шарты жасалады.
Қамтамасыз ету сомасының мөлшеріне байланысты кепілгерлер саны төмендегідей анықталады:
– оқу құнының жетпіс пайыздан астамы кепілмен қамтамасыз етілген жағдайда – бір кепілгер;
– оқу құнының елу мен жетпіс пайыз аралығы кепілмен қамтамасыз етілген жағдайда – екі кепілгер;
– оқу құнының отыз бен елу пайыз аралығы кепілмен қамтамасыз етілген жағдайда – үш кепілгер;
– оқу құнының отыз пайыздан аз бөлігі кепілмен қамтамасыз етілген жағдайда – төрт кепілгер.
Академиялық оқуға жіберілетін, соңғы 3 жыл бойы ауылдық елді мекендерде тұратын және соңғы 2 жыл бойы ауылдық елді мекендерде жұмыс істейтін Стипендиаттар үшін шарттық міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету ретінде оқу құнының кепілмен жабылу пайызына қарамастан екі кепілгер ұсынылады.
Стипендиаттың, оның отбасы мүшелерінің (ата-анасы, жұбайы, балалары) меншігінде ауыртпалығы жоқ жылжымайтын мүлік болмаған жағдайда, оқу туралы шартта көзделген міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында Стипендиат бес кепілгер ұсынады.
Тағылымдамадан өтуге жіберілетін Стипендиаттар міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында екі кепілгер ұсынады.
Кепілгер ретінде Қазақстан Республикасының 50 жасқа толмаған азаматы танылады, ол соңғы 12 күнтізбелік ай ішінде тұрақты табысқа ие болуы тиіс, бұл жұмыс берушінің анықтамаларымен және зейнетақы аударымдарының төленгенін растайтын құжаттармен (оның ішінде зейнетақы қорынан үзінді көшірмемен) расталады.
Кепіл шарты жасасу үшін келесі құжаттар қажет:
– кепілгердің жеке басын куәландыратын құжат (нотариалды куәландырылған көшірме);
– кепілгердің жұмыс орнынан берілетін анықтама, онда лауазымы, жұмысқа қабылданған күні және кепіл шарты жасасу күніне дейінгі соңғы 12 күнтізбелік айдағы табысы көрсетілуі тиіс. Кепілгер ретінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар қатысқан жағдайда: жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу туралы куәлік (нотариалды куәландырылған көшірме); кепіл шарты жасасу күніне дейінгі соңғы 12 күнтізбелік айдағы табысын растайтын құжаттар;
– кепіл шарты жасасу күніне дейінгі соңғы 12 күнтізбелік ай ішінде зейнетақы аударымдарының төленгенін растайтын құжаттар (оның ішінде зейнетақы қорынан берілген үзінді көшірме).
Қоғамның кепілінде тұрған жылжымайтын мүліктен ауыртпалықты алып тастау Стипендиат барлық шарттық міндеттемелерін тиісінше орындағаннан кейін жүзеге асырылады.
Шартқа қол қойылғаннан кейін сізге куратормен байланысу қажет: Америка, ТМД және Океания басқармасы (тел. +7 (7172) 76 90 76 (ішкі 120, 121, 122, 123)), Еуропа және Азия басқармасы (тел. +7 (7172) 76 90 76 (ішкі 130, 131, 133, 134)).
Одан әрі кепілдік хатты (КХ) алу үшін өтініш беру қажет — бұл виза алуға және шетелдік оқу орнына демеушілікті растау ретінде ұсынуға қажетті ресми құжат. Кепілдік хат мемлекеттік қызмет болып табылатындықтан, өтінішті жеке өзі Қоғамға немесе сенімхат бойынша уәкілетті тұлға арқылы беруге болады;
Шетелге шыққанға дейін мультивалюталық төлем банктік картасын рәсімдеп, карта-шот туралы мәліметтерді Қаржылық қамтамасыз ету басқармасына жіберу қажет;
Виза алғаннан кейін оның сканерленген көшірмесін кураторға жіберіп, сондай-ақ виза, медициналық сақтандыру, әуе билеттері бойынша шығындарды өтеу және аванстық төлемді рәсімдеу үшін Қаржылық қамтамасыз ету басқармасына +7 (7172) 76 90 76 (ішкі 200, 223) телефоны арқылы хабарласу қажет.
Стипендия Стипендиаттың жеке оқу жоспарына сәйкес, оқу еліндегі нақты орналасқан жері мен оқу, тағылымдамадан өту немесе тілдік курстардан өту кезеңіндегі шығын нормалары бойынша есептеліп тағайындалады. Тұрғын үй мен тамақтануға арналған ай сайынғы төлемдер алдыңғы айдың 25-інен ағымдағы айдың 5-іне дейін жүзеге асырылады;
Оқу еліне келгеннен кейін Стипендиат кураторға Release Form (білім беру ұйымындағы мәртебесі мен академиялық үлгерімі туралы ақпарат беруге рұқсат беру құжаты) және оқу еліндегі өзекті байланыс деректері көрсетілген анкетаны жіберуі қажет;
Оқу басталған күннен бастап 15 күнтізбелік күн ішінде Стипендиат болу еліндегі Қазақстан Республикасының шетелдік мекемесінде есепке тұруы қажет және бұл туралы тіркелген күннен бастап 7 жұмыс күні ішінде Қоғамды хабардар етуі тиіс;
Оқу басталған күннен бастап 60 күнтізбелік күн ішінде Стипендиат Қоғамға бекіту үшін жеке оқу жоспарын ұсынуы қажет. Оқу барысында әрбір оқу орны белгілеген аралық оқу кезеңінің (семестр, триместр немесе оқу жылы) қорытындысы бойынша Қоғамға академиялық үлгерім туралы үзінді, аралық есеп және тағылымдама жетекшісінің пікірін ұсыну қажет.
Оқу аяқталған күннен бастап 30 күн ішінде Қазақстан Республикасына қайтып келу, Қоғамға Қазақстан Республикасына кіргені туралы белгісі бар паспорттың көшірмесін, оқуды аяқтау туралы өтінішті, сондай-ақ бүкіл оқу кезеңі бойынша дәрежені беру туралы диплом мен транскрипттің мемлекеттік немесе орыс тіліне нотариалды куәландырылған аудармаларын ұсыну қажет.
«Болашақ» стипендиясы аясында алынған мамандық бойынша Қазақстан Республикасының аумағында (Қазақстан Республикасынан тыс жерде еңбек қызметін жүзеге асыратын тұлғаларды қоспағанда) оқу/тағылымдамадан өту туралы шартта көрсетілген мерзімдер ішінде үздіксіз еңбек қызметін жүзеге асыру қажет.