Конкурс 3 турдан тұрады.
Бірінші және екінші турларды Қазақстан Республикасының ұйымдарымен және сарапшыларымен бірлесіп Әкімші ұйымдастырады және өткізеді.
Бірінші турда кешенді тестілеу өткізіледі, ол келесі турға жіберілетін іріктеу туры болып табылады. Бірінші турда жұмыс органы белгілеген шекті балды жинамаған үміткер екінші турға қатысуға жіберілмейді.
Екінші тур үміткерлердің тәуелсіз сараптамалық комиссия мүшелерімен дербес анонимді әңгімелесуін ұйымдастыру арқылы өткізіледі. Тәуелсіз сараптамалық комиссияның құрамын, жұмыс тәртібі мен оны ұйымдастыруды Жұмыс органы – Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі бекітеді.
Екінші турда үміткердің кәсіптік дайындық деңгейі, теориялық білімі және таңдаған мамандану саласы бойынша кәсіптік құзыреттерінің болуы анықталады.
Жұмыс органы үміткерлердің материалдарын үшінші турға енгізеді, онда олар шетелде кадрларды даярлау жөніндегі Республикалық комиссияның қарауына ұсынылады. Бұл қарау кешенді тестілеу нәтижелерін, Тәуелсіз сараптамалық комиссияның ұсынымдарын, сондай-ақ жұмыс органы бекіткен конкурстық іріктеудің саралау кестесіне сәйкес жүргізілген саралауды қамтиды.
Республикалық комиссия бірінші және екінші кезеңдердің нәтижелерін қарайды және «Болашақ» стипендиясын беру не беруден бас тарту туралы түпкілікті шешім қабылдайды, ол туралы үміткерге ақпаратты Әкімшінің ресми интернет-ресурсында 3 (үш) жұмыс күні ішінде орналастыру арқылы хабарланады.