Мемлекеттік қызметке кіруге ниет білдірген Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тестілеуден өтуге міндетті.
Тестілеуді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі
«Мемлекеттік қызметшілерді, бос әкімшілік мемлекеттік лауазымға үміткерлерді және құқық қорғау қызметіне және азаматтық қорғаныс органдарында қызметке орналасуға үміткер азаматтарды тестілеу» мемлекеттік қызметін көрсету шеңберінде өткізіледі.
Жалпы конкурс өткізілетін бос лауазымдар туралы хабарландырулар «eqyzmet.gov.kz» интеграцияланған ақпараттық жүйесінде, ал ішкі конкурстар үшін – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің және конкурс жариялаған мемлекеттік органның ақпараттық ресурстарында орналастырылады.
Мерзімді басылымдарда жарнама жариялауға да рұқсат етіледі.
Заңнамаларды білуді тексеруден кейін үміткердің кәсіби, этикалық және басқарушылық құзыреттіліктерін анықтауға бағытталған жеке қасиеттерін бағалау жүргізіледі.
Тестіден сәтті өткен азаматтар мемлекеттік органның іріктеу комиссиясымен әңгімелесуді қоса алғанда, конкурстық іріктеудің келесі кезеңдеріне жіберіледі.
Тест мазмұны төмендегіні қамтиды:
Қазақстан Республикасының Конституциясы (15 сұрақ), «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» (15 сұрақ), «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» (15 сұрақ), Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің этикалық кодексі (10 сұрақ).