Қазақ тілін үйренгісі келетіндер қайда жүгіне алады?

Введение

ҚР Конституциясына сәйкес мемлекет қазақ тілін оқуға және дамытуға қажетті жағдайларды қамтамасыз етеді. Ол үшін еліміздің барлық өңірлерінде 115 Мемлекеттік тіл оқыту орталықтары жұмыс істейді.

Қазақ тілін өз бетінше оқу үшін «Balatili.kz», «Tilqural.kz», «Tilmedia.kz», «Аbаі.institute», «Qazaq Sozi», «Soyle.kz», «Tatti Alma» және т.б. веб-сервистер мен мобильді қосымшалар әрекет етеді.

Осы материалда қазақ тілін үйренгісі келетіндер қайда жүгіне алатынын қарастырамыз.

Қазақ тілін цифрландыру, зағип және нашар көретін азаматтарға жағдай жасау

Экран дикторы

2023 жылы көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған қазақ тіліндегі сөйлеу синтезі бар экрандық диктор жобасы әзірленді. Жоба көру қабілеті бойынша мүгедектігі бар адамдардың цифрлық кеңістіктегі қазақ тіліндегі ақпаратқа қолжетімдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бүгінде экран дикторының Windows операциялық жүйесіне арналған плагині және Android-қа арналған қосымшасы қолжетімді. Қазақ тілінде экран дикторын түрлі қосымшаларда қолдану үшін python-да арнайы кітапхана мен API жүйесі әзірленді.

Экран дикторы «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңның 8-бабына сәйкес мемлекеттік органдардың 3300 ресми интернет-ресурсына орналастырылды, сондай-ақ басқа да ақпарат иеленушілеріне (ЖАО, ЖОО, ұлттық компаниялар және т.б.) жолданды.  

Telegram-бот

«Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КЕАҚ Azure Text-To-Speech-пен интеграциялау арқылы қазақ тіліндегі мәтінді аудиофайлға түрлендіретін бірегей Telegram-бот әзірлеп, іске қосты. @kztts_bot телеграмм каналында қолжетімді.

Жоба бір ғана жылдың ішінде 15 млн. сұранысқа жауап берді.

Халықтың тіл мәдениетін арттыруға бағытталған сайттар

«Emle.kz» - қазақша дұрыс жазу, жұртшылықтың тіл мәдениетін көтеру мақсатында құрылды. Деректер базасында қазақ тілінің өзекті орфографиялық сөздігі, орфография ережелері, осы салаға қатысты ғылыми әдебиеттер бар.

Сайттың «Әдеби тіл нормалары» блогында сөз сазы, оның көркем әдебиет пен өмірдегі маңызы, ережелері мен қағидалары берілсе, «Орфография» блогында сөздердің дұрыс жазылу ережелері беріледі. Сондай-ақ кірме сөздер мен терминдік мәнге ие сөздердің бұрынғы және қазіргі жазылу барысындағы айырмашылықтары салыстырмалы түрде көрсетіледі. «Пунктуация» блогында тыныс белгілердің қойылу ретіне байланысты ережелер енгізілсе, «Аббревиатура» блогында қысқарған сөздер, олардың толық атаулары, қысқарылу реті, атаулар мен сөздерді қысқарту барысында басшылыққа алынатын қағидалар мен сүйенетін заңдылықтар келтіріледі. «Мақалалар» блогында осы саладағы ғалымдардың ғылыми мақалалары келтірілген. Оқырман автормен байланысып, мақаланың астына пікір қалдырып, сұрағына жауап ала алады.

«Termincom.kz» сайты – Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы терминологиялық комиссия бекіткен терминдерді бірыңғай электрондық базаға үздіксіз енгізу, қазіргі заманғы ғылым, білім, техника және экономика, қоғамдық-әлеуметтік бағыттар бойынша салааралық терминологиялық қорды біріздендіру және жетілдіру мақсатында құрылды.

Бұл терминологиялық лексиканы біріздендіруге, терминологиялық қорды толықтыруға, терминдер мен атауларды қазақ тілінің нормаларына сәйкес реттеуге, терминологиялық атауларды пайдалану тиімділігін арттыру үшін қалың жұртшылыққа арналған ақпараттық құралдың бір түрі.

Сайт «Бекітілген терминдер», «Терминдер хронологиясы», «Қолданыстағы салалық терминдер», «Ойталқы», «Құқықтық-нормативтік база», «Ғылыми-әдіcтемелік негіздер» және «Іздеу» блоктарынан тұрады.

«Бекітілген терминдер» блогында Республикалық терминологиялық комиссиясында мақұлданған терминдер орналастырылса, «Терминдер хронологиясында» терминдердің бекітілу мерзімдері және олардың сөздік ретінде жарық көруінен мәліметтер беріледі.

«Қолданыстағы салалық терминдер» блогында Республикалық терминология комиссиясының мақұлдауымен жарық көрген терминологиялық сөздіктер салынды.

«Ойталқы» айдарында бекітуге ұсынылатын терминдерге қатысты әрбір оқырман өз ой-пікірін қалдыра алады.

«Ғылыми-әдістемелік негіздер» блогында терминжасам мәселелеріне қатысты еңбектер ұсынылып отыр.

Шет тілі терминдерінің қазақ сөзжасамдық, фономорфологиялық модельдерінің автоматтандырылған жүйесі – жұрнақтары бірыңғай терминдерді жүйелейдә және сәйкестендіреді (жоба Республикалық терминологиялық комисияның жұмысын жеңілдетеді және бекітілген терминдер санының ұлғаюына ықпал етеді).

«Sozdikqor.kz» сайты – әртүрлі салалық сөздіктер мен энциклопедиялардағы сөздермен және тұрақты сөз тіркестерімен, ескірген қазақ сөздерімен, кірме сөздермен, ақпараттық технологиялардың даму кезеңіндегі жаңа технологиялық сөздердің мағынасымен танысуға мүмкіндік беретін алғашқы әмбебап платформа.

Базаға 400 000 сөз, 1 243 850 тілдік бірлік жүктелген.

Порталға 60-қа жуық түрлі салалық сөздіктер мен энциклопедиялар енгізілген. Атап айтқанда, 15 томдық Қазақ әдеби тілінің сөздігі, Абай сөздігі, Ахмет Байтұрсынов энциклопедиясы, қазақ тілінің синонимдер сөздігі, қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі және т.б.

Порталдың іздеу жүйесі арқылы сөздердің анықтамасын, синонимдерін, антонимдерін, омонимдерін, сөздердің фразеологиялық тіркестерде кездесу жиілігін білуге болады.

2021 жылы «синонимайзер» функциясы қосылды. Кілт сөздерді дыбыстандыру функциясы бар. Порталдың мобильді қосымшасын Goolge Play және App Store-дан жүктеуге болады. @Sozdikqor.kz тelegram-бот жұмыс істейді.

«Qazgramma» - мәтіннің дұрыстығын қазақ тілінің емле ережелеріне сәйкес тексеруге мүмкіндік беретін платформа. «Grammarly», «Тext.ru», «Languagetool.org» тәрізді халықаралық платформалардың аналогы ретінде жасалған. «Qazgramma» қазақ тіліндегі мәтін қатесін тіл нормаларының талаптарын сақтай отырып түзетуге, сайттарды талдауға және құжатты стильге сәйкес тексеруге, орфографиялық, орфоэпиялық, пунктуациялық, грамматикалық қателерді анықтауға мүмкіндік береді және т.б. Омонимдер, синонимдер және т.б. ұсынады.

«Qazcorpora.kz» сайты қазақ тілі ұлттық корпусының публицистикалық мәтіндерінің кіші корпусы.

Корпус – белгілі бір тілдегі мәтіндердің электронды түрде жинақталуына негізделген ақпараттық-анықтамалық жүйе. Корпусты құрудың негізгі мақсаты – табиғи тілдік ресурстарды жинау, қалыпқа келтіріп, жүйелендіру, нәтижелерді ұтымды пайдалану үшін тұтынушыларға ұсыну.

Корпус – бұл қазақ тілінің бір жүйеге кіріктірілген тілдік материалдарының базасы ғана емес, сондай-ақ виртуалды кеңістікте мемлекеттік тілдің қызмет етуін, семантикалық кеңістігін кеңейту, ақпараттық таралу ауқымын кеңейту, тілдік ресурстарға жаппай қол жеткізу тетігі. Цифрландырылған жүйе түріндегі қазақ тіліндегі мәтіндердің базасын көрсететін осы ақпараттық-анықтамалық ашық жүйе ұлттық тіл тіршілігінің белгілі бір кезеңінде (немесе кезеңдерінде) әдеби тіл стилінің, тілдік қолданудың барлық түрлерін жинақтайды және тұтынушыға ұсынады.

Әлемнің негізгі тілдерінің көпшілігінде мәтіндердің толықтығы мен ғылыми өңдеу деңгейімен ерекшеленетін өздерінің ұлттық корпустары бар.

Корпустың мүмкіндіктері:

 - тілді ана тілі немесе шет тілі ретінде оқыту үшін қажет (әлемде оқулықтар мен оқу бағдарламалары корпусқа бағытталған. Кез-келген шетелдік, мектеп оқушысы, мұғалім, журналист, редактор және жазушы корпусты қолдана отырып, бейтаныс сөзді немесе грамматикалық форманы қолдану ерекшеліктерін тез және тиімді тексере алады);

 - тілдің лексикасы мен грамматикасын, онда жүздеген жылдар бойы болып жатқан өзгерістерді ғылыми зерттеу үшін қажет;

 - ақпаратты іздеуді оңтайландырады;

 - ауқымды материалдарды талдауды, өңдеуді, статистикалық деректерді алуды жеңілдетеді;

 - қажетті сөздіктерді корпус базасы негізінде жасауға болады;

 - корпустың базасы үнемі жетілдіріліп, толықтырылып отырады.

Мәтінге 12-20 параметрлік метабелгіленімдер (мәтін авторы, мәтін тақырыбы, мәтін стилі, жанр, мәтін түрі, хронотоп, дереккөз, жариялану мерзімі және т.б.) жасалды. Келешекте публицистикалық стильдің басқа да ішкі жанрларын қамту, сондай-ақ басылым кезеңдері бойынша ұлғайту және дереккөздердің атаулары бойынша кеңейту көзделген.

«Qazlatyn.kz» (портал және конвертер) - еліміздегі латын графикасына көшу үдерісін сүйемелдейтін негізгі ұлттық портал.

Порталдың көпфункционалды конвертері мәтіндерді кирилден латынға және төте жазуға онлайн сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Конвертердің ішкі ядросы (кодтары) «Яндекс переводчик» веб-сервисіне орналастырылып, қазіргі таңда «казахский (латиница)» деген жазумен халықаралық деңгейдегі тілдер қатарына қосылды.

«Qujat.kz» - қолданыстағы құжаттардың мемлекеттік тілдегі үлгілерімен қамтамасыз ету, ісқағаз, құжаттардың электронды қорын қалыптастыру, құжатайналымын автоматтандыру, мемлекеттік тілдегі құжаттардың қолданылу деңгейін арттыруға бағытталған портал.

Қазақ тіл білімі үшін ғылыми электрондық кітапхана – тіл білімі саласындағы ғылыми материалдардың ашық қолжетімділікте болуын қамтамасыз етуге арналған портал.

«Korneki.kz» дерекқорының мақсаты мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсету мақсатында тұрғын үй кешендеріне, сауда объектілеріне, ойын-сауық орталықтарына, қызмет көрсету орындарына, қайырымдылық қоры атаулары, тауар өнімдеріне (кондитерлік және т.б.) және т.б. атау беруде көмек көрсету.  

Дерекқор қазақ тіліндегі мәдени-семантикалық сөздер қорының жинағы болып табылады. Іздеу жүйесі арқылы  түрлі тақырып бойынша атаулар тізбегін қалыптастыру, сөздерді таңдауға мүмкіндік беру, берілген сөздердің этимологиясын қарау, беретін мағынасын білуге бағытталады.

Дерекқордың қоры – қазақ тілінде 15 мың сөзқолданыс, орыс тілінде 15 мың сөзқолданыс.

Қазақ тілін оқытуға бағытталған сайттар

«Abai.institute». 2020 жылдың 18 қарашасында Қазақстанда және шетелде қазақ тілін оқыту және ілгерілету бағдарламасы шеңберінде әзірленген «Abai.institute» веб-порталының таныстырылымы өтті. Бұл еліміздің азаматтарына, шетелдегі қазақ диаспорасына және шетел азаматтарына қазақ тілін үйренуге мүмкіндік беретін, қазақ тілін, әдебиеті мен мәдениетін дәріптейтін бірегей жоба. Сондай-ақ, «Abai.institute» Android және iOS қолдайтын мобильді қосымшада қолжетімді. Жоба Гете институтына немесе Пушкин институтына ұқсас етіп жасалған.

Портал 6 тілде (ағылшын, неміс, француз, орыс, түрік, парсы) ұсынылған.

АҚШ, Түркия, Франция, Германия, Австрия, Испания, Бельгия, Ресей, Иран, Чехия, Өзбекстан, Моңғолиядағы қазақ диаспорасы үшін қазақ тілін оқыту курстары өткізілді.

Сондай-ақ АҚШ, Ресей, Түркия, Франция, Германия, Бельгия, Иран, Моңғолия, Өзбекстан және т. б. елдерде қазақ тілі оқытушыларының біліктілігін арттыру курстары өткізілді.

Бұдан басқа, шетелдегі қазақ диаспорасына қазақ тілін оқытуға арналған әмбебап басылым әзірленді. Басылымның А1, А2, В1, В2, С1 деңгейлері бойынша қазақ, орыс, түрік, ағылшын тілдерінде әзірленген мазмұны «Abai.institute» платформасына орналастырылды.

Түркияда, АҚШ-та, Ресейде, Францияда, Германияда, Бельгияда, Иранда, Моңғолияда және Өзбекстанда офлайн және онлайн оқыту өткізілетін қазақ тілі кабинеттері ашылды. Жобада шетелдегі отандастармен жұмысты ұйымдастыратын және жоғарыда аталған елдердегі қазақ тілі кабинеттерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін «Отандастар қоры» КЕАҚ ерекше рөл атқарады. Портал Android Және iOS қолдайтын мобильді қосымшада қолжетімді.

«Tilqural.kz» - мемлекеттік тілді кезең-кезеңімен үйренуге арналған веб-сервис. Бұл қазақ тілін білмейтін ересектерге А1, А2, В1, В2, С1 деңгейлерінде тіл үйренуге мүмкіндік беретін онлайн-курс. Тіркелгеннен кейін пайдаланушы қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтауға бағытталған тестілеуден өтеді. Тестілеу нәтижелері бойынша жүйе оқу курсын ұсынады (5 деңгейдің бірі).

Сайт сөздік қорды толықтыруға, жаңа сөздердің мағынасын түсінуге және оларды күнделікті өмірде қолдануға, еркін оқуға, өз ойларын ауызша да, жазбаша да жеткізуге, сөздерді дұрыс айтуға, сөйлемдерді сауатты құруға мүмкіндік береді.

Пайдаланушы Жеке кабинетте орындалған сабақтар бойынша статистиканы көре алады. Құрылымы бойынша «Duolingo» және «Lingualeo»-ға ұқсайды. Қосымшаны Android, iOS платформалары арқылы жүктеуге болады.

«Tilmedia.kz» мемлекеттік тілге қызықты әрі тиімді үйрететін үш тілді сайт.

Сайттың жұмысы мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін насихаттауға, оларды қолдану аясы мен әдістемесін кеңейтуге бағытталған. Тілдерді оқыту әдістемесі аудио және бейне мазмұнына негізделген.

Сайтта латын және араб графикасы қарастырылған.

Сайт «ақпарат», «қара», «тыңда», «оқы», «сұрақ-жауап» атты 5 блогтан тұрады және онда тіл саясаты саласындағы өзекті мәселелер туралы жаңалықтар, сабақтар, сабақтар, танымдық аудиожазбалар, балалар мен ересектерге арналған бейнероликтер, аудиокітаптар, әдістемелік құралдар, көркем және балалар әдебиеті және т.б. орналастырылған.

«Вalatili.kz» сайты қазақ тілін оқып, дамытқысы келетін үш жастан асқан балаларға, бала тәрбиесі мен оқытуды жүзеге асырушы тәрбиешілер мен мұғалімдерге, ата-аналарға арналған. Сайт интуитивті іздеу жүйесі мен ыңғайлы навигация жүйесі бар онлайн платформа негізінде жұмыс істейді.

Сайтта баланың өзіндік жұмысына арналған жұмыс парақтары, ұcтаздар мен тәрбиешілерге, ата-аналарға әдістеме парақтары ұсынылған. Грамматика мен орфографияны үйренуге арналған материалдар, соның ішінде интерактивті әліпби мен ойындар, жас ерекшеліктеріне сәйкес аудиодиктанттар, каллиграфиялық дағдыларды дамытуға арналған тапсырмалар, қосымшалар қарастырылған.

Балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқуға арналған көркем мәтіндер, соның ішінде қызықты әңгімелер, тақырыптық өлеңдер, интерактивке негізделіп жасалған жаңылтпаштар, жұмбақтар мен мақал-мәтелдер топтастырылған.

Мамандардың лингвистикалық мәселелерге қатысты мақалалары, ғылыми еңбектері, сондай-ақ балабақшалар мен бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған оқу құралдары мен сабақ жоспарлары жарияланады.

«Qazaq sozi» - лексикалық минимумдар негізінде қазақ тілін өз бетінше үйренуге арналған мобильді қосымша, қазақ тілін үйренушілерге базалық деңгейде қажет бастапқы сөздік қор ұсынады. Мобильді қосымша 2016-2017 жылдары шығарылған «Қазақ сөзі» оқу-әдістемелік құралдарының негізінде әзірленді.

«Tilorta» - тіл үйренудің тиімділігін арттыруға, қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіруге, қазақ тілі оқытушылары мен тыңдаушылары үшін қажетті базаны қалыптастыруға бағытталған база.

Тұтынушылар: мемлекеттік және жекеменшік тіл орталықтарының, барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарының оқытушылары, әдіскерлері, ел аумағында және шетелде қазақ тілін үйренуге мүдделі азаматтар.

Базаға мемлекеттік және жеке тіл орталықтары, оқытушылар туралы ақпарат, оқу-әдістемелік құралдар, кітаптар, қазақ тілін үйренуге арналған аудио-бейне материалдар жүктелген.

«Tilalemi.kz» - тіл саясатын іске асыру саласындағы жаңалықтар, лингвист-ғалымдардың мақалалары, республикалық конкурстардың, іс-шаралардың ережелері және т. б. орналастырылатын портал, сондай-ақ порталда кітаптар, мультимедиялық бағдарламалар, сөздіктер мен журналдар және т. б. қолжетімді.