Шетелге тұруға кетесіз бе?

Жүктеу

Шетелде жұмыс іздеу кезінде алаяқтардың құрбаны болмау жолдары

Шетелде жұмыс іздеу кезінде аса сақ болу қажет. Жосықсыз делдалдар ақшаңыз бен дербес деректеріңізді иемдену үшін алдаудың түрлі айла-тәсілдерін қолданады.

1. Ақша аудармаңыз және құжаттарды қашықтан жібермеңіз

«Тек виза немесе алым үшін төлем жасау» алаяқтық схемасы: алаяқтар көбінесе бос жұмыс орны тегін екенін, бірақ «визалық алым», «сақтандыру» немесе «билетті брондау» үшін шұғыл түрде ақша аудару қажет екенін айтады. Жеке тұлғалардың банк карталарына немесе электрондық әмияндарына ақша аудармаңыз.

Дербес деректерді қорғау: паспорттардың, жеке куәліктердің және басқа да құжаттардың сканерленген көшірмелерін мессенджерлер арқылы белгісіз тұлғаларға жібермеңіз. Бұл деректер микрокредиттер рәсімдеу немесе басқа да қылмыстық схемаларда пайдаланылуы мүмкін.

2. Компанияның нақты жұмыс істейтінін тексеріңіз

Кеңсеге жеке бару: мәміле жасаспас бұрын компанияның Қазақстандағы кеңсесіне міндетті түрде барыңыз. Компанияның сайтында мекенжайының көрсетілуімен ғана шектелмей, кеңсенің шынымен бар екеніне көз жеткізіңіз.

Құжаттарды тексеру: компаниядан құрылтай құжаттарын, Қазақстанда мемлекеттік тіркелгені туралы куәлікті, сондай-ақ нақты шетелдік кәсіпорынға қызметкерлерді тарту құқығын растайтын шетелдік жұмыс берушілермен жасалған шарттардың немесе ынтымақтастық туралы меморандумдардың түпнұсқаларын сұратыңыз.

3. Қауіпсіздіктің негізгі ережелерін есте сақтаңыз

Тек жұмыс визасы: шетелде туристік, қонақ немесе студенттік визамен еңбек ету заңсыз болып табылады. Шетелге шығу шекарадан өткенге дейін рәсімделген жұмыс визасы негізінде ғана жүзеге асырылуы тиіс.

Шетелге шыққанға дейін шарт жасасу: елден кетпес бұрын қызмет көрсету шартын және еңбек шартын жасасыңыз. Шарт сізге түсінікті тілде жасалып, онда еңбек жағдайлары, еңбекақы мөлшері, тұру және сақтандыру шарттары нақты көрсетілуі тиіс.

Паспортыңыз әрқашан өзіңізде болсын: ешбір жағдайда паспорттың түпнұсқасын жұмыс берушіге немесе делдалдарға бермеңіз (ресми мемлекеттік органдарға қысқа мерзімге көрсету жағдайларын қоспағанда).

Баратын елдегі Қазақстан Республикасы Елшілігінің (Консулдығының) байланыс деректерін сақтап қойыңыз және жақындарыңызға болашақ жұмыс орныңыз бен тұратын жеріңіздің нақты мекенжайын хабарлаңыз.

Жаңарту күні: Көру саны:5
  1. Шетелде жұмыс іздеу кезінде алаяқтардың құрбаны болмау жолдары