Төлемді өткізіп алған жағдайда кредитор қарыз алушыға мерзімі өте бастаған сәттен бастап күнтізбелік 10 күн ішінде берешек сомасын көрсете отырып хабарлауға міндетті, хабарламада қарызды өтемеудің ықтимал салдары және қарыз шарттарын өзгерту үшін кредиторға жүгіну құқығы көрсетіледі.
Қарыз алушы қаржылық қиындықтардың себептерін және қарыз талаптарын өзгертудің ұсынылған нұсқаларын көрсете отырып, борышын қайта құрылымдау туралы өтінішпен банкке немесе МҚҰ-ға жүгінуге құқылы. Қаржы ұйымы жолданымды күнтізбелік 15 күнге дейінгі мерзімде қарауға міндетті және ықтимал шешімдерді ұсынуға құқылы.
Қайта құрылымдаудың ықтимал нұсқалары
Кредитор мынадай шараларды:
– төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігін беруі;
– ай сайынғы жүктемені төмендету үшін кредит мерзімін ұлғайтуы;
– пайыздық мөлшерлемені төмендетуі;
– айыппұлдар мен өсімпұлдардың бір бөлігін есептен шығаруы;
– қарыз алушының мүлік кепілін өз бетінше сатуы мүмкін.
Маңызды: банктер мен микроқаржылық ұйымдардың берешекті қайта құрылымдау туралы өтінішті қарағаны үшін ақы алуға құқығы жоқ.