Шетелде жұмыс ұсыну кезінде не білуіңіз керек
ЖүктеуӨзіңізді алаяқтық әрекеттерден қалай қорғауға болады?
Жұмыс берушіні және делдал ұйымды тексеріңіз
Егер жұмысқа орналасу жеке жұмыспен қамту агенттігі арқылы ұсынылса:
-
Ұйымның толық атауын, БСН-ін немесе кәсіпкердің ЖСН-ін, заңды мекенжайын және байланыс деректерін нақтылаңыз.
-
Ұйымның тіркелуі туралы мәліметтерді ресми мемлекеттік ақпараттық ресурстар арқылы тексеріңіз.
-
Тікелей жұмыс берушінің кім екенін, жұмыс орнының қайда орналасқанын және қандай міндеттерді орындау қажет болатынын нақтылаңыз.
-
Делдалдық қызметтер көрсету туралы шарттың жобасын ұсынуды сұраңыз.
-
Ұсынылып отырған қызмет түріне заңнамада арнайы рұқсат беру талаптарының көзделгенін тексеріңіз.
Ұйымның мемлекеттік тіркеуден өту фактісінің өзі делдалдың адалдығына кепілдік бермейді.
Жеке жұмыспен қамту агенттігімен шарт жасасыңыз
Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 55-1-бабына сәйкес жеке жұмыспен қамту агенттігі өзіне жүгінген адамдармен ел ішінде және шетелде жұмысқа орналасу үшін еңбек делдалдығы қызметтерін көрсету туралы шарттар жасасуға міндетті.
Шартқа қол қоймас бұрын мыналарды тексеру ұсынылады:
-
агенттіктің нақты қандай қызметтер көрсететінін;
-
төлем мөлшерін және оны төлеу тәртібін;
-
ақшалай қаражатты қайтару шарттарын;
-
қызмет көрсету мерзімдерін;
-
тараптардың жауапкершілігін;
-
дауларды шешу тәртібін;
-
жұмыскердің Қазақстанға қайтып оралуына жәрдемдесу шарттарын.
Тиісті құжаттық ресімдеусіз белгісіз адамдардың жеке банктік шоттарына ақша аудармаңыз.
Елге қайтып оралу кепілдіктерін нақтылаңыз
Азаматтарды жеке жұмыспен қамту агенттіктері арқылы шетелге ұйымдасқан түрде жұмысқа орналастыру кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында шарт мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыскерлердің елге қайтып оралуын қамтамасыз етуге бағытталған талаптар көзделген.
Шарт жасасар алдында делдалдың жұмыскерді елге қайтару бойынша қандай міндеттемелер қабылдайтынын, тиісті кепілдіктің қалай қамтамасыз етілетінін және оны қандай құжаттар растайтынын анықтау ұсынылады.
Делдалдың ауызша уәделерін жеткілікті кепілдік деп есептеуге болмайды.
Еңбек шартының талаптарын тексеріңіз
Шетелге шығар алдында жұмыс жағдайларының ұсынылған бос жұмыс орнына сәйкес келетініне көз жеткізу қажет.
Жалақы мөлшеріне, жұмыс кестесіне, тұру жағдайларына, медициналық сақтандыруға, жалақыдан ұстап қалу негіздеріне және еңбек қатынастарын тоқтату тәртібіне ерекше назар аудару керек.
Егер қабылдаушы елдің заңнамасы еңбек қызметін жүзеге асыруға рұқсат алуды талап етсе, туристік визамен жұмыс істеу туралы ұсынысқа келіспеңіз.
Ықтимал алаяқтық немесе еңбекті қанау белгілері:
-
нақты жұмыс беруші мен еңбек жағдайларын көрсетпей, жоғары жалақы уәде ету;
-
шарт жасаспай, жұмысқа орналастыру үшін шұғыл төлем жасауды талап ету;
-
агенттіктің немесе жұмыс берушінің деректемелерін ұсынудан бас тарту;
-
қажетті құжаттарсыз шетелге шығуды ұсыну;
-
паспортты немесе банктік деректерді беруді талап ету;
-
қорқыту, жүріп-тұру еркіндігін шектеу немесе жұмыс істеуге мәжбүрлеу.
Мұндай мән-жайлар анықталған жағдайда күмәнді ұсыныстан бас тартып, құзыретті органдарға кеңес алу үшін жүгіну ұсынылады.
