Мұраны қалай ресімдеуге болады

Жүктеу

Мұраны қабылдау үшін қашан және қайда жүгіну қажет

Мұра азамат қайтыс болған кезде ашылады. Мұраның ашылу орны мұра қалдырушының соңғы тұрғылықты жері болып табылады, ал егер ол белгісіз болса, мұрагерлік мүліктің немесе оның негізгі бөлігінің орналасқан жері мұраның ашылу орны болып есептеледі.

1-қадам. Мұрагерлік істің бар-жоғын тексеріңіз

Қазақстан Республикасының Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйесінің (БНАЖ) сайтында ашылған мұрагерлік іс туралы мәліметтерді тексеруге болады.

Іздеу үшін қайтыс болған адамның тегін, қайтыс болған күнін және тексеру кодын көрсету қажет.

Егер мұрагерлік іс ашылған болса, оны жүргізіп жатқан нотариусқа жүгініңіз.

Егер мұрагерлік іс табылмаса, мұраның ашылу орны бойынша нотариусқа жүгініңіз.

2-қадам. Мұраны қабылдау туралы өтініш беріңіз

Мұраны қабылдау үшін мұраның ашылу орны бойынша нотариусқа мұраны қабылдау туралы өтінішпен немесе мұраға құқық туралы куәлік беру туралы өтінішпен жүгіну қажет.

Мұраны қабылдаудың жалпы мерзімі — мұра ашылған күннен бастап алты ай.

Мұра мұрагерлік мүлікті іс жүзінде иеленуге немесе басқаруға кірісу арқылы да қабылдануы мүмкін. Қажет болған жағдайда мұраны қабылдау фактісі тиісті дәлелдемелермен расталады.

3-қадам. Құжаттарды дайындаңыз

Мән-жайларға байланысты мынадай құжаттар қажет болуы мүмкін:

  • мұрагердің жеке басын куәландыратын құжат;

  • мұра қалдырушының қайтыс болғаны туралы мәліметтер немесе құжат;

  • заң бойынша мұрагерлік кезінде туыстық қатынастарды растайтын құжаттар;

  • өсиет бойынша мұрагерлік кезінде, егер тиісті мәліметтерді нотариус ақпараттық жүйелерден ала алмаса, өсиет;

  • мұраға қалдырылған мүлікке құқық белгілейтін құжаттар;

  • мұраның құрамын және мұрагерлік құқықтарды растау үшін қажетті өзге де құжаттар.

Нотариус мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы қолжетімді мәліметтерді тексереді және қосымша құжаттарды ұсыну қажеттілігін айқындайды.

4-қадам. Мұраға құқық туралы куәлікті алыңыз

Мұраға құқық туралы куәлік, әдетте, мұра ашылған күннен бастап алты ай өткеннен кейін беріледі.

Заңнамада көзделген жағдайларда куәлік осы мерзімнен бұрын берілуі мүмкін.

Маңызды: мұрагерлік істердің цифрлық тізілімінің болуы мұраны қабылдау туралы өтінішті барлық жағдайда eGov.kz порталы арқылы толық қашықтан беруге болатынын білдірмейді. Өтініш беру және қажетті құжаттарды куәландыру тәртібі нотариат туралы заңнамамен айқындалады.

Жаңарту күні: Көру саны:16918
  1. Мұраны қабылдау үшін қашан және қайда жүгіну қажет