Әскери билеттерді беру «электрондық үкімет» порталына өтініш берген кезде «Әскери міндеттілерге әскери билеттерді немесе олардың телнұсқаларын беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметі арқылы жүзеге асырылады.
Көрсетілген мемлекеттік қызмет азаматтарға көрсетіледі:
- әскери қызметтен не құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдарда қызметтен босатылған және әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген;
- бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдарда әскери қызмет не қызмет өткерген және әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген;
- бұрын әскери (балама) қызметті не құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткергендер қатарынан басқа мемлекеттерден келген және Қазақстан Республикасының азаматтығын алған;
- әскери атағына қалпына келтірілген және құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарда әскери қызмет не қызмет өткерген өтінішке әскери атағын қалпына келтіру туралы сот қаулысының электрондық көшірмесі бекітіледі.
Сондай-ақ, әскери билетті беру келесі жағдайларда жүзеге асырылады:
- әскери билетті жоғалтқаны не бүлдіргені үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 649-бабында көзделген әскери есепке алу құжатын қасақана бүлдiргені немесе жоғалтқаны үшін әкімшілік жазаны қолдану туралы қаулының электрондық көшірмесі не көрсетілетін қызметті алушыға байланысты емес мән-жай бойынша жоғалту не бүлдіру фактісін растайтын уәкілетті мемлекеттік органнан анықтамасының электрондық көшірмесі өтінішке қоса беріледі;
- ескі үлгідегі әскери билетті жаңа билетке, әскери қызмет немесе құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткерген азаматтарға айырбастау, бұл ретте әскери билеттің түпнұсқасы (ескі үлгідегі) жаңа әскери билетті алған кезде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына тапсырылады;
- әскери қызмет немесе Құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткерген азаматтардың тегі, аты, әкесінің аты өзгерген кезде, бұл ретте ауыстырылатын әскери билеттің түпнұсқасы жаңадан жазылған әскери билетті алған кезде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына тапсырылады.