Ақмола облысы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі департаменті Көкшетау қаласының мемлекеттік органдарына қатысты тергеуді аяқтады. Тергеу қорытындысы бойынша Көкшетау қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ тарапынан бәсекелестік туралы заңнаманы бұзу фактілері анықталды.
Анықталғандай, аталған бөлім нарықтағы басқа қатысушылардың ұсыныстарын қарастырмай, газ тарату қондырғыларын (ГТҚ) жеке нарық субъектісіне тікелей келісім арқылы берген. Нәтижесінде Көкшетау қаласындағы шамамен 80 ГТҚ бәсекесіз тәсілмен табысталған.
Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 194-бабының 2-тармағының 9) тармақшасына сәйкес, жекелеген нарық субъектілеріне артықшылықтар беру және оларды бәсекелестеріне қарағанда басым жағдайға қою мемлекеттік органдардың бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттеріне жатады.
Тергеу нәтижесінде ТКШ бөлімінің бұрынғы басшысы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 163-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Газ тарату қондырғыларын бәсекелік тәсілмен беру туралы ұйғарым шығарылды.
Сондай-ақ Көкшетау қаласының «Құрылыс бөлімі» ММ тарапынан да осындай заң бұзушылықтар анықталып, жауапты лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.