Құрметті ақ жаулықты аналар және қырмызы гүлдей құлпырған әпке-қарындастарым!
Жылы шырайлы көктемнің алғашқы бір күндері барша азаматтың көңілін жадырата келген 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен ұлт пен ұрпақ бесігін тербеп, тіліміз бен дінімізді сүтімен бойға дарытып, санаға сіңірген, аяулы аналарымыздың мерекесімен баршаңызды құттықтаймын!
Ана дегенде менің көз алдыма жүзінен мейірім нұры төгіліп: «Құлыным, ботақаным, шаңырағым, шырағым, арманым, күнім!» деп мың толғанып, емірене иіскейтін ақ жаулықты аналар елестейді. Ананың ақ сүтін, ананың еңбегін бағалау, оның алдында перзенттік парызды сезіну саналы, түйсігі бар жанға салмақты жүк.
Ананың ақ сүті алдында кім болмасын бас иіп, борыштық сезімін мойындау парыз. «Анаңды сыйла, анаңды сыйла, тағы да анаңды сыйла» деп Пайғамбарымыз ана қадірін ерекше бағалаған.
Ананың нәзік үні, жұмсақ аялы алақаны, жан жылуымен аялауы бізді әлдилеп жұбатады. Баласы үшін Анасы бармайтын құрбандық бар ма? Ана болу – бүкіл өміріне кететін ұлы рухани күш пен ерен еңбек. Осы орайда орыстың ұлы жазушысы М.Горькийдің «…Дүниеде не жақсылық болса, соның бәрі Ананың ақ сүті мен күннің нұрынан жаралған» деген сөзіне еріксіз иланасың. Ендеше, адамзат үшін асыл қазына, Алланың берген ұлы сыйы – Ана. Ол баланы тәрбиелеуден, ауырса емдеуден, қамқорлық етуден еш шаршамайды да, жалықпайды да.
Жер бетіндегі жақсылық атаулы аналардың үлкен жүрегімен әрленеді десек, жылына бір тойланатын мерекеде олардың еңбектерін бағалап, сый құрмет көрсету баршамыздың парызымыз. Бұл күн ізгіліктің, мейірімділіктің, әдеміліктің нышаны.
Сіздер өмірді нұрландырып, шаңыраққа шаттық нұрын себетін, барлық тіршілік атаулының бастауысыздар.
Сіздердің қолдауларыңыз әркімнің жүрегінде сенімділік ұялатып, алдағы үлкен мақсаттарға жетелейді. «Отан – отбасынан басталады»,- дейді дана халқымыз.
Биыл халықаралық әйелдер күніні мерекелеудің идеялық-мазмұны Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған.
Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Біз бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік.
Тәуелсіз еліміздің бүгінгі күнге нығайып, әлем таныған абыроймен жетулеріне асыл аналарымыз, әпке-қарындастарымыз өлшеусіз үлес қосқандығы ақиқат.
Отбасының күнбе-күнгі шаруасын, бала тәрбиесін және қоғамдық жұмыстарды қоса атқара жүріп әйел заты біздің қоғамдағы тұрақтылық пен ел бірлігін сақтау мәселесінде шешуші рөл атқарып келеді.
Біздің қазіргі қоғамымызда әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол мемлекеттің өмірге және саяси мәселелерге белсене араласатын қоғам мүшесі. Сондықтан біздің елімізде әйел адамның әлеуметтік қорғалуына, олардың өмір сүру деңгейін арттыруға айрықша маңыз беріледі.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әйелдердің экономикалық және саяси ілгерлеуі саласында айтарлықтай прогреске қол жеткізді. Әйелдердің құқықтарын қорғаудың құқықтық негізі мен институционалдық тетіктері жасалды. 2030 жылға арналған отбасылық және гендірлік саясат тұжырымдасы іске асырылуда.
Ауданымызда мың жарымнан астам көп балалы аналар, оның ішінде мемлекетіміздің аналарға деген үлкен марапаты 495 «Алтын» алқа,
590 «Күміс» алқа иегерлері бар екендігін айта кеткім келеді.
Ана махаббаты – ол мәңгілік сәуле! Бұл өмірде өзгермейтін, тозбайтын, әр уақытта кіршіксіз мөлдір күйінде қалатын бір - ақ нәрсе. Ол - ана махаббаты.
Іңгәлап жарық дүниеге келгеніңде де оның жүрегінде сенің дауысыңды әсем әуендей қабылдайды, елжірей қолына алып, бауырына басады. Ана мейірін - біз Күн нұрына теңейміз. Күн шуақты болғанымен, ол өзінің нұрын тек қараңғылық құшағына енгенше ғана төнеді. Ал, ана махаббаты Күннен де қуатты, Күннен де шуақты.
Жылылық пен шексіз мейірімділікке толы ана жүрегі қашан да баласы үшін лүпіл қағып тұрады. Ананың балаға деген махаббаты мәңгілік әрі шексіз.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бірқатар бастамалары әйелдер құықығын кеңейту, ана мен баланы қорғау мәселелеріне арнады. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде әйел-ананың құрметті және жауапты қызметін, демографияны жақсартудағы, салауатты өмір салтын қалыптастырудағы әйелдердің ерекше рөлі зор.
Биыл мемлекет басшысы 2022 жыл – «Балалар жылы» деп жариялап, балалардың құқытары мен мүдделерін қорғауды басты назарда ұстау қажет екендігін атап өтті. Сонымен қатар балалы болу мүмкіндігі жоқ отбасыларды қолдау мақсатында арнайы «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылды.
Осы бағдарлама бойынша ауданымызда бала сүйе алмай жүрген отбасылар қол жеткізіп, ата-ана атанып отыр.
Сан мыңдаған тарихтың озбыр тұстарын көрген қазақ халқының күні бүгінге дейін айбынды ел болып келуі, жер бетінен тұтастай жоғалмай кетуінің үлкен себебі, аналарымыздың көп баланы дүниеге әкелуінен.
Қазақ әйелі бағзыдан даланы қорғаған, ерлермен бірге ерлік жасаған. Қазақ әйелі тек қана ошақ басының емес, бүкіл өмірін, ұрпағын сақтаған, ерліктің үлгісін көрсеткен.
“Отан отбасынан басталады”, - деген ұғымға сәйкес, әйелдің қоғамдағы рөлі ерекше. Өйткені отбасының құты болған әйел Отанға да адал қызмет етеді.
Осындай қазақтың халық саны мен табиғи өсімінің ұлғаюына ауданымызда үлес қосып жүрген батыр аналар бар.
Олар: 14 баланың анасы - Гүлназ Шакенова, 10 баланың анасы - Алтынай Диханбаевалар
30 жасында 9 баланың анасы атанған - Назгүл Әліпиева, 7 баланың анасы - Милана Хунчиева,
қазіргі заманның Жас батыр аналары бүгін арамызда.Еліміздің демографиялық өсуіне өз үлесін қосып отырған осындай Жас батыр аналарымыздың саны арта берсін!
Қымбатты ханымдар!
Сіздердің атыңызға айтылатын ақ алғыстар мен жылы сөздер еш уақытта толастамасын.
Көктемнің басымен келетін мерекелік көңіл-күй Сіздердің сергектіктеріңіз бен күш-жігерлеріңіздің қуат көзіне айналсын. Сіздерге және отбасылыраңызға әрқашан бақыт және сәттіліктер тілеймін!
Айрықша қасиеттеріңіз мәңгілік салтанат құрып, елдегі береке-бірлік молая берсін. Бұл мереке сонымен қатар, айналасына нұр шашып, әсемдік пен сұлулыққа бөлейтін қыздарымыздың да мерекесі.
Көкжиектен тамыр тартқан, тарихи оқиғаларға зер салсақ, біздің қыздарымыз адалдық пен сұлулықтың, батырлық пен ерліктің өшпес өнегесін көрсеткен.
Сұрапыл соғыс жылдарында жаратылысы нәзік болса да, сайдың тасындай сарбаздардан кем түспей, қайтпас қайсар қайратымен қан майданда ерлік көрсеткен қазақтың батыр қыздарының есімдері ел есінде. Солардың бірегейі, қазақ қыздарының арасынан тұңғыш рет Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған – Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова.
1942 жылы тамызда олар өз еркімен Қызыл Армия қатарына алынып, 21-інші атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысып, ерлікпен қазақ тапқан батыр, нәзік жандылардың бірі.
Осындай ауданымыздан Ауған соғысына ерлермен иық тіресе соғысқа аттанған, жалғыз әйел азаматша, Кербұлақ ауданының «Құрметті азаматы», «Ауған соғысының ардагері», зейнеткер, батыр қыздарыңыз – Ләззат Саржанова. Қан майдан соғыстың ортасында жүріп, ерлік көрсете білген.
Бүгінгі таңда Басши ауылдық округінің ауруханасында медбике болып қызмет жасайды. Отбасында 3 қыз, 2 ұл тәрбиелеп, 6 немеренің әжесі атанып отырған батыр аналардың бірі.
Ауданымызда қыз бала тәрбиесі мен тәлімі көп болып қолға алып, ақыл-ой парасатпен жүзеге асыратын, әйел адамның құқығы, қоғамдағы орны мен қызметін дәріптеп, ауданымызда үлкен іс-шараларды ұйымдастырып, облыс, республика көлемінде жетістіктерге жетіп жүрген «Аналар кеңесін» атап өткім келеді. Тәрбиелік мәні зор «Анаға тағзым», «Рухтың күші әкеде» форумдарын ұйымдастырып, «Ақ орамал» акиясы мен «Ару ажары - бұрым» атты байқауын өткізді.
Зейнеткер ұстаз, Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы, Алматы облысы ҚХА жанындағы аналар кеңесі төрайымының орынбасары, Кербұлақ аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ғалия Ниязқызы Ақбасова өзінің авторлық еңбегі - «Қыз ұлттың анасы» атты журнал жарық көрді.
Сонымен қатар, отбасындағы құндылықтарды насихаттау, қазақстандық патриотизмді, толеранттылықты және этносаралық келісімді, ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды сақтауға өзіндік үлесін қосып келеді. Ғалия Ниязқызының өзінің авторлық еңбегі - «Қыз ұлттың анасы» атты журнал жарық көрді.
Ана ретінде баланы дүниеге әкеліп, оқытып, ауданымызда дарынды бала тәрбилеп, ауданымыздың абыройын көтеріп, отбасылық өмір мен қызметті қатар алып жүрген аналар бар.
Олар: бірнеше фильмдерде көрнекті рөлдерді сомдаған жас актриса Жәнел Аликованың анасы, аудандық «Кербұлақ жұлдызы» газетінің тілшісі, ҚР Журналистер Одағының мүшесі – Дина Аманқызы Дүйсенбаева, Республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүрген Күреңбел қазақ орта мектебінің 10 сынып оқушысы Ерғали Аружан мен Д.Қонаев атындағы орта мектептің 2 сынып оқушысы Ерғали Еркежанның анасы - Айгүл Ержанқызы Сәскебаева,
дзюдодан Европа кубогінің күміс жүлдегері, Азия чемпионатының чемпионы Айбек Иембергеннің анасы - Жанар Қуатайқызы Мұқанова, Бекарыс Садуақасовтың анасы - Қарлығаш Тұрғанбекқызы Жоробаева, самбо күресінен Азиның 7 дүркін чемпионы Ділдәш Құрышбаеваның анасы - Бағила Илясқызы Мақсұтова және тағы басқа аналар да бар.
Бүгінгі таңда ауданымызда жалпы саны 24 968 әйел азаматшалар бар. Оның басым бөлігі мемлекеттік, ауылшаруашылығы, мәдениет, өнер, білім және басқа да салаларда қызмет атқарып жүр. Сонымен қатар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкер әйелдер де бар.
Осы орайда әр салада адал қызмет жасап, еліміз гүлденуіне қомақты үлес қосқан 20 азаматшаларымызды бүгін арнайы шақыртып, қабылдау өткіздім.
Құрметті нәзік жанды арулар!
Сіздердің атыңызға айтылатын ақ алғыстар мен жылы сөздер ешуақытта толастамасын. Көктемнің басымен келетін мерекелік көңіл – күй Сіздердің сергектіктеріңіз бен күш – жігерлеріңіздің қуат көзіне айналсын. Сіздерге және отбасылыраңызға әрқашан бақыт және сәттіліктер тілеймін!
Сіздер адал жар, қамқор ана, сенімді дос қана емес, сонымен бірге жақсы басшы, білікті маман, іскер ұйымдастырушысыздар.
Билік пен кәсіпте, ғылым мен мәдениетте ерекше қабілетпен танылып, шығыс мәдениетіне тән нәзіктік пен ұстамдылық, батыс өркениетіне тән ой тәуелсіздігі мен еркіндік үйлесім тапқан жаратылыстары бөлек жансыздар.
Баршаңызға мол бақыт, бастаған істеріңізге сәттілік, Қазақ еліндегі береке мен бірліктің ортаймауын тілеймін!
Құрметті ақ жаулықты әжелер, ардақты аналар, қаракөз қарындастар!
Сіздерді жыл мезгілінің ең көрікті де қуанышты мезгілі көктемнің алғашқы мерекесі – 8 Наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Жер – дүниенің жаңаруын, оның сәні мен мәнін паш етіп келе жатқан тамаша көктемнің мерекесі қарсаңында Сіздерге және отбасыларыңызға мол береке, бақыт, шаттық, мызғымас денсаулық, болашаққа зор сенім, көтеріңкі көңіл – күй тілеймін. Жылдан – жылға табиғаттың тамаша мерзімі – көктемдей құлпырып, жасара беріңіздер!Көктемгі мерекелеріңізбен құттықтай отырып, әрдайым әдемі, жылы жүректі аналық абыройлы атақтарыңыз биіктей берсін. Зор денсаулық, мәңгі жастық пен сұлулық тілеймін!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Әдемі жүздеріңізден қуаныштың нұры мен жүректеріңізден мейірім кетпесін.