Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті

Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті
Бүгін Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиевтің төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы, нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының отырысы өтті.
Жиын барысында түзеу мекемесінен босатылып келгендер, есепте тұрған сотталушылар, аудан аумағында нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күрес бойынша 8 айда атқарылған жұмыстар, құқық бұзушылықтар профилактикасына қатысатын азаматтар мен ұйымдардың есебін жүргізу, қоғамдық тәртіпті күшейту бойынша баяндамалар тыңдалды.
Атқарылған ақпараттар бойынша статистика негіздеріне сүйенсек, қазіргі таңда есепте тұрған сотталғандардың саны 76-ны құраса, оның ішінде 66 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар пробациялық қызметінің есебінде тұрған 4 азаматқа квота бөлініп, «Казфосфат» ЖШС-нің «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені мен «Жаңатас Су-Жылу» КМК-не жұмысқа орналастырылған.
Сонымен қатар пробациялық есепте тұрғандарға қоғамдық ортаға бейімдеу мақсатында 5 мәрте психологиялық тренинг-семинарлар, әлеуметтік құқықтарын қалпына келтіру бойынша заңгерлік кеңестер мен құқықтық көмектер көрсетілген.
Қайтарымсыз грант алу бойынша «Бастау Бизнес» жобасынан сертификат алған 3 азаматтың өтініші комиссия отырысында қаралуда.
Заңсыз есірткі айналымы бойынша атқарылған жұмыстарға клеер болсақ, ауданда «Қарасора-2022» арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасы кешенді жоспар бойынша өткізілуде. Іс-шара аясында өңірге қарасты елдімекендердің бірыңғай тізімі жасалып, білікті қызметкерлерден жасақталған құрамның тікелей бақылауына алынған. Жедел профилактикалық шара аясында 7 дерек тіркеліп, қылмыстық іс қозғалған.
Дәріханаларға зерделеу жұмыстары жүргізіліп, рецептісіз «Дигоксин», «Трамадол» дәрмегін сатқандарға 427 бап бойынша 3 хаттама толтырылған.
Аталған іс-шаралар аясында ұсыныс-пікірлер айтылып, жауапты сала басшыларына құқық бұзушылық фактілерінің алдын алу бойынша тапсырмалар жүктелді.
Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі