Қазақстан қоғамдық қауіпсіздік бойынша үздік 50 елдің қатарына енді

Қазақстан қоғамдық қауіпсіздік бойынша үздік 50 елдің қатарына енді

Қазақстан қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік деңгейі бойынша 143 ел мен аумақтың арасында 41-орынға ие болды. Бұл туралы World Justice Project (WJP) ұйымының 2026 жылға арналған халықаралық зерттеуінде жарияланған мәліметтерде айтылған.

Соңғы төрт жылда Қазақстан осы көрсеткіш бойынша өз позициясын тұрақты түрде жақсартып келеді. 2023 жылы ел 44-орында болса, 2024 жылы 43-орынға, 2025 жылы 42-орынға көтерілді. Ал биыл 41-орынға тұрақтады.

Сарапшылар нені бағалады?

Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік көрсеткіші халықтың қылмыстылықтан, терроризм қаупінен, қарулы қақтығыстардан және саяси зорлық-зомбылықтан қаншалықты қорғалғанын қамтиды. Сондай-ақ жеке жанжалдарды шешу барысында зорлық-зомбылықтың қаншалықты жиі қолданылатынына ерекше назар аударылады.

Бұл бағытта Қазақстан Франция, Италия, Португалия, Грузия, Түркия және Ресей сияқты бірқатар Еуропа мен Азия елдерінен озып тұр.

Қазақстан жалпы рейтингте қандай орынға ие?

Қоғамдық қауіпсіздік World Justice Project ұйымының Заң үстемдігі индексінің құрамына кіреді. Аталған индекс сегіз бағытты қамтиды.

Қауіпсіздіктен бөлек, зерттеу азаматтардың негізгі құқықтарының сақталуын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті, мемлекеттік органдардың ашықтығын, сот жүйесінің жұмысын және заңнаманың орындалуын бағалайды.

Жалпы рейтингте Қазақстан 143 ел мен аумақтың арасында 67-орынға ие болды.

Зерттеу халық пен тиісті сала мамандары арасында жүргізілген сауалнамаларға негізделген. Бағалау 44 көрсеткіш бойынша қалыптасты.

2026 жылғы Заң үстемдігі индексінің жалпы рейтингінде Дания көш бастады. Одан кейінгі орындарға Норвегия, Финляндия, Швеция және Люксембург жайғасты.

Жарияланған күні

28 қазан 2026 20:49

Жаңарту күні

28 қазан 2026

Жарияланды
Бағыттар