
Сот жюриінің қызметін қамтамасыз ету бөлімімен 2021 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша Сот жюриінің тәжірибесі жинақталды.
Қарастырылып отырған кезең аралығында Сот жюриінің 7 отырысы өткізілді, онда 54 судьяға қатысты 58 тәртіптік іс, оның ішінде төрт судьяға қатысты екі рет және тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алып тастау бойынша 1 материал қаралды.
Жүргізілген талдау өткен жылдардың ұқсас кезеңдерімен салыстырғанда қаралған тәртіптік материалдар санының 45%-ға өскенін көрсетеді. Сонымен қатар, тәртіптік жазаны қолданумен аяқталған тәртіптік істердің саны бір қалыпты деңгейде сақталуын жалғастыруда.

Нәтижесінде, 2021 жылдың 6 айы бойынша 37 судья тәртіптік жауапкершілікке тартылды, бұл жалпы алдыңғы жылдардың статистикалық көрсеткіштеріне ұқсас болып келеді (2019 жылдың 1 жартыжылдығында – 36, 2020 жылдың 1 жартыжылдығында - 38).
Бұл ретте судьялық лауазымдардың санаттары бойынша тәртіптік жауапкершілікке:
- аудандық және оларға теңестірілген соттардың 30 судьясы (81,1%) (2019 жылғы 1 жартыжылдықта – 36, 2020 жылғы 1 жартыжылдықта - 31);
- аудандық және оларға теңестірілген соттардың 5 төрағасы (13,5%), оның ішінде 1 сот төрағасы екі рет (2019 жылдың 1 жартыжылдығында – 0, 2020 жылдың 1 жартыжылдығында – 7);
- облыстық және оларға теңестірілген соттардың 2 судьясы тартылды (5,4%) (2019 жылғы 1 жартыжылдықта – 0, 2020 жылғы 1 жартыжылдықта – 0).
Тәртіптік жауапкершілікке тартылған аудандық деңгейдегі судьялардың үлесі бірінші сатыдағы соттар қарайтын істердің көп болуына және оларды одан әрі жоғары тұрған соттардың қайта қарауымен байланысты, соңғы үш жыл ішінде айтарлықтай жоғары деңгейде сақталуда (2019 жылдың 1 жартыжылдығында және 2020 жылдың 1 жартыжылдығынла – 100%, 2021 жылғы 1 жартыжылдықта – 94,6%).

Аудандық және оларға теңестірілген соттар судьяларының жалпы санынан 3-уі (немесе 8,6%) мамандандырылған соттардың судьялары болып табылады (2 – экономикалық соттың, 1 - әкімшілік соттың судьялары), бұл мамандандырылған соттар судьяларын тәртіптік жауапкершілікке тарту көрсеткіштерінің (16,9% - ға) аздап төмендегенін көрсетеді (2019 жылғы 1 жартыжылдықта - 36 судьядан 9 судья немесе 25%, 2020 жылғы 1 жартыжылдықта - 38-ден 7 судья немесе 18,4%).
Тәртіптік жауапкершілікке тартылған судьялардың жас құрамы келесідей:
30 жастан 40 жасқа дейін – 6 судья (16,2%) (2020 жылғы 1 жартыжылдықта – 6);
40 жастан 50 жасқа дейін – 22 судья (59,5%) (2020 жылғы 1 жартыжылдықта – 22;
50 жастан 60 жасқа дейін – 8 судья (21,6%) (2020 жылғы 1 жартыжылдықта – 7);
60 жастан асқандар – 1 судья (2,7%) (2020 жылдың 1 жартыжылдығында – 3).

Тәртіптік жауапкершіліккн тартылған судьялардың судьялық жұмыс өтілдері келесідей:
- 1 жастан 5 жасқа дейін – 4 (10,8%) (2020 жылдың 1 жартыжылдығында – 7 судья);
- 5 жастан 10 жасқа дейін – 11 (29,8%) (2020 жылдың 1 жартыжылдығында – 14);
- 10 жастан 15 жасқа дейін – 8 (21,6%) (2020 жылдың 1 жартыжылдығында – 8);
- 15 жастан 20 жасқа дейін – 12 (32,4%) (2020 жылдың 1 жартыжылдығында – 4);
- 20 жылдан астам – 2 (5,4%) (2020 жылдың 1 жартыжылдығында-5).
Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда судьялық тәжірибесі мол (10 жылдан астам) судьялар жасаған тәртіптік теріс қылықтар үлесі артуының теріс үрдісі байқалады (2020 жылғы 1 жартыжылдықта 44,7%-дан 2021 жылғы 1 жартыжылдықта 59,4%-ға дейін), бұл Жоғарғы Сотпен бірлесіп одан әрі мұқият талдау жасауды талап етеді.

Судьяларды тәртіптік жауапкершілікке тартуға негіздер:
азаматтық істер бойынша – 14;
қылмыстық істер бойынша – 13;
әкімшілік істер бойынша – 4;
қылмыстық және әкімшілік іс бойынша – 1.
Осылайша, судьялардың тәртіптік жауапкершілігі туралы мәселені қараудың негізгі себептері болып жоғары тұрған соттар анықтаған сот төрелігін жүзеге асыру кезінде заңдылықты өрескел бұзу фактілері табылады.
Сонымен қатар, өткен жылдардың ұқсас кезеңдерімен салыстырғанда судья әдебіне қайшы келетін теріс қылықтар жасау жағдайлары төмендеуінің оң динамикасын байқауға болады (33,3%-ға – 6-дан 4 фактіге дейін). Бұл ретте заңды өрескел бұзу және соттар төрағалары мен сот алқалары төрағаларының лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамау фактілері бойынша көрсеткіштердегі өзгерістер елеусіз болып отыр.

Тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін судьяларға 38 тәртіптік жаза қолданылды (2019 жылдың 1 жартыжылдығында – 36, 2020 жылдың 1 жартыжылдығында – 38), оның ішінде:
Есепті кезеңде судья лауазымынан босату түріндегі тәртіптік жаза қолданылған жоқ (2019 жылғы 1 жартыжылдықта – 5, 2020 жылғы 1 жартыжылдықта – 8).

Жүргізілген талдау судья лауазымынан босату (2019 жылғы 1 жартыжылдықтағы 5-тен 2021 жылғы 1 жартыжылдықта 0-ге дейін) және сөгіс түріндегі (2019 жылғы 1 жартыжылдықтағы 16-дан 2021 жылғы 1 жартыжылдықта 16-ға дейін) жазалар мөлшерінің едәуір төмендегенін көрсетеді. Сонымен қатар осы бір мезгілде судьяларға қолданылған ескертулер санының 73,3% – ға (2019 жылғы 1 жартыжылдықтағы 15-тен 2021 жылғы 1 жартыжылдықтағы 26-ға дейін) ұлғаюы байқалады.
Бұл ретте ағымдағы жылдың алты айында жазалау шарасы ретінде сот төрелігін іске асыру кезінде заңды өрескел бұзғаны үшін ескертулердің үлесі басым болды (32–ден 25 жағдайда немесе 78,1%), ал өткен жылдардың ұқсас кезеңінде ескертулер мен сөгістердің қатынасы салыстырмалы түрде бірдей деңгейде болды (2019 жылғы 1 жартыжылдықта – 13 сөгіс және 14 ескерту, 2020 жылғы 1 жартыжылдықта-14 сөгіс және 15 ескерту).
Судья әдебіне қайшы келетін теріс қылық жасағаны үшін судьяларға жаза түрінде сөгісті қолдану басым болды (4 немесе 75% –дан 3 жағдайда), ал бұған дейін осы негіз бойынша тәртіптік жазаның басты түрі судья лауазымынан босату болып табылды (2019 жылғы 1 жартыжылдықта – 3 судья лауазымынан босату, 2 сөгіс және 1 ескерту, 2020 жылғы 1 жартыжылдықта-судья лауазымынан босату 4 және 1 ескерту).
Мысалы, азамат Р.-дың шағымын тексеру қорытындысы бойынша судья әдебі жөніндегі комиссия Қарағанды облысы аудандық сотының судьясы К.-ның сот отырысының хатшысына татуластыру рәсімдерін өткізу туралы нұсқау беруіне байланысты судья әдебіне қайшы келетін теріс қылық жасау фактісін анықтады. Бұл теріс қылық сот билігі беделінің төмендеуіне және сот жүйесінің имиджіне теріс әсер етуіне байланысты судья тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, соңғы үш жылда алғаш рет аудандық соттардың төрағалары лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін атқарып отырған лауазымдарынан босату түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы аудандық соты төрағаларының бірі Н-ға қатысты тәртіптік істі қарау кезінде сотқа нақты жұмысқа шықпаған және өз міндеттерін орындамаған адамдарды жұмысқа орналастыру фактілері анықталды. Бұл ретте оларға ай сайын аудандық сотта жасалатын, сот төрағасымен келісілген жұмыс уақытын есепке алу табелінің негізінде жалақы мен зейнетақы аударымдары жасалып отырылды.
Істі қарау барысында Сот жюриі сот төрағасы Н. аудандық сот кеңсесінің жалпы басшылығы бойынша лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамау нәтижесінде бюджет қаражатын заңсыз жұмсау фактілерінен туындады деген қорытындыға келді.
Тәртіптік теріс қылықтың сипаты мен мән-жайларын, сондай-ақ материалдық зардаптардың болуын ескере отырып, Н.-ды сот төрағасы лауазымынан босату туралы шешім қабылданды.
Сонымен қатар, судьяларды тәртіптік жауапкершілікке қайта тарту жағдайларының болуын атап өткен жөн.
Атап айтқанда, ағымдағы жылы сот істерін қарау кезінде заңды өрескел бұзу фактілері бойынша Қостанай облысы мамандандырылған сотының судьясы Ж. және Маңғыстау облысы аудандық сотының судьясы Ж. осындай тәртіптік теріс қылықтар үшін тәртіптік жазаға тартылды.
Ағымдағы жылы тәртіптік істерді қарау қорытындылары бойынша Сот жюриі 20 тәртіптік іс жүргізуді тоқтатты (қаралған істердің жалпы санының 34,5%), бұл 2019 жылдың ұқсас кезеңінің көрсеткішінен бес есе жоғары (2019 жылдың 1 жартыжылдығында – 4, 2020 жылдың 1 жартыжылдығында – 9).
Судьялардың іс – әрекеттерінде тәртіптік теріс қылық құрамының болмауына байланысты істердің жартысынан көбі тоқтатылды (12 немесе 60%) (2019 жылғы 1 жартыжылдықта – 2, 2020 жылғы 1 жартыжылдықта-4). Көрсетілген саннан тек 3 іс бойынша жоғары тұрған сот белгілеген заңды өрескел бұзу фактісі болған жоқ. Қалған істер бойынша (9) Сот жюриі судьялардың іс-әрекеттерінде жол берілген бұзушылықтың «өрескелдігің» жоқтығы туралы қорытындыға келді, өйткені сот актілерінің күшін жою және оларды өзгерту дәлелдемелерді бағалаумен байланысты болды.
Айыптау үкімі негізінде (4 судья) және судьялардың өз еркімен жұмыстан шығарылуына байланысты (1 судья) (2019 жылдың 1 жартыжылдығында – 0, 2020 жылдың 1 жартыжылдығында – 0) 5 тәртіптік іс (25%) тоқтатылды.
Судьяны тәртіптік жауаптылыққа тарту үшін мерзімінің өтуіне байланысты (2019 жылғы 1 жартыжылдықта – 0, 2020 жылғы 1 жартыжылдықта – 3) 2 іс (10%) тоқтатылды.

Қаралып отырған кезең бойынша алдын ала зерделеу барысында 5 тәртіптік іс жете ресімделу үшін облыстық соттарға қайтарылды, оның ішінде ұсынылған құжаттардың толық болуы туралы Сот жюриі регламентінің талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты екі іс, екі материалда заңды өрескел бұзу фактісін анықтаған сот актілері болған жоқ. Сондай-ақ отставкадағы судьяға қатысты бір іс қайтарылды, өйткені Сот жюриі тек жұмыс істеп жүрген судьялардың тәртіптік жауапкершілігін қарайды.
Сот жюриінің тиісті шешімімен келіспеген жағдайда тәртіптік іс жүргізу тәртібі бойынша судья өзіне қолданылған жазаға Жоғары Сот Кеңесіне шағым жасай алады.
2021 жылдың бірінші жартыжылдығында Кеңеске Сот жюриінің 5 шешіміне шағым келіп түсті, оның ішінде 2 шешім 2020 жылы және 3 шешім 2021 жылы шығарылды (2019 жылдың 1 жартыжылдығында – 1, 2020 жылдың 1 жартыжылдығында – 7). Оларды Кеңесте қарау қорытындылары бойынша Сот жюриінің барлық шешімдері негізді деп танылды (1 – судья әдебіне қайшы келетін теріс қылық жасағаны үшін судья лауазымынан босату түріндегі жазаны қолданылды; 1 – судья әдебіне қайшы келетін теріс қылық жасағаны үшін сөгіс түріндегі жаза қолданылды; 2 – сот істерін қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзғаны үшін ескерту түріндегі жаза қолданылды; 1 – лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін сот төрағасын лауазымынан босату түріндегі жаза қолданылды).
Қарастырылған тәртіптік істерді және тәртіптік іс жүргізуді тоқтату себептерін талдау бірқатар проблемалық мәселелерді көрсетеді.
Олардың бірі облыстық соттардың заңды негіздер болмаған жағдайда материалдарды Сот жюриіне негізсіз жіберуі болып табылады.
Жоғары тұрған соттардың жасалған теріс қылықтардың сипатын қате құқықтық бағалау және анықталған бұзушылықтарды өрескел санатқа негізсіз жатқызуы Сот жюриінің жұмысында да қиындықтар туғызады.
Облыстық соттың жалпы отырысында судьяның жауапкершілігі туралы мәселені уақтылы қарамау және материалдарды Сот жюриіне жіберу кезінде мерзімдерді созу тағы бір мәселе болып табылады.
Судьяны тәртіптік жауапкершілікке тартудың ескіру мерзімін сақтау маңызды мәселе болып табылады.
Ағымдағы жылы Жоғарғы Сот әзірлеген заң жобасына ескіру мерзімін ұлғайту туралы ұсыныстар енгізілді, осы ұсыныстар бойынша теріс қылық жасалған күннен бастап бір жылдан екі жылға дейін судьяға қатысты тәртіптік іс жүргізуді бастау мүмкіндігі болады. Сонымен қатар, судьяға қатысты материалдарды облыстық соттардың, Жоғарғы Соттың және Судья әдебі жөніндегі комиссиялардың жалпы отырыстарына талқылауға Сот жюриіне беру туралы мәселені шығару мерзімін егжей-тегжейлі реттеу, сондай-ақ тиісті мерзімдерді бұзғаны үшін облыстық соттар төрағаларының жауапкершілігін белгілеу ұсынылды.
Аталған заң жобасына және заңға тәуелді актілердің жобаларына қосымша бірқатар түзетулер енгізілді:
- сот ісін қарау кезінде судьяның заңды бұзуына, судья әдебіне қайшы келетін теріс қылық жасауына және соттар төрағаларының және соттар сот алқалары төрағаларының өздерінің міндеттерін тиісінше орындамауына байланысты «тәртіптік теріс қылықтар жасау және анықтау күнін» айқындау тәртібін регламенттеу;
- тәртіптік істер мен Сот жюриінің қарауына келіп түсетін материалдарды біріктіру және ажырату мәселелерін регламенттеу;
- тәртіптік іс жүргізуді тоқтату үшін негіздер қатарына судьяны атқаратын лауазымынан босату және оның қайтыс болуын қосу;
- сот істерін қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзу фактісін анықтаған сот актісінің күшін жою немесе оны өзгерту кезінде Сот жюриінің шешімдерін қайта қарау тәртібін айқындау.
Судьялардың тәртіптік жауапкершілігі туралы заңнаманы одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар судьялар тәуелсіздігінің кепілдіктерін арттыруы, тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жазаның бұлтартпастығы принципін, сондай-ақ тәртіптік істерді қарау кезінде ашықтық пен объективтілікті белгілі бір дәрежеде қамтамасыз етуі мүмкін.
Тәртіптік практикаға жүргізілген талдау тәртіптік істер санының айтарлықтай өсуіне қарамастан, тәртіптік жауаптылыққа тартылатын судьялардың саны бұрынғы деңгейде сақталатынын көрсетеді. Бұл ретте тәртіптік жазаларды қолдану серпіні судьялар жасайтын тәртіптік теріс қылықтары ауырлығының төмендегенін көрсетіп отыр.
Осыған байланысты, облыстық соттың тәртіптік істерді Сот жюриіне жіберу процесін ұйымдастыру үшін мынадай ұсыныстарды атап айтуға болады.
Біріншіден, сот істерін апелляциялық немесе кассациялық тәртіппен қайта қарау кезінде сот алқалары төменгі соттар жіберген заңды бұзуды «өрескел» деп жіктеуге мұқият көңіл бөлу керек.
Екіншіден, облыстық соттарда заңның өрескел бұзылуының анықталған фактілерін есепке алу және оларды пленарлық отырыстардың талқылауына уақтылы (анықталған сәттен бастап бір ай ішінде) шығару үшін жауапты адамдарды тағайындау орынды.
Үшіншіден, жалпы отырыстарда судьяға қатысты материалдарды Сот жюриіне жіберу туралы мәселені талқылау кезінде теріс қылықтың тәртіптік жауапкершілік негіздеріне сәйкестігін, сондай-ақ тәртіптік іс жүргізу мерзімдерінің сақталуын назарға алу қажет.
Төртіншіден, істерді жіберген кезде Сот жюриінің регламентіне сәйкес материалдардың ресімделуін қамтамасыз еткен жөн.
Қазақстан Республикасының
Жоғары Сот Кеңесі аппаратының
Сот жюриінің қызметін қамтамасыз ету бөлімі