Жетісай - Түркістан облысында орналасқан аудан. Жетісай ауданының орталығы Жетісай қаласы. Шымкент қаласынан онтүстік-батысқа қарай 232 км жерде орналасқан. Мырзашөлде Достық (Киров атындағы) канал құрлысының жүргізілуіне және мақта шаруашылығын дамытуға байланысты 1939 жылы іргесі қаланды. 1951 жылы кент, 1969 жылы қалаға айналды.
Мақтарал ауданының аумағында 180 елдімекен, 3 кент, 1қала бар. 1997 жылы 27 сәуірде Ел Президентінің Жарлығымен Асықата, Мақтарал, Жетісай аудандары біріктірілген болатын.
Мырзашөлдің жүрегі һәм мақтанышы саналатын, жергілікті тұрғындар арасында жер жәннаты аталып кеткен Жетісай қаласы жайлы айтқым келіп отыр. Жарты ғасырдан астам тарихы бар қаланың өсіп–өркендеуі де ерекше.
Өткен ғасырдың орта шенінде тың жерлерді игеруге келгендер есебінен мұнда егістік алқаптарының басында жерекпелер мен әр жерде бір қоржын тамдар болушы еді. Кейіннен Киров каналы қолдан қазылып, жер – анаға су жіберілді. Сарышұнақ мекендеп, шөлге шыдамды сексеуіл, жантақ өсетін шөл дала біртіндеп мақталы өлкеге айнала бастады.
Сол ақ алтынның Отанында қазір кей облыстармен пара–пар 300 мыңнан астам халық өмір сүруде. 1997 жылы Жетісай қаласы іріленген Мақтарал ауданының орталығы болып ауысқан соң, қаланың ауқымы да кеңейе бастады. Жаңадан мөлтек аудандар қосылып, тұрғындардың қалалықтар секілді өмір сүруіне барша жағдай жасалып келеді.
Тарихтан белгілі әңгіме 1924 жылы Мақтарал совхозы құрылды. Соның бірі – Жетісай ауданы болды да Жетісай ауданының орталығы болып осы Жетісай қаласы бекітілді. Ол кезде бұл жер қала емес поселке, елдімекен еді.
Ал, енді содан кейін барып 1969 жылы бұл жерге Жетісай қала статусы берілді. Барлық көшелер қазіргі кезде асфальттанды, аяқ жолдар салынды тротуарлар, жарықтандыру қолға алынды. Мысалы, бұрын атын ғана естіген күн сәулесінен қуат алатын батареялар орнатылып көшелерге, жол бойларына беріліп жатыр. Ол елді мекендерде.
Одан кейін біздің осы өз аудан әкімшілігінің жанындағы Абай атамызға ескерткіштің қойылуы, одан басқа да гүлзарлар көбейіп келе жатыр. Біздің қаламыздағы болып жатқан үлкен өзгерістердің бірі – мысалы имандылық жолында елді ұйыту, имандылыққа тәрбиелеу мақсатында Құдай үйлері – мешіттердің салынуы.
Мысалы «Нұр Жетісай» мешіті салынған болса өткен жылы, биылғы жылы «Әбу-Ханифа Нұғман» мешіті өзіміздің жерлестеріміздің арқасында салынып, іске қосылып отыр.
Бүгінде әрбір қалалық Жетісай шаһарымен мақтана алатын халге жеткен. Әсіресе, соңғы бірер жылдың ішінде қаланың дамуы ерекше қарқын алды. Соңғы жылдары қалада Абай гүлзары дүниеге келіп, жастардың рухани кемелденуіне одан әрі жол ашатын ұлы Абайдың ескерткіші қала төрінен бой көтерді.
Жетісай қаласын – жастар қаласы деп атаса да болады. 5 мыңнан астам студент жастардың толыққанды білім алуына қалада барлық жағдай қарастырылған. «Сырдария» жоғарғы оқу орны, 3 колледж және 9 жалпы орта мектеп пен 1 дарынды балалар мектеп-интернаты жастардың мәңгі азбас білім нәрімен сусындауына қызмет етеді.
Ал, Елбасының «Балапан» бағдарламасының аясында бүлдіршіндерге мектеп алды дайындық жұмыстарын жүргізіп келе жатқан 38 балабақша бар. Мектеп оқушыларының білім деңгейінің көрсеткіші де қалада жыл санап артып келеді.
1997 жылы үш аудан біріккеннен кейін Жетісай қаласы іріленген Мақтарал ауданының орталығы болды. Қазір қалада 60 мыңға жуық халық тұрады. Қаланың күн санап гүлденіп, әсемденуіне мұнда кәсіпкерлердің де қосқан үлесі аз емес. Орта және шағын бизнесті дамыту – жұмыссыздықты жоюда, нарықты халыққа қажетті тауарлармен толтыруда, өңірлердің экономикасын тұрақтандыруда шешуші фактор болып табылады.
Сондықтан да Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халыққа жолдаған әрбір Жолдауында еліміздегі шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне айрықша назар аударып келеді. Осы тұрғыда еліміздегі шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында түрлі бағдарламалар жеке кәсіппен шұғылданам, кәсібімді кеңейтем деушілерге барлық мүмкіндіктерді беріп отыр. Нәтижесінде соңғы жылдары бір ғана Жетісай қаласының өзінде 147 кәсіпкерлік нысан іске қосылып, мыңдаған адам жұмыспен қамтылды.
Осылайша жыл санап көркейіп келе жатқан Жетісай қаласына кіре берістегі «Достық» каналының екі қапталынан келер жылы достық субұрқағы салынбақ. Биіктігі 30 метрге дейін жететін бұрқақ маңы көпшіліктің демалатын орнына айналмақ.
Бұған қоса осы маңдағы 8 гектар жер толықтай игеріліп онда саябақ пен түрлі демалыс орындары салынбақ. Субұрқақтан бастап, арнайы суға шомылатын орындар, демалыс кешендері бой түзейді. Сонымен бірге, қалада кәріз жүйелерін қайта қалпына келтіріп, «Ақбұлақ», «Қол жетімді тұрғын үй» бағдарламалары бойынша да бірқатар игілікті істер атқарылып келеді.
Бүгінде Жетісай қаласына келе қалсаңыз осындай жетістіктердің куәсі боласыз. Тағы бір айта кететін жайт, жоғарыда айтылған барлық игі істерге екі қолға бір күрек таппай жүрген қала тұрғындары жұмылдырылып, 1000-нан астам жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылды.
Сайып келгенде, Елбасы Жолдауында айтылған шағын қалаларды көркейту, дамыту, халықты жұмыспен қамту мәселелері Мақтарал ауданында осылайша іске асып жатыр.
Қадымшалап айтқанда, Тұран ойпатындағы немесе Мәуреннахр өлкесінен, бүгінгі күн тілінде Мырзашөл төсінен орын тепкен көрікті, менің қалам деп мақтаныш етуге лайықты, өткен ғасырдың екінші жартысында қала статусын алған Жетісай үшінші мың жылдықтың екінші он жылдығын осындай жетістіктермен бастап отыр. 2018 жылы 5 маусым күні Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Жетісай ауданы қайтадан жеке әкімшілік бірлік болып Мақтарал ауданынан бөлініп шықты. Алда әлі бағындырар белестердің де көп екендігіне бүгінде ешкімнің күмәні жоқ.