Ұлытау облысында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өтініштерін қабылдауға арналған Telegram-бот @agromaselebot іске қосылды.
Өңірдегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер енді салаға қатысты сұрақтарын, ұсыныстары мен өтініштерін Telegram-бот арқылы жолдай алады.
Жаңа байланыс арнасы өтініш беру үдерісін жеңілдетуге және шаруашылық өкілдерімен тұрақты кері байланыс орнатуға бағытталған. Оның көмегімен өндірушілер өзекті мәселелерді көтеріп, саланы дамыту жөніндегі ұсыныстарын жеткізе алады.
Өтініш жолдау кезінде мәселенің мәнін қысқаша баяндап, шаруашылықтың атауын, орналасқан ауданын және кері байланыс үшін байланыс деректерін көрсету ұсынылады. Бұл мәліметтер өтінішті қарастыруға және қажет болған жағдайда қосымша ақпаратты нақтылауға көмектеседі.
Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін жаңа байланыс арнасын пайдалануға шақырамыз!
Ақпарат: Ushzo Ulytau "Ұлытау облысы Aуыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасын" ММ-нің ресми парақшасынан алынған
Қазақстанда алғашқы республикалық «Кітап оқитын ұлт» кітап оқу марафонына тіркелу басталды. Жоба еліміздің барлық өңірінен қатысушыларды біріктіріп, кітап оқуды насихаттау мен оқу мәдениетін дамытуға бағытталған ең ауқымды ұлттық бастамалардың біріне айналмақ.
Марафон 2026 жылғы қыркүйек айынан 2027 жылғы сәуірге дейін қазақ және орыс тілдеріндегі екі лигада өтеді. Жоба 7 бағытты қамтиды:
- «Кітап оқитын мектеп» – 6–10 сынып оқушылары;
- «Кітап оқитын колледж» – колледж студенттері;
- «Кітап оқитын университет» – жоғары оқу орындарының студенттері;
- «Кітап оқитын педагог» – мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушылары;
- «Кітап оқитын әулет» – отбасылық командалар;
- «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» – мемлекеттік қызметшілер;
- «Кітап оқитын зияткер» – жасына және қызмет саласына шектеу қойылмайтын барлық азаматтар.
Әр қатысушы өз бағыты бойынша арнайы іріктелген 330 кітаптан тұратын қордан 15 кітап оқуы қажет. Оның 165-і қазақ тілінде, 165-і орыс тілінде ұсынылған. Кітаптар тізіміне отандық авторлардың шығармалары, әлем классикасы және заманауи туындылар енді. Тізімді жасақтау кезінде жалпыұлттық дауыс беру қорытындысы бойынша «100 кітап» тізіміне енген шығармалар, сондай-ақ әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаттары жазған туындыларды қоса алғанда, әлемдік бестселлерлер де ескерілді.
Негізгі оқу кезеңі биыл қыркүйек айында басталып, 2027 жылғы наурызға дейін жалғасады. Осы уақытта қатысушылар кітаптарды оқып, жеке кабинетінде пікірлерін жариялап отырады. Ал 2027 жылғы наурыз–сәуір айларында қорытынды тестілеу мен зияткерлік квиздер өткізіледі.
Өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйлықтар табысталады: 1-орын – 600 000 теңге; 2-орын – 450 000 теңге; 3-орын – 300 000 теңге.
Барлық финалист дипломдармен және электронды сертификаттармен марапатталады.
«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбековтің айтуынша, жобаның негізгі мақсаты байқаудың өзімен ғана шектелмейді.
«Кітап оқитын ұлт» алғашқы республикалық марафонына тіркелуді ашып, осылайша жасы, мамандығы мен қызығушылығы әртүрлі адамдарды кітап төңірегіне біріктіретін үлкен жалпыұлттық қозғалысқа жол ашып отырмыз. Баршаңызды марафонға қатысуға шақырамын. Бірлесе отырып, кітап оқуды Қазақстандағы заманауи өмірдің маңызды құрамдас бөлігіне айналдыра аламыз деп сенемін. Сондай-ақ зерделі ұлттың – қуатты, білімді әрі ойлайтын ұлт екенін көрсете аламыз», - деді Бақытжан Тұрлыбеков.
Қатысу ережелері, бағыттар бойынша регламенттер және кітаптар тізімі жобаның ресми сайтында жарияланған: www.reading-nation.kz
Республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафонын жүзеге асыруға жобаның бірқатар маңызды серіктестері де атсалысуда. Қазақстан Жазушылар одағы, Креативті индустрияларды дамыту қоры, KITAP және «Яндекс Кітаптар» цифрлық платформалары оқу мәдениетін дамытуға, заманауи әдеби бастамаларды қолдауға және оқырмандардың кітаппен өзара байланысуына жаңа мүмкіндіктер жасауға ықпал етпек.
Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.
Ақпаратты ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұсынды.
eGov.kz электрондық порталында және eGov Mobile мобильдік қосымшасында шұғыл емдеуге жатқызу туралы хабарлама жіберетін жаңа тегін сервис іске қосылды.
Егер адам жол-көлік оқиғасына ұшыраса, өзін кенеттен нашар сезінсе немесе басқа да себеппен ауруханаға түсіп, жақындарына өз бетінше хабарласа алмаса, енді оның емдеуге жатқызылғаны туралы өзі алдын ала таңдаған жақын адамдары хабардар бола алады.
Осы мақсатта eGov порталында «Емдеуге жатқызылған жағдайда хабарлау үшін сенім білдірілген байланыстарды тіркеу» жаңа қызметі пайда болды. Пайдаланушы емдеуге жатқызылған жағдайда хабарлама жіберілетін үш сенім білдірілген адамға дейін көрсете алады.
Жаңа сервис Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірлескен жұмысы шеңберінде іске асырылды. Бұл шешім шұғыл емдеуге жатқызылған жағдайда алдын ала хабардар етілуі тиіс адамдардың тізімін белгілеуге мүмкіндік береді.
eGov.kz порталында:
* порталға авторизациядан өту;
* «Емдеуге жатқызылған жағдайда хабарлау үшін сенім білдірілген байланыстарды тіркеу» қызметін таңдау;
* сенім білдірілген адамның ЖСН-ын көрсету қажет.
Сенім білдірілген байланыстағы адам 18 жастан асқан және Мобильдік азаматтар базасында тіркелген болуы тиіс.
Одан кейін пайдаланушы дербес деректерді өңдеуге және денсаулық жағдайы туралы мәліметтерді беруге келісімін растап, сұрау салуды жібереді.
Көрсетілген адамға тіркеуді растау немесе одан бас тарту туралы ұсыныс бар SMS-хабарлама келеді.
Растау үшін жауап SMS-хабарлама арқылы 911 кодын, ал бас тарту үшін 912 кодын жіберу қажет. Шешім қабылдауға бес сағатқа дейін уақыт беріледі.
Егер сенім білдірілген байланыс тіркеуді растаса, пайдаланушы сұрау салуға қол қояды. Осыдан кейін тіркелген байланыс туралы мәліметтер Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесіне беріледі.
eGov Mobile мобильдік қосымшасында сервис «Мемлекеттік қызметтер» → «Денсаулық сақтау» бөлімінде орналасқан.
Пайдаланушы сенім білдірілген байланыстарды тіркеу қызметін таңдап, жоғарыда сипатталған рәсімнен өтуі қажет. Өтінішті Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесінде өңдеу 10 минутқа дейін уақыт алады.
Тіркеудің өзекті мәртебесі eGov.kz порталындағы «Менің бейінім – Жеке кабинет» бөлімінде, ал eGov Mobile қосымшасында «Хабарламалар – Жеке кабинет тарихы» бөлімінде көрсетіледі.
Сервис жақын адамдардың жағдай туралы ақпаратты неғұрлым жедел алып, пациентпен немесе медициналық ұйыммен дер кезінде байланысуына мүмкіндік беру мақсатында құрылды.
Дереккөз: ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайты
EGOV-ТЕ ШҰҒЫЛ ЕМДЕУГЕ ЖАТҚЫЗУ ТУРАЛЫ ХАБАРЛАМА ЖІБЕРЕТІН СЕРВИС ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Ұлытау облысы бойынша филиалы өңір тұрғындарына мемлекеттік қызметтерді ХҚКО-ға бармай-ақ, қашықтан алуға болатынын еске салады.
Бүгінде көптеген мемлекеттік қызметтерді «ВидеоХҚКО» сервисі арқылы онлайн алуға болады. Ол үшін ұялы телефон мен интернет желісіне қосылу жеткілікті. Бейнебайланыс арқылы азамат маманнан кеңес алып, қажетті қызметтер мен құжаттарды рәсімдей алады.
Қазіргі уақытта «ВидеоХҚКО» сервисі арқылы 79 мемлекеттік қызмет қолжетімді.
Ең сұранысқа ие ТОП-5 қызмет:
«ВидеоХҚКО» сервисі қажетті мемлекеттік қызметтерді үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе Ұлытау облысының шалғай елді мекендерінің тұрғындарына, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, кішкентай балалары бар ата-аналарға, сондай-ақ шетелде жүрген азаматтарға өте ыңғайлы.
Сонымен қатар, пайдаланушы жолға шығуға және кезекте күтуге уақыт жұмсамайды. Маманмен байланыс бірнеше минут ішінде жүзеге асады.
Азаматтардың қауіпсіздігі үшін қызметтерді алу кезінде Face ID биометриялық сәйкестендіру жүйесі қолданылады.
Қызметті алу үшін:
Барлық сұрақтар бойынша азаматтар 1414 нөмірі арқылы Бірыңғай байланыс орталығына хабарласа алады.
Дереккөз: Жезқазған қаласының әкімдігінің ресми сайты
ҚҰРМЕТТІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР!
2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енді.
Қазақстан халқының ерік білдіруімен еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңінің негізі қаланды.
1995 жылғы Қазақстан Республикасы Конституциясының күші жойылды.
Жаңа Ата Заңымыздың күшіне енуі – мемлекет дамуындағы тарихи кезең және Конституция үстемдігіне, адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін күшейтуге, құқықтық айқындылықты нығайтуға, мемлекеттік биліктің жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ азаматтардың мемлекет ісін басқаруға қатысуын кеңейтуге негізделген жаңа конституциялық үлгіні бекітеді.
Конституция Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі қағидаттарын едәуір жаңартып, кеңейтті. Бұлардың қатарына Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлікті нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру, жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын ілгерілету, қоғамдық диалогты дамыту, еңбексүйгіштік, прогресс және білім құндылықтарын бекіту, жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тарихи-мәдени мұраны сақтау және төл мәдениетті қолдау алғаш рет енгізіліп отыр.
Қазақстан Республикасының Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы және басқару үлгісі өзгермейді.
Мемлекеттің стратегиялық даму бағдарлары – адам капиталын, білімді, ғылым мен инновацияны Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді дамуының негізі ретінде дамыту конституциялық деңгейде алғаш рет айқындалды.
Ата Заңымыз Конституция үстемдігін мемлекеттің Негізгі Заңы ретінде, оның ең жоғары заңды күшін және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тікелей қолданылуын бекітеді. Барлық заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілер тек Конституцияның негізінде, сондай ақ оны орындау мақсатында қабылдануға және оған қайшы келмеуге тиіс.
Бұған дейін сот төрелігі қағидаттарының қатарында бекітіліп келген заңның уақыт тұрғысынан қолданылуы туралы ережелер конституциялық құрылыс негіздерінің бірі ретінде конституциялық мәртебеге ие болды. Азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын, жауаптылықты белгілейтін немесе күшейтетін заңдардың кері күшіне тыйым салу барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар үшін жалпыға бірдей міндетті талап ретінде бекітілді.
Конституциялық заңдармен реттелетін мәселелердің тізбесі кеңейтілді. Олардың қатарына Қазақстан Халық Кеңесінің құқықтық мәртебесі мен қызметі, астананың құқықтық мәртебесі, жоғары мемлекеттік билік органдарының ұйымдастырылуы, Конституциялық Сот, сот жүйесі, арнаулы құқықтық режимдер және мемлекеттік құрылыстың өзге де мәселелері енгізілді. Бұл олардың құқықтық реттелуінің тұрақтылығын арттыруды қамтамасыз етеді.
Қазақстан Халық Кеңесіне заң шығару бастамасы құқығы беріле отырып, халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган ретінде құрылды. Бұл қоғамның мемлекеттік саясатты қалыптастыру ісіне қатысуын күшейтеді. Заң шығарушы биліктің жаңа үлгісі жасалып, мемлекеттік институттар арасында өкілеттіктер қайта бөлінді.
Адам құқықтарын қорғау үлгісі елеулі түрде жаңартылды. Конституция қылмыстық сот ісін жүргізудегі негізгі кепілдіктерді сот қызметінің қағидаттары ретінде емес, бас бостандығы нақты шектелген сәттен бастап барлық мемлекеттік органдар сақтауға міндетті әрбір адамның ажырамас құқықтары ретінде бекітті. Олардың қатарында нақты ұсталған сәттен бастап қорғалу құқығы, бас бостандықтың шектелуіне сот бақылауы, негізсіз ұстауға тыйым салу, сұрақтарға жауап бермеу құқығы, өз-өзіне және жақын туыстарына қарсы айғақ бермеу құқығы («Миранда қағидалары»), сондай-ақ кінәсіз презумпциясы бар.
Мемлекеттің мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды өтеу міндеті, зияткерлік меншікті қорғау құқығы, дербес деректерді қорғау мен цифрлық қауіпсіздікті қоса алғанда, цифрлық құқықтарға кепілдіктер, сондай-ақ мемлекет пен азаматтардың экологиялық жауапкершілігі конституциялық деңгейде алғаш рет бекітілді.
Жаңа Конституцияның күшіне енуімен Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты жаңа Конституция үстемдігін, оның ең жоғары заңды күшін және конституциялық құндылықтардың бірыңғай түсінілуін қамтамасыз ете отырып, конституциялық бақылауды жалғастыра береді.
Жаңа Конституцияның күшіне енуі Қазақстан Республикасының конституциялық дамудағы жаңа кезеңінің басталғанын білдіреді. Бұл кезеңде адам, оның қадір-қасиеті, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы болып, Конституция үстемдігі орнықты дамудың, заңдылық пен әділдіктің берік негізі бола береді.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Қазақстан Республикасының барша азаматтарын жаңа Конституцияның күшіне енуімен және еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңінің басталуымен құттықтайды.
Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының толық мәтіні төмендегі сілтеме бойынша қолжетімді: https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/press/news/details/1159830?lang=kk
Дереккөз: Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты ресми интернет ресурсы
Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында жайылымдық мал шаруашылығын одан әрі дамытуға және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған «Жайлау» жаңа жеңілдетілген кредиттік өнім іске қосылды.
«Жайлау» бағдарламасы қуаттылығы 300 бастан кем емес ірі қара мал немесе 1000 бастан кем емес ұсақ мал ұстайтын жаңа мал шаруашылығы қожалықтарын құруды қолдауға бағытталған. Бағдарламаны жүзеге асыру саланың өндірістік инфрақұрылымын нығайтуға, мал шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемін арттыруға және ауылдық жерлерде қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
«Жайлау» бағдарламасының шарттары:
* жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 6%-дан аспайды;
* кредит беру мерзімі – 10 жылға дейін;
* қаржыландыру көлемі – ірі қара мал өсіру жобалары үшін 350 млн теңгеге дейін, ұсақ мал өсіру жобалары үшін 200 млн теңгеге дейін.
Сонымен қатар, «Игілік», «Береке» бағдарламалары және «Айналым қаражатын толықтыру» бағыты бойынша жеңілдетілген қаржыландырудың қолданылу аясы кеңейтілді. Енді бұл бағдарламалар тек ірі қара мал шаруашылығын ғана емес, қой, жылқы, түйе, ара, марал шаруашылықтарын және шошқа шаруашылығын да қамтиды.
«Игілік» және «Береке» бағдарламалары жоғары өнімді асыл тұқымды мал сатып алуды қаржыландыру арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға арналған. Осының барлығы ауыл шаруашылығы жануарларының санын көбейтуге, табындардың генетикалық әлеуетін жақсартуға, сондай-ақ мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен өндіріс тиімділігін арттыруға жол ашпақ.
«Игілік» бағдарламасының шарттары:
* 100 бастан импорттық ірі қара малды немесе 500 импорттық ұсақ малды сатып алу;
* импорттық немесе отандық асыл тұқымды жылқы, түйе, марал, ара тұқымдарын және шошқа сатып алу;
* жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 6%-дан аспайды;
* кредит беру мерзімі – 7 жылға дейін.
«Береке» бағдарламасының шарттары:
* 500 бастан жоғары импорттық ірі қара малды немесе 1000 бастан жоғары импорттық ұсақ малды сатып алу;
* жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 6%-дан аспайды;
*кредит беру мерзімі – 7 жылға дейін.
Қаржыландыру бағыты мен сатып алынатын мал түріне қарай негізгі қарыз бен сыйақыны өтеу бойынша 12 айдан 30 айға дейінгі жеңілдік кезеңі қарастырылған.
«Айналым қаражатын толықтыру» бағыты бойынша қаржыландыру:
* жем-шөп пен жемдік қоспаларды сатып алуға;
* жанар-жағармай материалдарын алуға;
* қызметкерлердің еңбекақысын төлеуге;
* ветеринариялық препараттарды сатып алуға;
* жем дайындау және тарату техникасы мен жабдықтарына арналған қосалқы бөлшектерді сатып алуға беріледі.
Негізгі шарттары:
* жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 5%-дан аспайды;
* кредит беру мерзімі – 12 айға дейін.
Өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды (ӘКК) тарту арқылы қаржыландыру арналары кеңейтілді.
Жеңілдетілген бағдарламаларға қатысу шарттары туралы толық ақпарат алу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының облыстық филиалдарына және облыс әкімдіктері жанындағы өңірлік ӘКК-лерге жүгіне алады.
Дереккөз: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми интернет ресурсы
Қазақстанда мал шаруашылығын жеңілдікпен қаржыландырудың жаңа бағдарламалары енгізілді
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде 2026 жылғы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындау конкурсының басталуына орай брифинг өтті.
Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров, конкурстық комиссия мүшесі Ғайни Есембекова және 2025 жылғы грант иегері Айжан Өмірбаева қатысты.
Жиында 2021 жылдан бері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен шығармашыл жастарды қолдау мақсатында жыл сайын «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты бөлініп келетіні атап өтілді.
2026 жылы республикалық деңгейде әрқайсысы 3 млн теңгеден 30 грант беріледі.
Грантқа Қазақстан Республикасының 14 пен 35 жас аралығындағы (34 жасты қоса алғанда) азаматтары үміткер бола алады.
Грант конкурстық негізде келесі 6 бағыт бойынша жобаларды іске асыру үшін беріледі:
«Ғылым» – жаңа ғылыми жобаларды және зерттеулерді іске асыруға арналған;
«Мәдениет» – Қазақстанның мәдени мұрасын насихаттауға, ұлттық дәстүр мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыруға арналған;
«Ақпараттық технологиялар» – жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды іске асыруға және әзірлеуге арналған;
«Бизнес» – жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған;
«Медиа» – жаңа медиа жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жобаларды іске асыруға арналған;
«Волонтерлік» – өзекті, әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған волонтерлік жобаларды (бастамаларды) іске асыруға арналған.
Үміткерлердің конкурстық өтінімдері 2026 жылғы 21 сәуірден 21 маусым аралығында (21 маусым күні сағат 24:00-ге дейін) қабылданады.
Конкурсқа қатысу үшін қажетті құжаттар тізімі (мемлекеттік және (немесе) орыс тілдерінде):
Анықтама үшін байланыс телефондары:
8 (7172) 74-12-78, 8 777-114-66-82
E-mail: t.urpaqtary2026@gmail.com
(жұмыс күндері сағат 9:00-ден 18:30-ға дейін)
Дереккөз: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ресми интернет-ресурсы
Әрбір шақыру науқаны әскерге шақыртудан бастап медициналық тексеруден өтуге дейін бірқатар кезеңдерді қамтиды. Төменде шақырту қалай беріледі, мәртебені қалай тексеруге болады, кімдерге кейінге қалдыру қарастырылған, егер сіз оқуда болсаңыз немесе шетелде жүрсеңіз не істеу керек сынды әрбір әскерге шақырылушы білуі тиіс негізгі жайттар қарастырылған.
Шақырту қағазы қалай беріледі және оны алғаннан кейін не істеу керек?
Шақырту қағазы – азаматты жергілікті әскери басқару органына (әскери комиссариатқа) шақыру шараларына қатысу үшін шақыратын ресми құжат. Қарапайым сөзбен айтқанда, әскерге шақыру осы ресми құжаттан бастау алады, ал оны орындау - әрбіз жас азамат үшін міндетті заңды талап.
Шақырту бірнеше жолмен жіберіледі. Қол қойдыру арқылы жеке беріледі, жұмыс беруші немесе оқу орны арқылы жеткізіледі. Сонымен қатар, eGov.kz порталының жеке кабинеті, eGov Mobile қосымшасы және SMS арқылы жеткізу секілді цифрлық хабарламалар да енгізілген. Ол 2025 жылдан бастап заңды күшіне енді.
Құжатта келу күні, уақыты және мекенжайы көрсетіледі. Дәлелді себепсіз келмеген жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, ал жүйелі түрде жалтару, яғни әскерден түрлі сылтаулармен қашу – қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Шақырту алғаннан кейін деректердің дұрыстығын тексеру қажет: аты-жөні, мекенжайы, келу күні және шақыру мақсаты (медициналық комиссия, деректерді нақтылау және т.б.). Алдын ала қажетті құжаттарды дайындаған жөн. Олардың қатарында жеке куәлік, тіркеу куәлігі (бар болса), білім туралы құжаттар немесе оқу орнынан анықтама, медициналық қорытындылар, сондай-ақ кейінге қалдыруға құқық беретін құжаттар бар.
Егер белгіленген уақытта келу мүмкін болмаса, жергілікті әскери басқару органын (әскери комиссариатты) алдын ала хабардар етіп, себебін құжатпен растау қажет. Аурып қалған жағдайда – медициналық анықтама, оқу немесе жұмысқа байланысты болса – тиісті растайтын құжаттар ұсынылады. Дәлелді себеп міндетті түрде тіркелуі тиіс.
Шақырту қағазы бірден әскерге жіберуді білдірмейді. Әдетте бұл деректерді нақтылау, медициналық тексеруден өту, жарамдылық санатын анықтау және кейінге қалдыру негіздерін тексеру үшін жүргізіледі. Уақтылы дайындық болған жағдайда, бұл рәсім еш қиындықсыз өтеді.
15 наурызда өтетін республикалық референдум қарсаңында азаматтар үшін өз сайлау учаскесін іздеуге арналған цифрлық сервис қолжетімді. Дауыс беретін қажетті пунктті eGov Mobile мобильді қосымшасы мен GOV.KZ порталында бірнеше қадамды орындап табуға болады.
eGov Mobile мобильді қосымшасы мен GOV.KZ порталының басты беттерінде «Референдум» арнайы баннері орналастырылған. Баннерге өткеннен кейін пайдаланушы сайлау учаскесін тексеру сервисіне өтеді, онда ол өзінің ЖСН-ін және өңірін көрсетуі қажет. Деректер енгізілгеннен кейін жүйе автоматты түрде сайлау учаскесінің нөмірін, өңір мен ауданды, сондай-ақ дауыс беру орнының нақты мекенжайын көрсетеді.
Сондай-ақ осы бетте «Жиі қойылатын сұрақтар» бөліміне сілтеме қолжетімді, онда азаматтар референдумға қатысты пайдалы ақпаратты таба алады.
Дереккөз: Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ресми сайты
Құрметті Ұлытау облысының тұрғындары!
Геопорталдың ақпараттық жүйесі аясында облыстың бірыңғай порталы іске қосылды.
Порталдың негізгі мақсаты — облыс әкімдігі, ведомстволық бағынысты ұйымдар және бизнес қауымдастығы ұсынатын қызметтерді «Бір терезе» қағидаты бойынша қолжетімді әрі тиімді форматта ұсыну.
Бүгінгі таңда портал аясында келесі бағыттар бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде:
Бірыңғай портал — тұрғындар мен бизнес үшін мемлекеттік қызметтерді алуды жеңілдететін заманауи цифрлық алаң.
Облыстың цифрлық инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Аталған қызметтің барлығын тұрғындар келесі сілтеме арқылы пайдалана алады: https://iulytau.kz