«Туризмді дамыту мәселелері туралы» Туризм және спорт министрі Е.Қ. Мырзабосыновтың ҚР Үкіметінің отырысында сөйлеген сөзі (тезистер) 09 маусым 2026 жыл

Мемлекет басшысы туризм экономиканың өсуіне жаңаша серпін беретін сала болуы қажеттілігін атап өтті.
Бүгінде салада 600 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Салық түсімдерінің көлемі 18%-ға артып, 630 млрд теңгеге жетті.
Шетелдік туристердің шығындары 2,9 млрд АҚШ долларын құрады. Туризм саласына тартылған инвестициялар көлемі өткен жылмен салыстырғанда 33%-ға өсіп, 1,3 трлн теңгені құрап отыр.
Саланың ел экономикасына қосқан үлесі 5 трлн теңге деңгейінде.
Саланы одан әрі дамыту мақсатында наурыз айында заңнамалық түзетулер қабылданды.
Атап айтқанда, туристік автобустар үшін «жасыл дәліз» тетігі енгізілуде. Бұл ұйымдастырылған туристік топтардың мемлекеттік шекарадан өту уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.
Визит-орталық ұғымы заңнамалық тұрғыдан бекітіліп, оларды құру мен жұмыс істеудің негізгі талаптары айқындалды.
Туристік қызметтердің сапасын арттыру мақсатында гидтердің, экскурсия жүргізушілерінің және туризм нұсқаушыларының қызметін жүзеге асыру қағидалары бекітілетін болады.
Сонымен қатар, 18 жасқа дейінгі балалар үшін ұлттық парктерге тегін кіру енгізілді.
Бұл шара ішкі туризм мен экологиялық демалыстың қолжетімділігін арттырады. Сонымен қатар каникул кезінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Сіздің тапсырмаңыз бойынша Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаеваның төрағалығымен Үйлестіру кеңесі құрылды.
Оның құрамына орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, ұйымдардың өкілдері мен салалық сарапшылар кірді.
25 мамырда өткен Кеңес отырысында Туризм саласын дамытудың тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының жаңартылған жобасы таныстырылды.
Құжат 6 негізгі бағыт бойынша 61 іс-шараны қамтиды.
Жоспарда инженерлік, көліктік және туристік инфрақұрылымды дамыту көзделген. Сондай-ақ инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасау, визалық-көші-қон режимін жетілдіру, бәсекеге қабілетті туристік өнімдерді қалыптастыру, маркетингті күшейту және саланы кадрлармен қамтамасыз ету шаралары қамтылған.
Тұжырымдаманың басым бағыттарының бірі – жағажай туризмін дамыту.
Жазғы маусымға дайындық аясында өңірлерде инфрақұрылымды жетілдіру, сервистің сапасын арттыру, демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және курорттық аумақтарды жаңғырту бойынша шаралар қабылдануда.
Бұл бағыттағы жұмыстың жақсы үлгісі ретінде Алматы облысын атап өткім келеді. Қапшағай су қоймасының жағалауында коммуналдық жағажайларды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде заманауи әрі жайлы инфрақұрылым қалыптасуда.
Аумақтарды абаттандыруға, санитариялық жағдайға және қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылуда.
Әкімдіктерге шомылу маусымы басталғанға дейін, яғни
15 маусымға дейін осындай жұмыстарды барлық өңірлерде аяқтауды қамтамасыз ету қажет.
Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, бірқатар өңірлерде туристік инфрақұрылымды дамытуға қатысты мәселелер әлі де шешімін таппай отыр. Республикалық деңгейде қосымша қаржыландыру мен қолдауды қажет етеді.
Жетісу облысында Алакөл көлінің жағалауында өткен жылдан бері жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілуде. Алайда қазіргі қаржыландыру көлемі жұмысты қажетті қарқынмен жүргізуге жеткіліксіз.
Қарағанды облысындағы Торанғалық кентінде магистральдық су құбырын салу үшін қосымша қаржыландыру қажет.
Щучинск-Бурабай курорттық аймағында Громотуха өзені арқылы өтетін көпір салу және курорттық аумақтағы көлік жүктемесін азайтуға бағытталған жол инфрақұрылымын жаңғырту жобаларын қаржыландыруды қамтамасыз ету қажет.
Абай облысында электрмен жабдықтау, жағалауды бекіту, айналма автомобиль жолын, блокты-модульдік тазарту құрылыстарын және қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу сияқты бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жобалар бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары әлі күнге дейін басталған жоқ.
Сонымен қатар, жағалаудың жазғы маусымға дайындығы бойынша бірқатар мәселелер сақталып отыр.
Кейбір учаскелерде жағажай инфрақұрылымы әлі де ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келмейді. Қалқымалы белгілер, құтқару мұнаралары, киім ауыстыратын кабиналар және санитарлық тораптар жеткіліксіз. Сондықтан әкімдіктер аталған мәселелерді жазғы маусым басталғанға дейін толық шешуі қажет.
Аталған жобалардың барлығы 2026–2029 жылдарға арналған курорттық аймақтарды дамыту жөніндегі Жол картасына енгізілген.
Экологиялық туризм саласында тұрақты өсім байқалады.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша ұлттық парктерге келушілер саны 3,7 миллион адамға жетті.
Туристік жүктемені тиімді басқару және табиғи экожүйелерді сақтау мақсатында 2025 жылы экотуризмнің ұлттық стандарты жаңартылды.
Осы бағытты одан әрі дамыту үшін ұлттық парктердегі инфрақұрылымды жетілдіруді, сондай-ақ туристік соқпақтар мен маршруттарды абаттандыруды жалғастыру қажет.
Экспорттық әлеуеті жоғары бағыттардың бірі – конгрестік-іскерлік туризм.
Өткен жылы елімізде 13 халықаралық іс-шара өткізіліп, экономикаға шамамен 18 млн АҚШ доллары көлемінде пайда әкелді.
Қазақстанның халықаралық нарықтағы орнын нығайту үшін қолданыстағы инфрақұрылымдық шектеулерді жою қажет.
Атап айтқанда, Алматы қаласы іскерлік белсенділіктің негізгі орталығы ретінде халықаралық деңгейдегі заманауи конгресс-көрме кешеніне мұқтаж.
Бұл мәселе бойынша тиісті шешім қабылдау қажет.
Саланың өсуіне серпін беретін перспективалы бағыттардың бірі – медициналық туризм.
Қазақстанның басты артықшылығы – көрсетілетін қызметтердің жоғары сапасы мен қолжетімді құнының үйлесуі.
Өткен жылы Қазақстан шамамен 80 мың шетелдік пациентті қабылдады.
Отандық 10 медициналық ұйым халықаралық JCI аккредитациясына ие.
Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, 2026–2028 жылдарға арналған медициналық туризмді дамыту жөніндегі Жол картасы әзірленуде.
Еліміздің бірегей туристік өнімдерінің тағы бірі – әлемдегі алғашқы әрі ең ірі ғарыш айлағы Байқоңыр кешені.
Байқоңыр кешенінде туризмді дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді.
Оны іске асыру аясында шетелдік туристер үшін рұқсат алу мерзімі 10 күнге дейін қысқартылды. Бұл кешеннің қолжетімділігін арттырды және туроператорлардың ұшыру мен ұшыруаралық бағдарламаларды дамытуына мүмкіндік берді.
Қазақстанға берілген Гагарин старт алаңы, монтаждау-май құю кешені және динамикалық сынақтар стенді жоғары туристік әлеуетке ие. Алайда оларды жаңғырту мен елеулі инвестициялар қажет. Әлеуетті инвесторлар үшін тизерлер әзірленді.
Сонымен қатар ұшыруаралық кезеңде оқиғалық туризмді дамыту маңызды. Бұл туристер ағынын жыл бойы қамтамасыз етіп, қолданыстағы инфрақұрылымды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
2025 жылғы желтоқсанда туристерді тартуға бағытталған ірі іс-шаралардың күнтізбесі бекітілді.
Бүгінгі таңда жоспарланған 55 іс-шараның 17-сі өткізілді. Олардың жалпы келушілер саны 150 мың адамнан асты.
Өткізілген іс-шаралардың жоғары ұйымдастыру деңгейін атап өткен жөн. Олардың қатарында Сиверс алмасының гүлдену фестивалі, PGL киберспорттық турнирі және «Тары Фест» этнофестивалі бар.
Жыл соңына дейін өткізілетін іс-шаралар барысында да қол жеткізілген ұйымдастыру деңгейін сақтау маңызды.
Өңірлердің алдында өткізілетін іс-шаралардың туристік және экономикалық тиімділігін арттыру, сондай-ақ олардың саланы дамытуға қосатын үлесін күшейту міндеті тұр.
Ағымдағы жылдың маңызды оқиғаларының бірі – 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астана қаласында өтетін «Болашақ ойындары» халықаралық турнирі.
Турнирге әлемнің 50-ден астам елінен шамамен
900 спортшының, халықаралық спорт ұйымдарының, цифрлық индустрия өкілдерінің, бұқаралық ақпарат құралдарының және жанкүйерлердің қатысуы күтілуде.
Турнир туристер ағынын арттыруға ықпал етеді. Сондай-ақ елордадағы қонақүй, көлік және сервистік инфрақұрылымға қосымша сұраныс қалыптастырады.
Туроператорлар Ойындарды тамашалау мен елордамыздың мәдени көрікті жерлерін аралауды қамтитын арнайы туристік пакеттер әзірледі.
Жарыстар халықаралық стандарттарға сәйкес келетін Астананың 4 спорт нысанында өтеді.
Ашылу салтанаты 2026 жылғы 29 шілдеде «Барыс Арена» мұз сарайында өтеді.
Туризм саласының тұрақты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруда инвестициялар тарту маңызды.
Бүгінде бұл бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізілді.
Іске асырылған инвестициялық жобалардың қатарында Алматы облысындағы инвестиция көлемі 57 млрд теңгені құрайтын «Oi-Qaragai» тау курорты, Қонаев қаласындағы құны 11 млрд теңге «ASP Arena» спорттық-ойын-сауық кешені, құны
2 млрд теңге «PetroRetail PFS» көпфункционалды жол бойы сервис нысаны бар.
Аталған нысандардың пайдалануға берілуі туристік инфрақұрылымды нығайтуға, сервистің сапасын арттыруға және өңірлердің туристік әлеуетін кеңейтуге ықпал етеді.
Қазіргі уақытта Қазақстанда жалпы инвестиция көлемі шамамен 1,3 трлн теңгені құрайтын 328 инвестициялық жоба іске асырылуда.
Бұл жобалар шамамен 10 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі
25 қонақүй пайдалануға беріледі.
2027 жылдың соңына дейін аяқталуы жоспарланған ірі жобалардың қатарында Шымкент қаласындағы құны 17,5 млрд теңге болатын «Hilton» қонақүйі, Қонаев қаласындағы құны 28 млрд теңге болатын «Marriott» қонақүй кешені және құны 53,3 млрд теңге болатын «Жібек жолы» курорттық-ойын-сауық кешені бар.
Қазақстанды халықаралық деңгейде ілгерілету шеңберінде телевизиялық жобалар, халықаралық онлайн және баспа басылымдарындағы жарияланымдар, сондай-ақ цифрлық жарнамалық науқандар арқылы шетелдік медиаалаңдарда кеңінен таныстырылды.
Қытай Халық Республикасы, Үндістан, Жапония, Корея Республикасы және Ресей Федерациясынан келген тележобалардың түсірілімдеріне қолдау көрсетілді.
Сондай-ақ Қазақстан туралы материалдар 9 шетелдік онлайн-басылыммен серіктестік аясында 8 цифрлық және баспа медиа алаңында жарияланды. Жалпы аудиторияның қамтылуы 53 миллионнан астам оқырманды құрады.
Цифрлық ілгерілету аясында «TikTok» және «Qunar» платформаларында жарнамалық науқандар іске асырылып, 19 миллионнан астам қаралым жинады.
Жыл басынан бері Үндістан, Қытай және Жапониядан келген 27 шетелдік БАҚ өкілі мен туроператор үшін 4 ақпараттық тур ұйымдастырылды.
Қазақстанның туристік әлеуетін одан әрі ілгерілету мақсатында Қытай нарығында маркетингтік жобаларды іске асыру және оңтүстіккореялық «Хана Тур» туристік платформасымен ынтымақтастықты дамыту жоспарлануда.
Саланы дамытудың маңызды бағыттарының бірі – цифрландыру және бірыңғай цифрлық экожүйені қалыптастыру.
«eQonaq» – туристік ағындарды есепке алу және мониторинг жүргізуге арналған ақпараттық жүйе.
Бүгінгі таңда жүйеде 900 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген.
Жүйені өнеркәсіптік пайдалануға енгізу ағымдағы жылдың күзіне жоспарланған.
Туристік ақпараттық ресурстарды AI-ассистенті бар бірыңғай Kazakhstan.travel порталына біріктіру жұмыстары жалғасуда.
Портал 8 тілде қолжетімді болып, іс-шаралар күнтізбесін, туристік жарияланымдарды, фотобанкті, еліміздің туристік нысандары бойынша 3D-турларды қамтиды.
Порталды іске қосу 2026 жылғы желтоқсанға жоспарланған.
Сонымен қатар мемлекеттік қолдау шараларын көрсету процестерін автоматтандыру жұмыстары жүргізілуде.
Бұл рәсімдердің ашықтығын арттырады, өтінімдерді қарау мерзімдерін қысқартады және бизнес үшін қолайлы жағдай жасайды.
Аталған бастамаларды іске асыру туристік қызметтердің сапасын арттыруға, мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруге және заманауи цифрлық экожүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді.