Азаматтық авиация академиясы Emirates Aviation University университетімен жаңа серіктестік бастады

Азаматтық авиация академиясының Басқарма төрағасы – ректор Дәулет Мәмеков бастаған делегация Біріккен Араб Әмірліктерінде Emirates Aviation University вице-канцлері, профессор, доктор Ахмад Әл Әлимен кездесті. Кездесуге Қазақстан Республикасының БАӘ-дегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Рауан Жұмабек те қатысты.
Тараптар Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойып, авиациялық білім мен ғылым салаларындағы ынтымақтастықты дамытудың басым бағыттары мен перспективаларын талқылады. Ректор өз сөзінде азаматтық авиацияны дамыту Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтіп, осы бағытта халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың және озық тәжірибемен алмасудың маңызына тоқталды. Emirates Aviation University-мен серіктестік академиялық тәжірибе алмасуға, білім беру бағдарламаларын жетілдіруге және ғылыми-зерттеу қызметін дамытуға тың мүмкіндіктер ашатыны атап өтілді.
«Біздің мақсатымыз – ынтымақтастықты меморандумға қол қоюмен ғана шектемей, екі оқу орны үшін де нақты нәтижелерге қол жеткізуге, студенттерге, оқытушылар мен зерттеушілерге жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған әріптестік орнату», – деді Дәулет Мәмеков.
Өз кезегінде профессор, доктор Ахмад Әл Әли қазақстандық делегацияға сапары үшін алғыс білдіріп, ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді әріптестікті дамытуға мүдделі екенін жеткізді. Ол халықаралық академиялық ынтымақтастықтың, озық тәжірибе алмасудың және екі оқу орнының білім беру мен ғылыми әлеуетін ұштастырудың маңызын атап өтті.
Тараптар авиация саласы үшін мамандарды тәжірибеге бағдарланған даярлау, студенттердің кәсіби құзыреттерін дамыту және халықаралық академиялық әрі кәсіби тәжірибе жинақтау мүмкіндіктерін кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударды. Ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту, бірлескен білім беру бағдарламалары мен бейінді курстар әзірлеу, авиация мамандарының біліктілігін арттыру, сондай-ақ заманауи авиациялық технологиялар саласында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу айқындалды.
Қол қойылған меморандум Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің білім беру ұйымдары арасындағы халықаралық байланыстарды нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Тараптар қол жеткізілген уағдаластықтар бірлескен бастамаларды іске асыруға, авиациялық білім беру сапасын арттыруға және саланың заманауи талаптарына сай білікті мамандар даярлауға негіз болатынына сенім білдірді.
Кездесу соңында тараптар диалогты жалғастырып, 2027 жылғы наурызда Қазақстанда жауап кездесуін өткізуге уағдаласты. Астана және Алматы қалаларында өткізу жоспарланған кездесулер әріптестікті дамытудың келесі кезеңіне айналып, өзара іс-қимыл бағыттарын нақтылауға, сондай-ақ бірлескен білім беру және ғылыми бастамаларды әзірлеуге мүмкіндік береді.