GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Комитет туралы
Қызметі
Құжаттар
Байланыс ақпарат
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Министрлік туралы
Баспасөз орталығы
Қызметі
Все материалы
Ғылым
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім
23 октября 2026
Республика күні қарсаңында ғылым және жоғары білім саласының өкілдері марапатталды

Республика күні қарсаңында ғылым және жоғары білім саласының өкілдері марапатталды

Республика күні қарсаңында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің салтанатты іс-шарасы өтті. Мерекелік жиында министрлік қызметкерлері мен ғылым және жоғары білім саласының дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік және ведомстволық наградалар табысталды.

Іс-шара барысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ұлттық мерекемен құттықтап, адам капиталын дамыту, сапалы білім беру мен ғылымды өркендетудің ел болашағы үшін маңыздылығына тоқталды.

«Президентіміз атап өткендей, адам капиталын дамыту – еліміздің конституциялық міндеті. Ата Заңда адам капиталын, білім беру жүйесін, ғылымды және серпінді инновацияларды дамыту басымдықтарының жоғары конституциялық деңгейде бекітілуі – маңызды қадам. Бұл ел дамуының жаңа бағдарларын айқындап, оның өзегіне адамды, оның білімі мен кәсіби құзыреттерін, зияткерлік әлеуетін толық іске асыру мүмкіндігін қояды. Отандық ғылым мен жоғары білім саласы үшін бұл өзгерістер сапалы кадрлар даярлауға, заманауи ғылыми-зерттеу ортасын дамытуға және озық инновацияларды енгізуге қолайлы экожүйе қалыптастыруға бағытталған жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді», – деді министр.

Биыл Республика күні ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында аталып жатыр. Мемлекет басшысы білім беру саласын жан-жақты дамытуды маңызды міндеттердің бірі ретінде атап өтті. Соңғы жеті жылда жастардың жоғары білім алуына жалпы құны 1,5 триллион теңгені құрайтын 655 мыңнан астам білім беру гранты бөлінді. Бұл шаралар жастардың таңдаған мамандығын меңгеруіне, қабілеттерін дамытуына және кәсіби әлеуетін іске асыруына мүмкіндік береді.

Бүгін Ақордада Республика күніне орай өткен салтанатты рәсімде Президент елдің өркендеуіне үлес қосқан, адал еңбегімен көпке үлгі болған 2 мыңнан астам азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады. Олардың қатарында білім беру мен ғылым саласының 270-ке жуық өкілі бар.

Министрліктегі салтанатты іс-шара аясында ғылым мен жоғары білімнің дамуына үлес қосқан азаматтарға «Құрмет» ордені, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісі, сондай-ақ «Қаныш Сәтбаев», «Жоғары білім беру саласына қосқан үлесі үшін» және «Еңбек ардагері» ведомстволық наградалары табысталды.

Марапат иелерін құттықтай отырып, министрлік ұжымы барша әріптестерге зор денсаулық, отбасыларына амандық пен бақ-береке, кәсіби қызметте толағай табыс тілейді.

Ғылым
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім
23 октября 2026
ҚазҰУ-да аккумуляторларды қайта өңдеу цехы ашылды

ҚазҰУ-да аккумуляторларды қайта өңдеу цехы ашылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде пайдаланылған литий-ионды аккумуляторларды қайта өңдеуге арналған пилоттық цех ашылды. Жаңа өндірістік алаңда аккумуляторларды қайта өңдеу және олардың құрамындағы бағалы металдар мен басқа да пайдалы материалдарды бөліп алу технологиялары сынақтан өткізіледі.

Салтанатты ашылу рәсіміне университет басшылығы, отандық және шетелдік ғалымдар, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты. Жоба қоршаған ортаны қорғауға және қалдықтарды тиімді басқаруға бағытталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасының мақсаттарына сәйкес келеді.

Жиында ҚазҰУ Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева ғылыми зерттеулерді дамыту және инновациялық технологияларды өндіріске енгізу маңыздылығына тоқталды.

Проректордың айтуынша, мұндай жобалар ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, отандық ғалымдарға қолданбалы зерттеулер жүргізуге жаңа мүмкіндіктер ашады. Сонымен қатар экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған бастама тұрақты даму қағидаттарын іске асыруға үлес қосады.

Цех жетекшісі Фёдор Мальчиктің айтуынша, қайта өңдеу барысында аккумуляторлар алдымен қауіпсіз түрде қуатсыздандырылады, содан кейін ұсақталып, құрамдас бөліктеріне қарай сұрыпталады. Нәтижесінде құрамында белсенді материалдар бар «қара масса» алынады. Алдағы уақытта осы шикізаттан бағалы компоненттерді бөліп алу көзделіп отыр.

Шара барысында қатысушыларға жаңа жабдықтар мен қайта өңдеу процесінің негізгі кезеңдері таныстырылды. Цехта аккумуляторларды ұсақтауға арналған Fante 400 қос білікті шредері, материалдарды өлшеміне қарай сұрыптайтын DZSF-515 дірілдеуік елеуіші және компоненттерді бөлуге арналған NG-706 құрылғысы орнатылған.

Айта кетейік, пилоттық цех бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында жүзеге асырылып жатқан ғылыми жоба шеңберінде ашылды.

Ғылым
Цифрландыру
Халықаралық ынтымақтастық
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім
23 октября 2026
Студенттік GhostTech жобасы HackAlem AI хакатонының «Білім беру» бағыты бойынша жеңімпаз атанды

Студенттік GhostTech жобасы HackAlem AI хакатонының «Білім беру» бағыты бойынша жеңімпаз атанды

23 қазанда жасанды интеллект негізінде инновациялық шешімдер әзірлеуге мыңдаған қатысушыны біріктірген HackAlem AI халықаралық хакатоны жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараға NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас атқарушы директоры Дженсен Хуанг қатысты.

Рәсімнің басында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөз сөйлеп, жасанды интеллектіні дамытудың, дарынды жастарды қолдаудың және инновациялық идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік жасаудың маңызын атап өтті.

Іс-шара аясында министр «Білім беру» бағыты бойынша жеңімпаз атанған GhostTech жобасының авторы Ян Құрманбаевқа марапат табыстады.

GhostTech – нақты бизнес міндеттері бар кәсіпкерлер мен сол міндеттерді шешуге дайын студенттік командаларды біріктіретін платформа. Жоба бизнес пен жоғары білім беру жүйесі арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған. Платформа студенттерге практикалық тәжірибе жинақтауға, кәсіби дағдыларын дамытуға және портфолиосын толықтыруға мүмкіндік береді. Ал кәсіпкерлер жас командаларды IT-шешімдер мен жасанды интеллект негізіндегі өнімдерді әзірлеуге тарта алады.

Хакатон жастар мен кәсіби қауымдастықтың үлкен қызығушылығын тудырды. Ұйымдастырушыларға барлығы 6 586 өтінім түсті, оның шамамен 5 мыңы студенттерден қабылданды. Хакатонға 2 500 адам қатысты, оның ішінде 1 600-і – студенттер. Қатысушылардың 407-сі Қазақстанның өңірлерінен келді.

HackAlem AI қорытындысы бойынша 12 бағыттың әрқайсысынан үш командадан, жалпы 36 жеңімпаз команда анықталды. Олардың құрамына 77 қатысушы кірді, оның ішінде Қазақстанның 13 университетінен 49 студент бар.

HackAlem AI студенттерді, әзірлеушілерді және кәсіби қауымдастық өкілдерін біріктіріп, технологиялық шешімдерді әзірлеу мен таныстыруға мүмкіндік беретін алаңға айналды. Мұндай бастамалар Қазақстандағы жасанды интеллект экожүйесін дамытуға, жастардың әлеуетін ашуға және жоғары білім беру жүйесі мен экономиканың нақты секторы арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.

Ғылым
Цифрландыру
Халықаралық ынтымақтастық
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім
23 октября 2026
Қазақстан NVIDIA-ның физикалық жасанды интеллект жөніндегі өңірлік орталығын құруды ұсынды

Қазақстан NVIDIA-ның физикалық жасанды интеллект жөніндегі өңірлік орталығын құруды ұсынды

Астанадағы alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас атқарушы директоры Дженсен Хуангпен кездесу өтті. Іс-шара аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Qazaq AI Research University (QAIRU) алаңында Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы әлеуетін, жоғары білім беруді цифрлық трансформациялау нәтижелерін және NVIDIA компаниясымен ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі ұсыныстарды таныстырды.

Басты бастамалардың бірі – Қазақстанда NVIDIA-ның физикалық жасанды интеллект пен симуляциялық технологиялар жөніндегі өңірлік орталығын – NVIDIA Physical AI Hub құру ұсынысы. Physical AI Hub Орталық Азиядағы университеттердің білім беру және ғылыми әлеуетін, NVIDIA компаниясының технологиялық мүмкіндіктерін және экономиканың нақты секторының қажеттіліктерін бір арнаға тоғыстыруға бағытталған.

Физикалық жасанды интеллект (Physical AI) – интеллектуалды жүйелерді практикада қолдануға мүмкіндік беретін, қарқынды дамып келе жатқан ЖИ бағыттарының бірі. Бұл технологиялар физикалық үдерістерді модельдеуге, робототехникалық жүйелерді үйретуге, инженерлік шешімдерді виртуалды ортада сынақтан өткізуге және өнеркәсіптік нысандардың цифрлық егіздерін жасауға мүмкіндік береді.

Министр өз сөзінде Қазақстан цифрлық инфрақұрылымды және мамандар даярлау жүйесін жүйелі түрде дамытып келе жатқанын атап өтті. Бұл жасанды интеллект технологияларын меңгеруден бастап, отандық технологиялық шешімдерді әзірлеу мен енгізуге көшуге негіз қалайды.

«Біз физикалық жасанды интеллект, цифрлық егіздер және симуляциялық модельдеу технологияларын Қазақстанның өнеркәсіптік секторының болашағы мен ақылды қалаларды дамыту үшін аса маңызды негіз ретінде қарастырамыз», – деді Саясат Нұрбек.

Есептеу инфрақұрылымын дамытуға да ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Екібастұздағы Data Center Valley жобасына GPU-инфрақұрылымды интеграциялау қарсаңында Қазақстан NVIDIA компаниясымен өзара іс-қимылды кеңейтуді ұсынады. Бұл инфрақұрылымдық ынтымақтастықты Omniverse платформасымен және компанияның басқа да озық технологияларымен жұмыс істей алатын мамандарды жүйелі даярлаумен толықтыруды көздейді.

Ынтымақтастықты одан әрі дамытуға негіз ретінде Саясат Нұрбек жоғары білім беруді цифрлық трансформациялауға бағытталған ұлттық бастамалардың нәтижелерін таныстырды. Coursera платформасымен серіктестік аясында белсенді пайдаланушылар саны 255 мыңнан асты, ал серіктес университеттер саны 100-ден асты. Платформада меңгерілген курстар бойынша 211 мыңнан астам академиялық кредит Мемлекеттік тізілімде танылды. AI-Sana ұлттық бағдарламасы аясында жасанды интеллект бойынша 127 мыңнан астам мамандандырылған сертификат берілді.

Министр Қазақстан университеттерінде ChatGPT Edu платформасының енгізілуіне, Huawei ICT академиялары желісінің дамуына және халықаралық академиялық серіктестіктің кеңеюіне де тоқталды. Оның ішінде АҚШ университеттерімен агрогеномика, мұнай-газ инжинирингі және тау-кен ісі бағыттарындағы ынтымақтастық бар. Бұл бастамалар Қазақстанның білім беру және технологиялық шешімдерді ұлттық деңгейде кеңейту мүмкіндіктерін көрсетеді.

Ұсынылып отырған ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – NVIDIA Deep Learning Institute (DLI) бағдарламасын дамыту. Пилоттық кезеңде Қазақстанның 12 техникалық жоғары оқу орнының өкілдері бастамаға қатысып, төрт оқытушы NVIDIA DLI амбассадоры мәртебесін алды. Олардың даярлығы халықаралық білім беру тәжірибесін таратуға, практикалық сабақтар өткізуге және студенттердің жеделдетілген есептеулер, деректерді өңдеу мен жасанды интеллект салаларындағы құзыреттерін дамытуға мүмкіндік береді.

Алдағы ынтымақтастық аясында NVIDIA DLI Ambassador бағдарламасын кеңейтіп, болашақта 100-ден астам университетті қамту ұсынылады. Негізгі басымдықтар оқытушыларды даярлау және сертификаттау, NVIDIA оқу материалдарын бейімдеу, сондай-ақ мамандандырылған курстарды қазақстандық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына енгізу болмақ.

Ұсынылып отырған NVIDIA Physical AI Hub орталығын қазақстандық университеттердің, шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарының және технологиялық серіктестердің қатысуымен QAIRU базасында құру жоспарланып отыр. Орталық аясында NVIDIA DLI өңірлік алаңын, университеттік зертханалар желісін және NVIDIA Omniverse пен Isaac технологиялары негізінде шешімдер әзірлеу мен сынақтан өткізуге арналған өнеркәсіптік кәсіпорындармен бірлескен алаңдарды дамыту көзделеді.

Жұмыстың басым бағыттарына тау-кен өнеркәсібі, энергетика және көлік салаларына арналған цифрлық егіздерді жасау, робототехника мен автономды жүйелерді дамыту, сондай-ақ физикалық және өнеркәсіптік жасанды интеллект салаларында инженерлер мен зерттеушілер даярлау кіруі мүмкін.

Студенттердің инженерлік командаларын кәсіпорындардың практикалық міндеттерін шешуге тарту ерекше маңызға ие. Университеттік зертханаларда прототиптерді сынақтан өткізу, өндірістік үдерістерді модельдеу және кейіннен өндіріске енгізу мен коммерцияландыруға бағытталған технологияларды әзірлеу мүмкіндігі қарастырылады.

Бастаманы іске асыру мамандар даярлауды, ғылыми зерттеулерді және технологияларды өнеркәсіпте қолдануды біртұтас жүйеге біріктіруге мүмкіндік береді. Болашақта орталық физикалық ЖИ саласындағы құзыреттерді дамытуға және қазақстандық технологиялық шешімдерді Орталық Азия нарықтарына шығаруға арналған өңірлік алаңға айналуы мүмкін.

Алдағы келіссөздер аясында NVIDIA компаниясымен орталықтың ұйымдастырушылық моделін, технологиялық серіктестіктің форматтарын және білім беру, ғылыми-зерттеу әрі өнеркәсіптік жобаларды бірлесіп іске асыру мүмкіндіктерін талқылау ұсынылады.

Ғылым
Цифрландыру
Халықаралық ынтымақтастық
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім
23 октября 2026
QyzPU-да «Қытай – Орталық Азия білім беруді зерттеу орталығы» ашылды

QyzPU-да «Қытай – Орталық Азия білім беруді зерттеу орталығы» ашылды

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Қытай – Орталық Азия» II симпозиумы аясында «Қытай – Орталық Азия білім беруді зерттеу орталығы» ашылды. Жаңа орталық Қазақстан, Қытай және Орталық Азия елдері арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын нығайтуға, озық тәжірибе алмасуға және бірлескен зерттеулерді дамытуға бағытталған.

Халықаралық симпозиумға отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдері, халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық корпус мүшелері, ғалымдар, профессор-оқытушылар және жас зерттеушілер қатысты.

Орталықты құру туралы келісімге Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – ректор Бейбіткүл Кәрімова мен Ланьчжоу университетінің президенті Ян Юнпин қол қойды. Бейбіткүл Кәрімова жаңа орталықтың ашылуы халықаралық академиялық байланыстарды нығайтуға, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға және білім беру саласындағы озық тәжірибелерді таратуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Ланьчжоу университетінің президенті Ян Юнпин орталық қызметінің негізгі бағыттарына тоқталып, білім беру жүйелерін салыстырмалы зерттеу, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне енгізу, жоғары білімді басқарудың тиімді модельдерін зерделеу және педагогикалық инновацияларды дамыту мәселелеріне басымдық берілетінін айтты.

Іс-шараға ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Білім беру ғылымдары және қоғамды дамыту орталығының басшысы Жеңісбек Төлен, ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы Әсел Назарбетова, ҚР Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы Өкілдігінің саяси тобының басшысы Алмаша Аренова,  сондай-ақ Қытай мен Орталық Азияның жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

Симпозиумның ғылыми бөлімінде цифрлық және зияткерлік білім беру, университеттерді басқару, оқу бағдарламаларын әзірлеу, білім беру үдерісін цифрландыру, жасанды интеллект дәуірінде IT мамандарына қажетті дағдыларды қалыптастыру, инженерлік білім берудің даму үрдістері және жоғары білімді интернационалдандыру мәселелері талқыланды.

Симпозиум аясында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Цицикар инженерлік институты және Сиань Еуразия университеті арасында өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды. Құжаттар білім беру және ғылым салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, академиялық байланыстарды нығайтуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға негіз болады.

Ғылым
Халықаралық ынтымақтастық
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім
23 октября 2026
Аманжолов университетінің ғылыми әзірлемелері халықаралық көрмеде таныстырылды

Аманжолов университетінің ғылыми әзірлемелері халықаралық көрмеде таныстырылды

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті «Powerexpo Almaty 2026» халықаралық көрмесіне қатысып, энергетика, электротехника және машина жасау салаларына арналған ғылыми әзірлемелерін көпшілік назарына ұсынды. 21-23 қазан аралығында Алматы қаласында өтіп жатқан көрме аясында университеттің «Беттік инженерия және трибология» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми нәтижелері таныстырылды.

Ұсынылған әзірлемелер ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан екі ғылыми бағдарлама аясында дайындалған. Атап айтқанда, «Құралдар, машина мен жабдықтар бөлшектерінің эксплуатациялық қасиеттерін арттыру үшін беттік өңдеу және композициялық қорғаныш жабындарын алу технологияларын әзірлеу және апробациялау» және «Электр разрядты құбылыстардың ағымына негізделген өңдеудің негізгі әдістері мен тәсілдерін дамыту және оларды машина жасау өндірісіне енгізу» бағдарламалары. Аталған ғылыми бағдарламалар машина мен жабдықтар бөлшектерінің пайдалану сипаттамаларын жақсартуға арналған беттік өңдеу және қорғаныш жабындарын қалыптастыру технологияларын дамытуға, сондай-ақ электр разрядты өңдеу әдістерін жетілдіріп, оларды машина жасау өндірісіне енгізуге бағытталған.

Зерттеулердің негізгі ерекшелігі – іргелі және қолданбалы ғылыми ізденістерді өндірістің нақты қажеттіліктерімен ұштастыру. Осы бағытта Қазақстанның тау-кен металлургиясы, ауыл шаруашылығы және мұнай-газ өнеркәсібінде қолданылатын машиналар мен жабдықтардың бөлшектерін беріктендіруге арналған ғылыми-технологиялық шешімдер әзірленді.

Атап айтқанда, детонациялық, ауа-плазмалық және газ-жалынды бүрку, жоғары жылдамдықты оттекті бүрку (HVOF), электрдоғалық металдандыру, электролитті-плазмалық өңдеу, лазерлік және плазмалық шынықтыру технологиялары бойынша ғылыми әзірлемелер ұсынылды. Сонымен қатар атомдық-қабаттық тұндыру (ALD) және физикалық бу фазасынан тұндыру (PVD) әдістеріне қатысты зерттеу нәтижелері таныстырылды.

Көрме барысында университет ғалымдары отандық және шетелдік кәсіпорындардың өкілдерімен кәсіби тәжірибе алмасып, ғылыми әзірлемелерді өндірістік жағдайда сынақтан өткізу, өндіріске енгізу және коммерцияландыру мәселелерін талқылады. Бұл өз кезегінде университет пен өндіріс орындары арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты кеңейтуге және зерттеу нәтижелерінің практикалық маңызын арттыруға мүмкіндік береді.

Ғылым
Халықаралық ынтымақтастық
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім
22 октября 2026
Coventry University Kazakhstan Астанада жаңа кампус ашады

Coventry University Kazakhstan Астанада жаңа кампус ашады

Шымкент қаласында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің қатысуымен өткен IX Kazakhstan Global Investment Roundtable (KGIR 2026) халықаралық инвестициялық форумы аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Coventry University Kazakhstan арасында Астанада университеттің жаңа кампусын ашуды көздейтін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Меморандум инвестициялық форум аясында қол қойылған 22 құжаттың бірі болды. Форумға әлемнің 40-тан астам елінен 500-ден астам инвестор мен бизнес өкілі қатысты.

Coventry University Kazakhstan президенті Мирас Дәуленов университет инфрақұрылымын дамыту Қазақстанда білім, ғылым және инновацияның заманауи экожүйесін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.

«Біз үшін бұл – білім, ғылым және инновацияның заманауи экожүйесін қалыптастыруға бағытталған стратегиялық маңызы зор жоба. Ұзақ мерзімді стратегиямыз Астана мен Алматы қалаларында екі ірі университет кампусын құруды көздейді. Олар жоғары білікті мамандар даярлау, ғылыми зерттеулер жүргізу және өндіріс саласымен ынтымақтастық орнату орталықтарына айналмақ. Primus Capital мен Coventry University қолдауының арқасында біз осы стратегияны кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеміз. 2024 жылы Астанада Coventry University Kazakhstan-ның алғашқы кампусы ашылды, ал 2026 жылы Алматыда кампус ашу арқылы қызмет аямызды кеңейттік. Келесі кезең жасанды интеллектіге, озық инженерияға және технологиялар трансферіне ерекше назар аудара отырып, заманауи университет инфрақұрылымын дамытуды қамтиды. Біздің мақсатымыз – сапалы британдық білім берумен ғана шектелмей, Қазақстан экономикасының дамуына ықпал ететін жаңа білім мен технологияларды қалыптастыру», – деп атап өтті Мирас Дәуленов.

Жаңа кампустың құрылысы кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Кешеннің жалпы аумағы шамамен 30 мың шаршы метрді құрайды. Жоба аясында оқу ғимараттары, әкімшілік, қоғамдық кеңістіктер, кітапхана және заманауи IT-инфрақұрылым қарастырылған. Сонымен қатар студенттік іс-шаралар өткізуге және бірлескен жобаларды іске асыруға арналған кеңістіктер жасақталады.

Сондай-ақ 400 орындық студенттер жатақханасы салынады. Онда тұрғын бөлмелер, ас үйлер, демалыс және өздігінен білім алуға арналған орындар болады.

Coventry University Kazakhstan – Ұлыбританиядағы Coventry University университетінің кампусы. Мұнда аталған университеттің білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып, британдық үлгідегі дипломдар беріледі.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі университеттің тиісті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын жолға қоюға жәрдемдеседі. Сонымен қатар тараптар академиялық үлгерімі жоғары түлектер мен олимпиада жеңімпаздарын қоса алғанда дарынды жастардың сапалы жоғары білім алу мүмкіндіктерін кеңейту тетіктерін пысықтауды жоспарлап отыр.

Жаңа кампустың ашылуы халықаралық білім беру ынтымақтастығын дамытуға және Қазақстанда білікті мамандар даярлау мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.

Ғылым
Халықаралық ынтымақтастық
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім
22 октября 2026
Қарағандыда өнеркәсіпке қажетті инженерлік кадрлар даярлау жолға қойылады

Қарағандыда өнеркәсіпке қажетті инженерлік кадрлар даярлау жолға қойылады

Бүгін, 22 қазанда, Шымкент қаласында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің қатысуымен өткен IX Kazakhstan Global Investment Roundtable (KGIR 2026) халықаралық инвестициялық форумы аясында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті мен Түркияның İstanbul Gedik Üniversitesi арасында академиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Форум әлемнің 40 елінен 500-ден астам инвестор мен бизнес өкілін біріктіріп, жаңа өндірістерді дамыту, озық технологиялар тарту және халықаралық экономикалық серіктестікті нығайту мәселелеріне арналды.

Ынтымақтастық Қарағанды облысында жоспарланған жаңа өнеркәсіптік жобамен байланысты. Түркияның Gedik Holding өнеркәсіптік тобы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында құбыржолдық арматура мен дәнекерлеу өнімдерін шығаратын зауыт салу жобасын пысықтап жатыр. Болашақ кәсіпорынға білікті инженерлік-техникалық мамандар даярлау үшін компания Қарағанды өңірінің өнеркәсіп саласына кадрлар даярлайтын Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетімен серіктестік орнатуға бастамашы болды.

Gedik Holding компаниясымен тығыз байланыстағы İstanbul Gedik Üniversitesi өнеркәсіп саласына мамандар даярлау тәжірибесіне ие. Екі университеттің ынтымақтастығы инженерлік білім беруді өндірістің нақты сұраныстарымен ұштастыруға бағытталған.

Меморандумға университет атынан Басқарма мүшесі – Стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Тимур Қанапиянов, Түркия университеті тарапынан İstanbul Gedik Üniversitesi Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Хюлия Гедик қол қойды.

Келісім аясында металл өңдеу, дәнекерлеу технологиялары және өнеркәсіптік жабдықтарды пайдалану бағыттарында мамандар даярлау, білім беру бағдарламаларын өндіріс талаптарына бейімдеу, студенттердің өндірістік практикасы мен тағылымдамаларын ұйымдастыру мүмкіндіктері қарастырылады. Сонымен қатар академиялық ұтқырлықты дамыту, оқытушылар мен зерттеушілер арасында тәжірибе алмасу, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және білім беру жобаларын жүзеге асыру көзделген.

KGIR 2026 аясында қол қойылған меморандум Қазақстан мен Түркия арасындағы ғылыми-білім беру және өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамытуға, Қарағанды өңірінде жаңа өндірістерге қажетті инженерлік кадрлар даярлауға негіз қалайды.

Ғылым
Халықаралық ынтымақтастық
22 октября 2026
Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығы мен ЮНЕСКО ынтымақтастық туралы келісім жасасты

Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығы мен ЮНЕСКО ынтымақтастық туралы келісім жасасты

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығы мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) Азия-Тынық мұхиты өңірінде жоғары білімге қатысты біліктіліктерді тану туралы Токио конвенциясын іске асыруға қолдау көрсетуге бағытталған ынтымақтастық туралы келісім жасасты.

Ынтымақтастықтың мақсаты – білім беру біліктіліктерін танудың ұлттық жүйесін одан әрі жетілдіру, халықаралық өзара іс-қимылды дамыту және осы бағыттағы мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру.

Жоба аясында біліктіліктерді тану тәсілдері мен рәсімдерін жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірлеу, халықаралық тәжірибені талдау және Токио конвенциясын Қазақстанда іске асыру жөніндегі жол картасын дайындау жоспарланып отыр. Сонымен қатар біліктіліктерді танудың ұлттық жүйесін одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында мүдделі мемлекеттік органдармен және бейінді ұйымдармен консультациялар өткізу көзделген.

Нормативтік-құқықтық және ұйымдастырушылық тетіктерді жетілдіруге, біліктіліктерді тану рәсімдерінің ашықтығын арттыруға, сондай-ақ Қазақстанның Ұлттық ақпараттық орталығының әлеуетін нығайтуға және халықаралық тәжірибе алмасуды дамытуға ерекше назар аударылады.

Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – шетелдік білім туралы құжаттарды тану бойынша цифрлық қызметтерді ілгерілету. Шетел азаматтарының қолжетімді электрондық сервистер туралы хабардарлығын арттыру және оларды пайдалану мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында ағылшын тілінде ақпараттық материалдар әзірлеу жоспарланып отыр.

Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығы Токио конвенциясы аясында Қазақстанның Ұлттық ақпараттық орталығының функцияларын атқарады және оны іске асыру жөніндегі іс-шараларды үйлестіруге қатысады. Бұл жұмыс халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, академиялық ұтқырлықты қолдауға және біліктіліктерді танудың ашық әрі түсінікті рәсімдерін қалыптастыруға ықпал етеді.

Жобаны 2026 жылғы қазаннан 2027 жылғы желтоқсанға дейін іске асыру жоспарланған. ЮНЕСКО-мен ынтымақтастық біліктіліктерді танудың ұлттық жүйесін одан әрі жетілдіруге және Қазақстанның халықаралық білім беру кеңістігіне кірігуін нығайтуға үлес қосады деп күтіледі.

ЮНЕСКО-мен серіктестік Қазақстанның ашық, заманауи және халықаралық білім беру кеңістігімен ықпалдасқан жоғары білім беру жүйесін дамыту жолындағы маңызды қадам болып саналады.

Халықаралық ынтымақтастық
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім
22 октября 2026
Атырау университетінің студенттері дуалды оқыту бағдарламасы бойынша еңбек тәжірибесін жинақтап жатыр

Атырау университетінің студенттері дуалды оқыту бағдарламасы бойынша еңбек тәжірибесін жинақтап жатыр

Жоғары білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының сұранысына бейімдеу және жұмыс берушілерді оқу үдерісіне тарту мақсатында Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің 93 студенті дуалды оқыту жүйесі аясында түрлі мекемелерде кәсіби тәжірибеден өтіп, еңбек жолын бастады.

Дуалды оқытуды дамыту – ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі әзірлеген 2023-2029 жылдарға арналған жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасында көзделген маңызды міндеттердің бірі. Құжатта білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайту, сондай-ақ білім алушылардың практикалық даярлығын арттыру мәселелеріне басымдық берілген. Атырау университетінің тәжірибесі осы бағыттағы мемлекеттік саясаттың өңірлік деңгейде жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді.

«Дуалды оқыту – халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылатын жүйе. Мәселен, Германияда ол жұмыс берушілер мен білім беру ұйымдарының тығыз ынтымақтастығына негізделген. Кәсіпорындар алдағы екі-үш жылда қандай мамандарға сұраныс болатынын алдын ала айқындап, университеттермен бірлесіп кадр даярлауға қатысады. Біз де осы тәжірибені негізге ала отырып, студенттеріміздің еңбек нарығына бейімделген, кәсіби дағдылары қалыптасқан маман болып шығуына жағдай жасауды көздейміз», – дейді университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Асхат Шүкіров.

Университет жаз айларында Enbek.kz электрондық еңбек биржасында жарияланған Атырау облысындағы білім беру ұйымдарының бос жұмыс орындарын зерделеген. Талдау нәтижесінде мұғалімдік мамандықтар бойынша жарияланған вакансиялардың 70 пайызы үміткерлерден бір жылдан үш жылға дейінгі еңбек өтілін талап ететіні анықталған. Алайда жоғары оқу орнын енді бітірген түлектердің мұндай тәжірибесі бола бермейді. Осы тұрғыдан алғанда дуалды оқыту студенттерге оқу барысында кәсіби тәжірибе жинақтап, еңбек нарығында сұранысқа ие болуға және жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін арттыруға жол ашады.

«Дуалды оқытудың басты артықшылығы – оқу барысында тәжірибе жинақтап, келісімшарт негізінде ай сайын еңбекақы алу және еңбек өтілін қалыптастыру мүмкіндігі. Оқуымды аяқтағаннан кейін ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған орталыққа жұмысқа орналасқым келеді. Қазірдің өзінде балалармен жеке сабақтар өткізіп, кәсіби тәжірибемді арттырып жүрмін», – дейді логопедия мамандығы бойынша білім алып жатқан 4-курс студенті Фарида Төреғалиева.

Дуалды оқыту жүйесінің тиімділігін жұмыс берушілер де атап өтеді. Мәселен, Атырау қаласындағы «Зерделі» халықаралық мектебі бағдарлама аясында бес студентті жұмысқа қабылдап, кадр тапшылығын шешудің қосымша мүмкіндігіне ие болды.

«Бұған дейін қажетті мамандарды Enbek.kz сайты арқылы іздейтінбіз. Биыл Атырау университетімен меморандум жасасып, дуалды оқыту бағдарламасы аясында студенттерді қабылдадық. Қазір бес студент өз мамандықтары бойынша сабақ беріп жүр. Олар өздерін жақсы қырынан көрсетіп, мектеп ұжымына бейімделіп келеді. Алдағы уақытта да жұмыс нәтижелері көңілден шықса, келесі жылы оларды тұрақты қызметке қабылдауды жоспарлап отырмыз», – дейді мектеп директорының орынбасары Айзада Зұлқашова.

Қазіргі таңда Атырау университеті 27 білім беру бағдарламасы бойынша 58 мекемемен келісім жасасқан. Олардың 50-ге жуығы – жекеменшік ұйымдар. Дуалды оқыту аясында еңбек жолын бастаған 93 студенттің 35-і келесі жылы оқуын аяқтайды.

Университет алдағы уақытта дуалды оқытуға қатысатын ұйымдар санын арттырып, жұмыс берушілермен ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді. Бұл өз кезегінде білім беру бағдарламаларының тәжірибеге бағдарлануын күшейтіп, түлектердің кәсіби даярлығын жетілдіруге және олардың еңбек нарығына бейімделуіне ықпал етеді.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы