Жиі қойылатын сұрақтар
Қазақстан аумағында сапарлар кезінде «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттарына әуе көлігімен немесе теміржол көлігімен (тікелей маршрут бойынша) жүру шығындары өтеледі. Бұл ретте өтемақы сомасы купе вагонындағы билет құнынан аспайтын мөлшерде есептеледі. Қымбат санаттағы билеттер, атап айтқанда: жоғары жайлылықтағы вагон санаты, сондай-ақ жүрдек пойыздардағы «Турист» және «Бизнес» сыныптары бойынша билеттер өтелмейді. Қосымша түрде теміржол кассасынан өз маршрутыңыз бойынша жол жүру билеті құны көрсетілген анықтаманың түпнұсқасын ұсыну қажет.
Аталған мәселе Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 7 қазандағы № 413 бұйрығымен реттеледі:
https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1300008880
Мысалы:
Мен, Исатай, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты болып табыламын және National University of Singapore (Сингапур) университетінің магистратурасына оқуға түстім. Ақтау қаласында тұрамын. Мен Ақтау – Астана бағыты бойынша, әрі қарай Астана – Сингапур бағыты бойынша әуе билетін сатып алдым. Ақтау – Астана, яғни Қазақстан Республикасы аумағындағы ішкі бағыттағы әуе билеті құны өтелуге жата ма?
Иә, Қазақстан Республикасы аумағындағы ішкі бағыт бойынша әуе билеті құны өтелуге жатады, алайда өтемақы әуе билеті құны бойынша емес, теміржол көлігі тарифі шегінде, купе вагонында жүру құнынан аспайтын мөлшерде жүзеге асырылады. Сондай-ақ қосымша түрде теміржол кассасынан сіздің бағытыңыз бойынша жол жүру билеті құны туралы анықтаманың түпнұсқасын ұсыну қажет.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 13 сәуірдегі №163 бұйрығына сәйкес (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1200007613), әуе ұшу шығындары (әуе билеті) шетелдік жоғары оқу орнының академиялық күнтізбесіне сәйкес ұзақтығы 2 (екі) ай және одан да көп семестраралық каникул кезеңінде ғана төленеді (өтеледі). Ұзақтығы екі апта болатын семестраралық каникул кезеңіндегі ұшуға жұмсалған шығындар өтелмейді.
Мысалы: Менің ұлым «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты болып табылады және Бостон университетінде (Америка Құрама Штаттары) магистратурада білім алуда. Ұзақтығы 2 апта болатын каникул кезеңінде Қазақстанға келуді жоспарлап отыр. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ оның әуе ұшу шығындарын төлей ме?
Жоқ, ұлыңыздың әуе ұшу шығындары төленбейді, себебі әуе ұшу шығындары тек ұзақтығы 2 (екі) ай болатын семестр аралық каникул кезеңіне ғана төленеді.
«Болашақ» бағдарламасының «мемлекеттік қызметшілер» санаты бойынша стипендиаттары шетелде тіл курстарынан өте алмайды, өйткені магистр дәрежесін алу үшін «мемлекеттік қызметшілер» санаты бойынша халықаралық «Болашақ» стипендиясының иегерлеріне арналған тіл курстары тек Қазақстан Республикасының аумағында ғана және 12 (он екі) айдан аспайтын мерзімде өткізіледі.
Бұл мәселе Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің м.а. 2015 жылғы 22 мамырдағы №318 бұйрығымен реттеледі.
https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1500011258.
Мысалы: Мен – Мадинамын, «мемлекеттік қызметші» санаты бойынша «Болашақ» стипендиясының иегерімін. Мен тілдік курстарды шетелде өте аламын ба?
Мадина, «Болашақ» халықаралық стипендиясының «мемлекеттік қызметшілер» санаты бойынша иегерлері үшін шетелде тіл курстарынан өту мүмкін емес. Сіз тіл курстарынан тек Қазақстан Республикасының аумағында ғана, мерзімі бір жылдан аспайтын уақыт аралығында өте аласыз.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 26 мамырдағы № 222 «Шетелде оқуға жіберу, оның ішінде «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларын бекіту туралы» (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2000020730) бұйрығына 1-қосымшаға сәйкес құжаттарды қарау және қабылдау немесе мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту мерзімі 2 жұмыс күнін құрайды.
Мысалы: Менің атым – Диас. Мен 26 қаңтар күні University College London университетіне «Құқық» мамандығы бойынша магистратура бағдарламасына «Болашақ» халықаралық стипендиясы конкурсына қатысу үшін құжаттарымды тапсырдым. Құжаттар қанша уақытта қаралады және жауапты қашан күтуге болады?
Диас, «Болашақ» стипендиясы бойынша құжаттарды қарау мерзімі 2 жұмыс күнін құрайды, яғни сіз жауапты 27 қаңтар күні жұмыс күні ішінде аласыз.
«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындауда үміткерлерді іріктеуді ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 11 маусымдағы № 573 қаулысымен бекітілген (бұдан әрі – ҚР ҮҚ) «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларымен реттеледі. (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/P080000573)
Үшінші турда Республикалық комиссия бірінші және екінші турдың нәтижелерін қарастырып, «Болашақ» стипендиясын тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы түпкілікті шешім қабылдайды, ол туралы үміткерге «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ ресми сайтында ақпарат орналастыру арқылы хабар етіледі. Шешім отырыстың хаттамасымен ресімделіп, оған қатысқан барлық Комиссия мүшелері қол қояды.
Осыған орай қолданыстағы ҚР ҮҚ заңнамасында Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі Республикалық комиссияның шешімін қайта қарау мүмкіндігі қарастырылмаған.
Сонымен қатар Ережеге сәйкес үміткер келесі конкурстың конкурстық іріктеуіне қатысуға құқылы.
Мысалы: Менің атым – Ардақ. Мен конкурсқа қатысып, University of Reading (Ұлыбритания) университетіне докторантура бағдарламасы бойынша құжат тапсырдым, алайда маған «Болашақ» стипендиясы тағайындалмады. Менің конкурс нәтижелерім қайта қаралуы мүмкін бе?
Ардақ, үшінші турда комиссия алғашқы екі турдың нәтижелерін қарап, соңғы шешім қабылдайды: «Болашақ» стипендиясын тағайындау немесе бас тарту. Бұл шешім хаттамамен рәсімделіп, комиссия мүшелері қол қояды. Бұл шешімді қайта қарауға болмайды.
Тұру, тамақтану және оқу әдебиеттерін сатып алу үшін ай сайынғы стипендияны төлеу алдыңғы айдың 25-інен бастап ағымдағы айдың 5-іне дейін жүргізіледі. Академиялық оқу кезеңінде оқу материалдарын сатып алу шығыстарының сомаларын есептеу бекітілген оқу жоспарына сәйкес жылына екі рет жүргізіледі, тілдік курстардан және тағылымдамадан өту кезеңінде ай сайын жүргізіледі.
Бұл мәселе Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 13 сәуірдегі №163 бұйрығымен реттеледі.
https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1200007613.
Мысалы: Мен, Темірлан, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты ретінде оқуым 2 қыркүйекте басталады, ал оқуға 22 тамыз күні ұшамын. Стипендияны қашан аламын?
Темірлан, ай сайынғы стипендия алдыңғы айдың 25-інен бастап ағымдағы айдың 5-іне дейінгі аралықта төленеді. Сіздің жағдайыңызда алғашқы стипендия 25 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында төленеді. Сонымен қатар академиялық оқу кезеңінде оқу материалдарына арналған шығындар жылына екі рет төленеді, ал тілдік курстар мен тағылымдамалар кезеңінде ай сайын төленеді.
Оқу еліне келгеннен кейін Стипендиат төмендегі талаптарды орындауға міндетті:
1) Оқу басталған күннен бастап 60 күнтізбелік күн ішінде АО «Халықаралық бағдарламалар орталығы» (бұдан әрі – Орталық) ұйымына бекіту үшін оқу жоспарын ұсынуы тиіс, онда оқу орны белгілеген міндетті практика және/немесе тағылымдама көрсетілуі қажет;
2) Оқу басталғаннан кейін 15 күнтізбелік күн ішінде Стипендиат Орталыққа оқу орны әкімшілігіне Орталыққа Стипендиат туралы құпия ақпаратты (үлгерімі туралы мәліметтер, академиялық мәртебесі, оқу мерзімі) беруге құқық беретін қол қойылған рұқсатты тапсыруы тиіс.
Бұл мәселе Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 13 сәуірдегі №163 бұйрығымен реттеледі.
https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1200007613
Мысалы: Мен, Ақерке, «Болашақ» бағдарламасының стипендиатымын, Австралияға оқуға бара жатырмын және оқу еліне келгеннен кейін АО «Халықаралық бағдарламалар орталығына» қандай құжаттарды ұсыну қажет екенін білгім келеді?
Ақерке, Сіз оқу басталған күннен бастап 60 күнтізбелік күн ішінде оқу жоспарын, сондай-ақ 15 күнтізбелік күн ішінде оқу орнына Сіздің үлгеріміңіз, академиялық мәртебеңіз және өзге де ақпарат туралы мәліметтерді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-на беруге құқық беретін қол қойылған рұқсатты ұсынуыңыз қажет.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 7 қазандағы № 413 ««Болашақ» халықаралық стипендиясын іске асыру жөніндегі кейбір шаралар туралы» бұйрығына сәйкес (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1300008880), егер Стипендиаттың және оның отбасы мүшелерінің (ата-анасының, жұбайының/жұбайының, балаларының) меншігінде ауыртпалық салынбаған жылжымайтын мүлік (яғни кепілде, тыйым салынған немесе ипотекада тұрмаған жылжымайтын мүлік) болмаған жағдайда, оқу туралы шарт бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету үшін Стипендиат Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын, жасы 50 (елу) жасқа дейінгі және соңғы 12 (он екі) күнтізбелік ай ішінде тұрақты табысы бар 5 (бес) кепілгерді ұсынуы тиіс. «Болашақ» бағдарламасы алдында міндеттемелері бар Стипендиат кепілгер бола алмайды.
Мысалы:
Менің атым Арман, мен «Болашақ» бағдарламасының стипендиатымын. Менің және отбасы мүшелерімнің меншігінде жылжымайтын мүлік болмаса, бірақ мен 5 кепілгер ұсына алатынымды білсем, олар міндетті түрде менің туыстарым болуы керек пе?
Жоқ, міндетті емес. Кепілгер ретінде соңғы бір жыл ішінде тұрақты табысы бар, жасы 50-ге толмаған Қазақстан Республикасының кез келген азаматы бола алады.
«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларының 24-тармағына сәйкес тағылымдамадан өткен түлектер «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде алған мамандығы бойынша кемінде 3 жыл міндетті түрде еңбек өтеуге тиіс:
– оларды тағылымдамаға жіберген ұйымда (жұмыс берушінің өтінімі бойынша);
– немесе Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан осы жұмыс берушінің филиалдарында/өкілдіктерінде;
– немесе Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан басқа ұйымдарда, бірақ тек жұмыс берушінің келісімі болған жағдайда.
Мысалы: Мен «Болашақ» бағдарламасы аясында «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» КеАҚ-ның ұсынған өтінім бойынша тағылымдамадан өттім. Еңбек өтеуін міндетті түрде осы ұйымның базасында жүзеге асыруым қажет пе, әлде басқа ұйымға ауысып еңбек өтеуіне рұқсат етіле ме?
«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» КеАҚ-ның келісімі болған жағдайда, Сіз «Болашақ» бағдарламасы аясында алған мамандығыңыз бойынша Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан өзге де ұйымдарда кемінде үш жыл мерзімге еңбек өтеуді жүзеге асыра аласыз.
«Болашақ» бағдарламасы шеңберінде конкурстық іріктеуге Қазақстан Республикасының азаматтары жіберіледі, бұл ретте олардың тілдік курстарда оқу, академиялық оқу/тағылымдамадан өту және кейінгі өтеу мерзімдерінің жиынтығы құжаттарды тапсыру сәтінде заңнамамен белгіленген жалпы зейнеткерлік жастан аспауы тиіс, сондай-ақ бакалавр дәрежесін алу үшін орта білім туралы құжаты болуы қажет.
Үміткер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 11 маусымдағы № 573 қаулысының талаптары мен шарттарына сәйкес құжаттарды ұсынуы тиіс.
Мысалы:
Үміткер Марат С. (жасы 40-та) Астана қаласындағы №9 қалалық емханада дәрігер болып жұмыс істейді. Ол «медицина қызметкері» санаты бойынша Америка Құрама Штаттарында 12 айлық тағылымдамадан өту үшін құжат тапсыра ала ма?
Иә, үміткер Марат С. тағылымдамадан өту үшін құжат тапсыра алады, себебі оның жасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы талаптарына сәйкес келеді және оның жоғары білімі бар.