Жиі қойылатын сұрақтар
Қазіргі таңда республикада 122 ЖОО жұмыс істейді (ұлттық – 12, мемлекеттік – 31, азаматтық емес – 14, ДББҰ – 1, халықаралық – 1, акционерлік – 11 және жекеменшік – 52).
2024 жылғы қабылдау 206803 адам құрайды, оның ішінде мемекеттік тапсырыс бойынша – 90880 адам. (Бакалавриат – 183630 адам, оның ішінде МТ – 76588, Магистратура – 16 121 адам, оның ішінде МТ – 9354, Докторантура – 2972 адам, оның ішінде МТ – 2620, Резидентура – 4080 адам, оның ішінде МТ – 2318).
Білім алушылар контингенті 680156 адам құрайды, оның ішінде мемекеттік тапсырыс бойынша – 287048 адам (Бакалавриат – 624469 адам, оның ішінде МТ – 255997, Магистратура – 39172 адам, оның ішінде МТ – 19534, Докторантура – 7633 адам, оның ішінде МТ – 6370, Резидентура – 8882 адам, оның ішінде МТ– 5147).
2024 жылғы бітірушілердің саны 172699 адам, оның ішінде мемекеттік тапсырыс бойынша – 54499 адам. (Бакалавриат – 147375 адам, оның ішінде МТ – 43127, Магистратура – 21344 адам, оның ішінде МТ – 8715, Докторантура – 1422 адам, оның ішінде МТ – 1279, Резидентура – 2558 адам, оның ішінде МТ – 1378).
Шетелдік білім алушылар саны 30711 адамды құрайды (Бакалавриат – 28458 адам, Магистратура – 1724 адам, Докторантура – 500 адам, Резидентура – 29 адам).
Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің 101-бабына сәйкес (Қазақстан Республикасының Кодексі 2015 жылғы 23 қарашадағы № 414-V ҚРЗ) жұмыскерлерге қойылатын біліктілік талаптары мен белгілі бір жұмыс түрлерінің күрделілігі кәсіптік стандарттар негізінде, ал олар болмаған кезде Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығы, Басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер лауазымдарының, жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларының біліктілік анықтамалығы және ұйымдар басшылары, мамандары және басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамалары негізінде белгіленеді.
Яғни жұмыс берушілер Еңбек кодексінің 101-бабына сәйкес біліктілік талаптарын өз еркімен белгілейді.
Педагогтерінің жалақысын есептеу қағидаларының (2020 жылғы 11 мамырдағы № 191 бұйрығы) 39-тармағына сәйкес бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарындағы мұғалімдерге және әдістемелік орталықтардың (кабинеттердің) педагогтеріне белгіленген үлгідегі құжаттардың негізінде айлық есептік көрсеткіштің 10 еселенген мөлшерінде қосымша ақы есептеледі және нақты оқу жүктемесіне қарамастан негізгі жұмыс орны бойынша жүргізіледі:
1) жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес оқу мерзімі екі жылдан кем емес ғылыми-педагогикалық бағытта және (немесе) ғылыми-педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламалары бойынша ECTS (European Credit Transfer and Accumulation System – Еуропиан Кредит Трансфер энд Акьюмилейшн Систем) 120 академиялық кредиттен кем емес меңгерген магистр дәрежесі үшін (дайындау бағыттары бойынша - 7M011 Педагогика және психология, 7M012 Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту педагогикасы, 7M013 Пәндік мамандандырылмаған педагогтарды даярлау, 7M014 Жалпы дамудың пәндік мамандандырылған педагогтарды даярлау, 7M015 Жаратылыстану пәндері бойынша педагогтарды даярлау, 7M016 Гуманитарлық пәндер бойынша педагогтарды даярлау, 7M017 Тілдер және әдебиет бойынша педагогтарды даярлау, 7M018 Әлеуметік педагогика және өзін-өзі тану мамандарын даярлау, 7M019 Арнайы педагогика, 7M021 Өнер, 7M022 Гуманитарлық ғылымдар, 7M023 Тілдер және әдебиет, 7M031 Әлеуметтік ғылымдар, 7M032 Журналистика және ақпарат, 7M041 Бизнес және басқару, 7M042 Құқық, 7M051 Биологиялық және сабақтас ғылымдар, 7M052 Қоршаған орта, 7M053 Физикалық және химиялық ғылымдар, 7M054 Математика және статистика, 7M061 Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, 7M121 Әскери іс, 7M122 Ұлттық қауіпсіздік, 7M123 Қоғамдық қауіпсіздік, сондай-ақ Қазақстан Республикасы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі мамандықтар жіктеуішіне сәйкес жоғарыда аталған даярлау бағыттарына баламалы мамандықтары бойынша;
2) педагогикалық бейіндегі магистратураның бағдарламасын қосымша меңгеруден кейін бейінді магистратураны аяқтаған магистрге белгіленеді.
Көрсетілген бұйрықтың негізгі әзірлеушісі Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі екенін ескере отырып, толығырақ мәліметтер алу үшін аталған уәкілетті мемлекеттік органға (ҚР Оқу-ағарту министрлігі) жүгінуге болады.
Терминдер Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы Республикалық терминология комиссиясының отырыстарында қаралып, хаттамамен ресімделеді. Аталған комиссия отырыстарында қаралған терминдер termincom.kz сайтында заңды және жеке тұлғалар үшін қолжетімді. Қазіргі кезге дейін Комиссия отырыстарында 35 мыңнан аса термин бекітілген. Тіл саласындағы уәкілетті орган терминологиялық жұмысты жүйелендіруге бағытталған жұмыстарды кешенді түрде жүргізеді.
«Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен тілдерді дамыту саласында кемінде 10 жыл өтілі бар қызметкерлер, тіл саясатын дамытуға ерекше үлес қосқан және тілдерді дамыту саласын жетілдіруге белсенді қатысқан азаматтар марапатталады.
ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тестілеу Астана қаласы, Родниковая көшесі, 1/1 мекенжайы бойынша өткізіледі. Байланыс нөмірлері 8 (7172 69- 52- 85, 69-52-96). Тестілеу төлемақысын кез келген екінші деңгейлі банктен немесе (cabinet.testcenter.kz) онлайн түрде төлеуіңізге болады. Төлем үшін деректемелерді «Хабарландыру» немесе «Байланыс» беттерінен жүктеп алуға болады.
ҚАЗТЕСТ – ҚР Үкіметінің арнайы тапсырмасымен 2006 жылы Ұлттық тестілеу орталығының базасында құрылып, ҚР азаматтары мен ел аумағындағы шетел азаматтарының қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалайтын, стандартталған әдіснамасы мен бағалау технологиясы қалыптасқан ұлттық жүйе.
ҚАЗТЕСТ кең спектрлі, өйткені әр сала мамандарының тілдік білім-дағдыларын тәуелсіз бағалайды. Бұл жүйе негізінде ересек тұрғындарға арналған үлгілік оқу бағдарламасы, 5 деңгейлік оқулығы және лексикалық минимумдары әзірленіп, еліміздің 111 мемлекеттік тілді оқыту орталығында бірізді пайдалануда.
ҚАЗТЕСТ - халықаралық тілдік білімді бағалау жүйелерінің, атап айтсақ, TOEFL, IELTS (ағылшын тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі), TÖMER (түрік тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі), ТРКИ (орыс тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі) сияқты жүйелердің қағидаттары мен талаптарына негізделген, азаматтардың қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалаудың отандық жүйесі.
ҚР Үкіметінің Қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес Қазтест жүйесі мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесін арттырудың негізгі көрсеткішін іске асыру тетігі ретінде анықталған.
Осыған сәйкес мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік қызмет көрсететін мекеме қызметкерлері мен ұлттық компания қызметкерлері жыл сайын Қазтест тестілеуінен өтуде.
ҚАЗТЕСТ жүйесі 17 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді, осы уақыт аралығында жарты миллионға жуық азамат, соның ішінде 15 жыл ішінде 21 082 «Болашақ» үміткері тестілеуден өтті. Тілші ғалымдар, әдіскерлер, тестология саласының мамандары жүйеде 200 мыңнан астам тест тапсырмаларының қорын әзірлеп, қолданысқа енгізді.
Ал «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша сертификаттық тестілеуден «Болашақ» халықаралық бағдарламасының стипендиясына (В1 деңгейінен кем емес), «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ қызметкерлері (А1-ден С1 деңгейіне жету), мемлекеттік әкімшілік қызметінің «А» корпусының кадрлық резервіне (А2 деңгейінен кем емес), ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Академиясына (А2 деңгейінен кем емес), Президенттік жастар кадрлық резервіне (В1 деңгейінен кем емес), ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының магистратура және докторантурасына (В1 деңгейінен кем емес), ҚР жоғары оқу орындарының докторантурасына түсуші үміткерлер (А1, А2, В1, В2, С1 деңгейлері) өтуге міндетті болып табылады.
Көп тілді меңгерген жастарды ынталандыру мақсатында жыл сайын түрлі іс-шаралар өткізеді, соның ішінде үш тілді жетік меңгерген жастар арасында өткізілетін «Тіл шебері» байқауын атап өтуге болады.
Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде қолданылуын қамтамасыз ету, мемлекеттік тілді меңгерген қоғамдық белсенді этнос жастарын ынталандыру мақсатында «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» республикалық конкурсы өткізіледі. Байқауға еліміздің 17 өңірінде іріктеуден өтетін 21-35 жас аралығындағы этнос жастары қатыса алады.
Сонымен қатар, «Мен қазақша сөйлеймін» акциясын өткізу дәстүрге айналды, онда түрлі этнос өкілдері қазақ авторларының шығармаларынан үзінділерді мәнерлеп оқу бойынша сайысқа түседі. Қатысушылардың барлық материалдарын #менқазақшасөйлеймін2020, #менқазақшасөйлеймін2021 хештегімен көруге болады.
Қазақ тілін Қазақстанда және шетелде оқыту және ілгерілету бағдарламасы шеңберінде «Аbai.institute» веб-порталы жұмыс істейді. Бұл – еліміздің азаматтарына, шетелдегі қазақ диаспорасына және шетел азаматтарына қазақ тілін, әдебиеті мен мәдениетін насихаттауға мүмкіндік беретін бірегей жоба. Сондай-ақ, «Аbai.institute» Android және iOS қолдайтын мобильді қосымшада қолжетімді. Жоба Гете институты немесе Пушкин институты негізінде жасалған.
Портал 6 тілде (ағылшын, неміс, француз, орыс, түрік, парсы) ұсынылған. Бүгінгі күні порталды пайдаланушылар саны - 20 183 адам.
Сондай-ақ Ресей, Түркия, Франция, Германия, Бельгия, Иран, Моңғолия елдеріндегі қазақ диаспорасы үшін қазақ тілін оқыту курстары өткізілді.
Сонымен қатар шетелдегі қазақ диаспорасына арналған қазақ тілін үйрететін «Қазақ тілі» әмбебап басылым әзірленді. А1, А2, В1, В2, С1 деңгейлері бойынша басылымның контенті қазақ, орыс, түрік, ағылшын тілдерінде әзірленіп, «Abai.institute» онлайн платформасына орналастырылды.
Жоба аясында Түркия, Ресей, Австрия, Польша, Франция, Венргия, Иран, Моңғолия қазақ тілі кабинеттерін ашу арқылы офлайн және онлайн оқыту жүргізілуде.
Жергілікті және орталық атқарушы органдарда, ұлттық компаниялар мен этномәдени бірлестіктерде қазақ тілі курстарын және мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Мемлекеттік тілді тегін оқыту курстары еліміздің 111 тілдерді оқыту орталықтарында ұйымдастырылады. Аталған орталықтардың тізімі мен байланыс телефондары www.gov.kz (Тіл саясаты комитеті) сайтының «Құжаттар және пайдалы ақпараттар» бөлімінде орналастырылған.
Аталған курстарға жазылу үшін ел азаматтары тұрғылықты жері бойынша жергілікті атқарушы органға (әкімдікке) жүгінуі қажет.
Этнос өкілдеріне мемлекеттік және ана тілдерін оқыту курстары онлайн түрде ұйымдастырылады. Курсқа тіркелу үшін edu.tilalemi.kz сайтына тіркелу қажет.
Азаматтардың мемлекеттік тілді өз бетінше үйренуі үшін келесі интернет жобалар жұмыс істейді:
- ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысы бойынша әзірленген «Tilqural.kz», «Tilmedia.kz», «Abai.institute», «Balatili.kz» порталдары;
- Мемлекеттік тілді дамыту қоры тарапынан әзірлеген «Soyle.kz», «Bala.soyle.kz» интернет порталдары;
- Жамбыл облысы тілдерді дамыту басқармасы әзірлеген «Qazonline» мобильді қосымшасы;
- Павлодар облысының «Ана тілі» орталығы әзірлеген «Ana tili» интернет жобасы және т.б;
Сонымен қатар «Tilalemi.kz» порталы, «Atau.kz» ономастикалық базасы, «Emle.kz» орфографиялық базасы, «Тermincom.kz» терминологиялық базасы, салалық құжаттарды қазақ тілінде қатесіз толтыру нұсқаулығы берілген «Qujat.kz» сайты, «Sozdikqor.kz» порталы көпшіліктің сұранысына ие.
Тіл үйренуге бағытталған барлық деңгейлік оқу-әдістемелік кешендер «tilalemi.kz» порталында орналасқан. Аталған порталға жүктелген кешендер арқылы тіл үйренуге мүмкіндік жасалған.