Жиі қойылатын сұрақтар
ҚР Конституциясына және «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңына сәйкес мемлекеттік тіл – қазақ тілі.
Мемлекеттік тіл – мемлекеттің барлық аумағында қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын мемлекеттік басқару, заңнама, сот ісін жүргізу және іс жүргізу тілі.
Мемлекеттiк ұйымдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында қазақ тiлiмен ресми түрде орыс тiлi тең қолданылады.
Қазақстан Республикасында тiлдiк белгiсi бойынша азаматтардың құқықтарын кемсiтуге жол берiлмейдi.
Мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ұйымдардың азаматтардың өтiнiштерi мен басқа да құжаттарға қайтаратын жауаптары мемлекеттiк тiлде немесе өтiнiш жасалған тiлде берiледi http://10.61.42.188/kaz/docs/Z970000151_#z8.
Мысалы, «Е-Өтініш» жүйесі арқылы М. деген азаматтан қазақ тілінде өтініш келіп түсті. Мемлекеттік орган жауапты мемлекеттік тілде ұсынуы керек.
Қазақ тілінде дұрыс жазу мәдениетін қалыптастыру, сөздерді дұрыс айту және жалпы тілдік мәдениетті арттыру мақсатында «Emle.kz» https://emle.kz/kz.
электрондық базасы құрылды. Аталған база «Онлайн диктант», «Ережелер», «Аббревиатура», «Мақалалар», «Кітапхана», «Форум» атты бөлімдерді қамтиды. Бұл базада кез келген сөздің дұрыс жазылуын тексеруге болады.
Мысалы, М. есімді азамат «удивляться» сөзі қазақ тілінде қалай дұрыс жазылатынын білгісі келді делік: «таң қалу» ма, әлде «таңғалу» ма? Сол себепті ол сілтеме арқылы сайтқа өтіп, іздеу жүйесіне «таң қалу» сөзін жазады. Егер бұл сөз табылмаса, демек ол қате жазылған сөз. Дұрыс нұсқасы – «таңғалу».
«Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткерлер Қазтест сертификатын алу үшін testcenter.kz сайтына тіркеліп, тестілеуге қатысуға өтініш береді. Одан соң белгіленген күні тест тапсыра алады.
Мысалы, «Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткер Гауһар Қазтест тапсыруды жоспарлауда. Ол алдымен testcenter.kz сайтына тіркелуі қажет. Одан соң сайттағы «Қазтест» бөліміне өтеді, сол кезде «Тестіленушілерге» батырмасын таңдап, тестілеуден өтуге өтініш береді. Содан кейін Гаухардың жеке кабинетіне тестілеу өтетін уақыты, орны және аудиториясы жазылған хабарландыру келеді.
Елімізде жергілікті атқарушы органдардың жанынан құрылған 116 тілдерді оқыту орталығы жұмыс істейді. Орталықтардың тізімі мына сілтеме бойынша қолжетімді:
https://www.gov.kz/memleket/entities/language/documents/details/443373?lang=kz.
Аталған орталықтарда азаматтарға қазақ тілі тегін оқытылады. Орталықтардан бөлек қазақ тілін жаппай ашық онлайн курсы арқылы үйренуге де болады. Мысалы, азамат Ольга қазақ тілін Астана қаласында офлайн форматта тегін үйренгісі келді. Ол үшін оған Астана қаласының тіл оқыту орталығы «Руханият» КММ сілтеме арқылы ресми парақшасына өтіп https://share.google/tfNcazdEFhSgVjM6L сайтта берілген байланыс нөміріне хабарласып, тегін қазақ тілін оқыту курсына тіркеле аласыз.
Қазақстан Республикасының азаматтығын алу шарттарының бірі – мемлекеттік тілді, Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздерін, Қазақстан тарихын білу көлемін айқындау бойынша тестілеуден өту. Тестілеу өткізудің талаптары ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 2026 жылғы 12 қаңтардағы №9 бұйрығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау немесе азаматтығын қалпына келтіру кезінде мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде, Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздерін, сондай-ақ Қазақстан тарихын білу көлемін айқындау бойынша тестілеуді өткізу қағидаларында» https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2600037844 көрсетілген.
Мысалы, шетел азаматы Арон Қазақстан Республикасының азаматтығын алу үшін тестілеуге қатысқысы келеді. Ол үшін ол https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2600037844 сілтеме арқылы өтіп, оның талаптарымен танысады. Одан кейін ол testcenter.kz сайты арқылы тестілеуге тіркеліп, тіркелгеннен кейін мемлекеттік тіл, ҚР Конституциясының негіздері мен Қазақстан тарихынан тест тапсырады.
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы заңының 9-бабына сәйкес https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z970000151_#z12 «Мемлекеттiк органдардың актiлерi мемлекеттiк тiлде әзiрленiп, қабылданады, қажет болған жағдайда, мүмкiндiгiнше, басқа тiлдерге аударылуы қамтамасыз етiле отырып, оларды әзiрлеу орыс тiлiнде жүргiзiлуi мүмкiн».
Мысалы, Сіз мемлекеттік органда жұмыс істейсіз. Басшыңыз Сізге нормативтік-құқықтық актіні әзірлеу туралы тапсырма берді. Сіз актіні алдымен мемлекеттік тілде әзірлеуіңіз қажет.
Жоғары білім беру ұйымы «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны алған кезден бастап білім беру қызметімен айналысу құқығы туындайды.
Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғалардың білім беру саласында қызметін лицензиялау кадрларды даярлау бағыттары («Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау бағыттарының сыныптауышын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 13 қазандағы № 569 бұйрығы негізінде) мен оқыту нысандары (күндізгі, онлайн-оқыту, экстернат) бойынша жүзеге асырылады. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беру мерзімі – берілген күннен бес жылды құрайды.
Жоғары және жоғары оқудан кейінгі білім беру саласындағы білім беру қызметін жүзеге асыруға лицензия беру мемлекеттік қызмет түрі болып табылады, оның рәсімі Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 29 қарашадағы №164 бұйрығымен бекітілген «Жоғары және жоғары оқудан кейінгі білім беру саласындағы білім беру қызметін жүзеге асыруға лицензия беру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларымен реттеледі https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2400033892.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру қызметімен айналысуға лицензия беру мемлекеттік көрсетілетін қызмет түріне жатады және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 5 қаңтардағы № 4 бұйрығымен (бұдан әрі – Біліктілік талаптары) бекітілген Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптары және оларға сәйкестікті растайтын құжаттардың тізбесіне сәйкестігі негізгі шарт болып табылады.
Өтініш беру алдында білім беру бағдарламаларын ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның білім беру бағдарламаларының тізілімінде тіркеуді қамтамасыз ету қажет, операторы – «Жоғары білімді дамыту ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК. Әрі қарай, әрбір біліктілік талабының тармағы бойынша (материалдық-техникалық жабдықталу (оқу корпустары, зертханалық үй-жайлар, оқу-техникалық құралдар, лицензиялық бағдарламалық қамтамасыз ету және т.б.), профессор-оқытушы құрамымен қамтамасыз етілуі, ғылыми әлеует және басқалары) растау құжаттарының болуы қажет.
Осылайша, жоғары білім беру қызметімен айналысуға лицензия беру жайлы www.egov.kz «электрондық үкімет» веб-порталы, www.elicense.kz ақпараттық жүйесі арқылы электрондық түрде ғана өтініш және біліктілік талаптарына сәйкестікті растайтын құжаттар келіп түскен жағдайда, отыз жұмыс күні ішінде қарастырылады.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің ғылыми қызметтің негізгі нәтижелерін жариялау үшін басылымдар тізбесі (бұдан әрі – Комитеттің басылымдар тізбесі) бірнеше тізімдерден тұрады – 1-тізім, 2-тізім, 3-тізім және әскери және арнайы органдар журналдарының тізімі.
Ғылыми атақтар (қауымдастырылған профессор (доцент), профессор) беру ережелеріне (2011 жылғы 31 наурыздағы №126 бұйрық, https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1100006939) сәйкес қауымдастырылған профессор (доцент), профессор ғылыми атақтарға ізденушілер үшін тек қана 1-тізім және 2-тізімдерге кіретін журналдарда жарияланған мақалалар есептеледі. 3-тізімдегі журналда шыққан мақалалар бұл ретте ескерілмейді.
Мысалы, Сіздің мақалаңыз «Қазақстан шығыстануы» журналында 2025 жылы шықты. Бұл журнал Комитеттің басылымдар тізбесінде 3-тізімге шығыстану бойынша 2024 жылғы №3 нөмірден бастап енгізілген, ғылыми атаққа ұсынатын ізденушіге осы мақала ескерілмейді
Пысықталған диссертациялық жұмыс диссертациялық кеңеске үш ай мерзімде ұсынылады. Егер докторант диссертациялық кеңестің ескертулерімен келіспейтін болса, онда ол берілген ескертулерге дәйектелген жауаптарын ұсынады.
Диссертациялық кеңестің отырысына дейін пысықталған диссертация Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығына (бұдан әрі – ҰМҒТСО) плагиатқа және жасанды интеллект технологияларын пайдаланып оларға сілтеме бермегенін тексеруге жіберіледі. ҰМҒТСО анықтамасын алғаннан кейін диссертациялық кеңес ресми рецензенттермен бірге пысықталған диссертациялық жұмысты және диссертациялық кеңестің ескертулерін жою мәніне ескертулерге жауаптарды талқылау жөнінде отырыс өткізеді.
Отырыста диссертациялық кеңестің кем дегенде 2/3 мүшесі қатысу керек, оның ішінде уақытша мүшелермен ресми рецензенттердің қатысуы міндетті. Отырыстың бейнежазбасы жүргізіледі, бірақ интернетте онлайн трансляция керек емес. Шешім жай көпшілік дауыспен жасырын дауыс беру арқылы қабылданады.
Нормативті түрде бұл Диссертациялық кеңес туралы үлгі ережеде көрсетілген (2011 жылғы 31 наурыздағы №126 бұйрық) https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1100006929
Жоспардан тыс тексеруді жүргізу негіздері Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабы 5-тармағының 3-тармақшасында белгіленген (сілтеме: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/K1500000375#z144).
Жоспардан тыс тексеру жүргізіледі, егер:
- ұйым алдыңғы тексеру кезінде анықталған бұзушылықтарды жойған жоқ немесе алдыңғы бақылау шараларының нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалардың орындалуы бойынша растайтын ақпарат бермеген жағдайда;
- дәлелді негіздер мен растайтын дәлелдер болған кезде жеке немесе заңды тұлғалардың өтініштері;
- мемлекеттің, жеке немесе заңды тұлғалардың өміріне, денсаулығына, құқықтарына немесе заңды мүдделеріне қауіп төндіру немесе зиян келтіру фактілері бойынша прокурордың талабы;
- мемлекеттік органдардан адамдардың өміріне немесе денсаулығына, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтіруі мүмкін бұзушылықтар фактілері бойынша өтініш;
- ұйымның өзі бастапқы тексерумен келіспеушілікпен жүгінген (жедел ден қою шараларын қолданудың заңсыздығы);
- қылмыстық қудалау органының тапсырмасы келіп түскен жағдайда жүргізіледі.
Бұл ретте, жоспардан тыс тексеруді тағайындау үшін Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім саласындағы заңнамасының бұзылған талаптары туралы дәлелді негіздер мен растайтын дәлелдемелерді өтініш иесі ұсынуы қажет.
Мысалы, жоғары оқу орнында Жоғары білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының талаптары бұзылғандығы туралы жеке тұлғадан өтініш түсті, бірақ ол өтініште дәлелді негіздер мен растайтын дәлелдер жоқ. Бұндай өтініш жоспардан тыс тексерудің негізі бола алмайды. Өкілетті органда тексеруді тіркеу үшін өтінішке растайтын дәлелдер мен негіздерді қоса тіркеу қажет.