«Үздік ауыл әкімі» 2023 Республикалық конкурсы

«Үздік ауыл әкімі» 2023 Республикалық конкурсы

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев өзінің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауында, «Жалпыұлттық ынтымақты және билік пен қоғамның серіктестігін нығайта береміз. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстану аса маңызды. Біз қоғамға іріткі салуды емес, елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ойлауымыз керек.»,- деп атап өтті.

Ауыл әкімі халықпен тікелей өзара іс-қимылда болады және байланыс орната алу қабілеті мен өзекті мәселелер бойынша уақтылы шешім қабылдай білуі оның қызметінің негізгі құрауышы болып табылады.

Әкім жергілікті деңгейде халықтың арасынан шыққан мемлекеттік саясатты жүргізуші  болып табылады және халықта, оның іс-қимылы бойынша тиімді әрекет ететін мемлекеттік басқару жүйесіне көзқарасы қалыптасады.

Мақсаты

Жұмыста жоғары тәжірибелік нәтижелерге қол жеткізген, ауылдық елді мекендердің дамуына елеулі үлес қосқан үздік ауыл әкімдерін анықтау және көтермелеу

Міндеттері

  • ауыл әкімдерінің, мемлекеттік қызметтің беделін арттыру;

  • қоғамның мемлекеттік билікке деген сенімін нығайту;

  • жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару саласында алдыңғы қатарлы жұмыс тәжірибесін кең ауқымда насихаттау.

Кезеңдері

 I кезең – өңірлік, облыстық деңгейде өткізіледі;

 II кезең – республикалық, республикалық деңгейде өткізіледі.

Екінші кезеңнің нәтижесі (қорытындысы) бойынша Конкурстың жеңімпаздары анықталады.

Конкурстың нәтижелері Республикалық комиссияның шешімімен анықталады.

Конкурсты өңірлік және республикалық деңгейде өткізуге дайындау және ұйымдастыру жұмыстары, сондай-ақ оның қорытындыларын шығару осы әдістемелік ұсынымға (бұдан әрі – Әдістеме), Конкурсты өткізу іс-шаралар жоспарына, оның жеңімпаздарын марапаттау мен жеңімпазадарды бағалау критерийлеріне және өзге де конкурстық комиссия бекітетін құжаттарға сәйкес іске асырылады.

Конкурсты өңірлік деңгейде ұйымдастыру және өткізу

Қатысушыларды бағалау үшін Конкурстың бірінші кезеңінде Өңірлік конкурстық комиссия (бұдан әрі – Өңірлік комиссия) құрылады, оның құрамын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің тиісті аумақтық департаменті (бұдан әрі – Департамент) тиісті облыстық әкімдіктің  (бұдан әрі – Әкімдік) келісуі бойынша бекітеді.

Өңірлік комиссия Департаменттің жанында құрылады және 7 адамнан және хатшыдан тұрады.

Өңірлік комиссия мемлекеттік органдардың, мәслихат, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатарынан, қоғам қайраткерлерінен және өзге де тұлғалардан құрылады. Өңірлік комиссияның төрағасы Департаменттің басшысы болып табылады.

Өңірлік комиссияның төрағасы комиссияның қызметіне басшылық жасайды, жалпы бақылауды жүзеге асырады. Конкурстық  комиссияның шешімдерін қабылдау кезінде даулы мәселелер туындаған жағдайда, конкурстық комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.

Өңірлік комиссияның отырысы комиссия құрамы мүшелерінің жартысынан артық бөлiгi қатысса, заңды деп есептеледi.

Әрбір үміткер бойынша шешім Өңірлік комиссия мүшелері бағалау парағында (осы Әдістемеге № 7 қосымшаға сәйкес) қойған баллдарды есептеу және Конкурсқа қатысушының рейтингісін құрастыру арқылы қабылданады.

Отырыс қорытындысы Өңірлік комиссия төрағасы және хатшысы қол қойған хаттамамен (осы Әдістемеге № 8 қосымшаға сәйкес) ресімделеді.

Өңірлік комиссия қызметінің ұйымдастырылып, сүйемелдеуін Департаменттің және Әкімдіктің қызметкерлері жүзеге асырады.

Өңірлік комиссия хатшысы комиссияның қызметіне техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асырады, атап айтқанда:

1) үміткерлердің құжаттарын қабылдауды жүзеге асырады;

2) комиссия отырыстарын ұйымдастырады;

3) комиссия отырысының хаттамасын ресімдейді және Конкурс қорытындылары бойынша жеңімпаздың материалдарын қалыптастырады;

4) мемлекеттік органдардың ресми сайттарында және бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыру үшін Конкурс нәтижелері туралы ақпаратты береді.

Конкурсты республикалық деңгейде ұйымдастыру және өткізу

Конкурс жеңімпаздарын анықтау үшін Республикалық конкурстық комиссия (бұдан әрі – Республикалық комиссия) құрылады, оның құрамын Агенттік анықтайды.

Республикалық комиссия 7 мүшеден және Агенттіктің қызметкері болып табылатын хатшыдан тұрады.

Комиссияның құрамына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың, халықаралық, қоғамдық және ғылыми-білім беру ұйымдарының басшылары (өкілдері), БАҚ өкілдері қоғам қайраткерлері және өзге тұлғалар енгізілуі мүмкін.

Республикалық комиссия қызметінің ұйымдастырылып сүйемелдеуін Агенттіктің орталық аппаратының қызметкерлері жүзеге асырады.

Республикалық комиссияның төрағасы Агенттік төрағасының орынбасары болып табылады.

Республикалық комиссияның төрағасы конкурс комиссиясының қызметіне басшылық жасайды, жалпы бақылауды жүзеге асырады. Конкурс  комиссиясының шешімдерін қабылдау кезінде даулы мәселелер туындаған жағдайда, төрағаның дауысы шешуші болып табылады.

Комиссия шешімі комиссия Төрағасы және хатшысы қол қойған хаттамамен ресімделеді.

Республикалық комиссияның хатшысы комиссия қызметіне техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асырады, атап айтқанда:

1) үміткерлердің құжаттарын қабылдауды жүзеге асырады;

2) конкурстық комиссияның отырыстарын ұйымдастырады;

3) конкурстық комиссия отырысының хаттамасын ресімдейді және Конкурс қорытындылары бойынша конкурс жеңімпазының материалдарын қалыптастырады;

4) мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарында және бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыру үшін конкурс нәтижелері туралы ақпаратты береді.

Конкурсқа кімдер қатыса алады

Конкурсқа қатысуға мемлекеттік қызметте әкім лауазымында екі жылдан кем емес өтілі бар, Әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны, мемлекеттік қызметке кір келтіретін қылығы үшін алынбаған тәртіптік жазалары жоқ, сондай-ақ 2022 жылға «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалау қорытындысы «тиімдіден» төмен емес  бағаланған кент, ауыл, ауылдық округ әкімдеріне  жол беріледі.

Конкурсқа бір жыл ішінде Әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны, мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін тәртіптік жауаптылыққа, сондай-ақ қоғамдық имандылққа қолсұғумен ұштасқан қоғамға қарсы мінез-құлық көрсетіп әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылған әкімдер қатыса алмайды.

Конкурсқа қатысуға үміткерлерді ұсынуды жергілікті атқарушы органдар, жергілікті қоғаммен, әкімдердің өздері жүзеге асыруы мүмкін.

 

Конкурсты дайындау және өткізу тәртібі

Конкурс Агенттіктің, Департаменттің және облыс, аудан әкімдіктерінің интернет-ресурстарында, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде оны өткізуді бастау туралы хабарландыруды орналастырудан басталады.

БАҚ ақпараттық сүйемелдеу жергілікті атқарушы органдармен жүзеге асырылады.

Хабарландыру 2023 жылғы 22 ақпанынан кешіктірілмей орналастырылады.

Конкурс туралы хабарландыру орналастырылған күннен бастап ауыл әкімдері (бұдан әрі – үміткер) аудан/қала әкімі аппаратына келесі құжаттар мен материалдарды жолдайды:

1) осы Әдістемеге № 1 қосымшаға сәйкес нысан бойынша конкурсқа қатысу туралы өтініш;

2) осы Әдістемеге № 2 қосымшаға сәйкес үміткердің сауалнамасы;

3) атқарылған жұмыс туралы ақпаратты еркін форматта ұсыну (бейнеролик, презентация түрінде немесе т.б. );

4) үміткердің кентті, ауылды, ауылдық округті алдағы 3 жылда дамытуға бағытталған (таныстырылым көлемі 7 слайдтан аспайтын) жобалық жұмыс;

Конкурсқа қатысу туралы ұсынымдар 2023 жылғы 20 наурызға дейін қабылданады.

Жеңімпаздарды анықтау

Әңгімелесудің қорытындысы бойынша Республикалық комиссия Конкурстың нәтижесі туралы шешім қабылдап, оның үш жеңімпазын, номинация иегерлерін анықтайды.

Жеңімпаздар «Қазақстан Республикасының үздік ауыл әкімі» І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломымен, «Үздік шаруашыл әкім», «Ашық әкім», «Үздік әлеуметтік жоба» номинацияларымен марапатталады.

Әдістемелік нұсқаулық