МҚІА төрағасы Алматы қаласында жастармен кездесті
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдығына орай ұйымдастырылған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.
МҚІА төрағасы университет ұжымын отандық ғылым мен білімнің қара шаңырағы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдық мерейтойымен құттықтады. Ол өткізіліп отырған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның қоғамның өзекті әлеуметтік, рухани мәселелерін талқылаудағы маңыздылығына тоқталып, мемлекеттік қызмет саласындағы цифрландыру бойынша енгізіліп жатқан жаңашылдықтармен бөлісті. Дархан Жазықбай өз баяндамасында жоғары технологиялар дәуіріндегі жасанды интеллектінің қоғам өміріне әсері және оны тиімді басқарудың өзекті мәселелері туралы айтты.
Жұмыс сапары аясында Агенттік төрағасы университет студенттерімен, Жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің тыңдаушыларымен және Өңірлік кадр резервінің мүшелерімен арнайы кездесті. Ол заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес жоғары оқу орындарын мемлекеттік грантпен оқып, жақсы көрсеткішпен бітірген түлектерге аудандық және ауылдық жерлердегі төменгі лауазымдарға конкурссыз орналасу мүмкіндігі беріліп отырғандығына тоқталды. Бүгінде еліміз бойынша 420 жас түлек конкурссыз жұмысқа орналасқан, олардың 37-і
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлектері.
Атап өту керек, жас басқарушылардың пулын құруға бағытталған Президенттік жастар кадр резервіне қабылданған 400 адамның 33-і, Алматы қаласы бойынша Өңірлік кадр резервіне іріктелген 30 адамның 7-і аталған университеттің түлектері.
МҚІА төрағасы мемлекеттік қызметті дамытудың алдағы жоспарларымен бөлісті. Жоспарға сәйкес инновациялық HR-құралдарын кеңінен қолдану, сатылас мансаптық ілгерілетуді енгізу, мемлекеттік қызметшілер үшін әлеуметтік кепілдіктерді жақсарту көзделуде. Жастарды мемлекеттік қызметке тарту аясында мектеп және университет деңгейін қамтитын ерте кәсіптік бағдарлау институтын құру қарастырылуда.
«Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс. Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек» деген болатын. Бұл орайда, «Адал азамат» – әділетті Қазақстанның қозғаушы күші. Мақсат, ең алдымен мемлекеттік мүдделерге негізделуі керек. Жастардың отаншыл, елдің ертеңін ойлайтын Адал азамат болып қалыптасуы маңызды. Себебі келешек білімді, жаһандық деңгейде ойлай алатын жастардың қолында», - деді Агенттік төрағасы.
Кездесу соңында МҚІА төрағасы «Әділетті Қазақстан – Адал азамат мемлекеттік қызметшілердің кәсіби тұлғалық болмысы» атты кітабын университеттің кітапхана қорына табыс етті.
Алматы қаласындағы жұмыс сапары аясында Дархан Жазықбай «Almaty TV» телеарнасына Агенттіктің қызметі және мемлекеттік қызметті дамытудың алдағы жоспарлары туралы арнайы сұхбат берді.