Әлеуметтік пайдалы байланыстарды қолдау мақсатында ІІМ сотталған адамды ауыстыру қағидаларына өзгерістер енгізеді

«Сотталған адамның әлеуметтік пайдалы байланыстарын қолдау үшін ауыстыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2017 жылғы 31 мамырдағы №375 бұйрығына (бұдан әрі-Қағидалар) өзгерістер енгізіледі. 

Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы қарастырылуда. 

Осыған байланысты ҚР Ішкі істер министрлігі Қағидаларға жоғарыда аталған заңмен енгізілген түзетулерге сәйкес келтіріледі.

Қазіргі уақытта ҚР ҚАК 88-бабының 4-1-бөлігінде осы баптың үшінші және төртінші бөліктеріне сәйкес басқа мекемеге жіберілген не ауыстырылған сотталған адамды одан әрі ұстауға негіз болмаған кезде, ол әлеуметтік пайдалы байланыстарды қолдау мақсатында өзінің өтініші бойынша не өзінің келісімімен тиісті түрдегі басқа мекемеде орын болса, соған ауыстырылуға жатады деп көрсетілген.

Алайда, бұл бөлік барлық сотталғандарды қамтымайды, өйткені қолданыстағы нормаға сәйкес мұндай ауыстыру тек ҚР ҚАК 88-бабының 3 және 4-бөліктерінде көзделген негіздер бойынша жіберілгендерге немесе аударылғандарға қатысты жүзеге асырылады, ал ҚР ҚАК 88-бабының 2-бөлігі бойынша жіберілгендерге қолданылмайды.

Әдетте, ҚАК-тің 88-бабының 2-бөлігіне сәйкес бас бостандығынан айыруға сотталғандар оларды түзеу, әлеуметтік тұрғыдан пайдалы байланыстарын ұстап тұру, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың жаңа құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу үшін қажетті жағдайлар ескеріле отырып, мекемеге жіберіледі, яғни сотталған жоғарыда көрсетілген нормаға сәйкес ТИЗО-дан бекітілген мекемеге жіберіледі.

Мысалы, қолданыстағы заңнама Қазақстан халқының ішкі көші-қонын (туыстарының басқа облысқа көшуі) есепке алмайды. Іс жүзінде сотталғандардың туыстары әлеуметтік тұрғыдан пайдалы байланыстарды сақтау үшін сотталғанды олардың тұрғылықты жеріне жақындату туралы өтініш білдірген жағдайлар көптен кездеседі.

Осыған байланысты, ҚАК 88-бабының 4-1-бөлігіне ҚАК 88-бабының 2-бөлігіне сәйкес ТИЗО-дан жіберілген сотталғандар санатын толықтыру енгізу жолымен әлеуметтік пайдалы байланыстарды қолдау үшін сотталғандарды ауыстыру негіздерін кеңейту ұсынылады.

Бұл ретте олардың жаңа құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында жіберілген сотталғандар үшін де, құқықтық тәртіпті сақтау үшін ауыстырылған сотталғандар үшін де ауыстырудың бірдей шарттарын көздеу қажет.

Бұл өзгерістер сотталғандардың құқықтық жағдайын жақсартады.