«Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының объектілеріндегі эпидемиялық мәні жоғары объектінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды беру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрық жобасына БАСПАСӨЗ-РЕЛИЗІ
Бұйрық жобасы «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес, санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыны халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган немесе халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлінісі береді.
Бүгінгі күнге дейін ІІО бөліністерінде орналасқан эпидемиялық мәні жоғары объектілерге санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыны
ҚР ДСМ халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы өңірлік мемлекеттік органдар берген.
Дегенмен, ІІМ бірқатар ведомстволарында, сондай-ақ олардың аумақтық органдарында халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын құрылымдық бөліністер бар, олар аталған бұйрық заңды күшіне енген сәттен бастап осы мемлекеттік қызметті көрсететін болады.
«Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізілімін бекіту туралы»
ҚР ЦДИАӨМ 2020 жылғы 31 қаңтардағы бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР ЦДИАӨМ 2024 жылғы 16 маусымдағы
№ 341/НҚ бұйрығына сәйкес Ішкі істер министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды беретін мемлекеттік органдар тізбесіне енгізілді.
Осыған орай «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының объектілеріндегі эпидемиялық мәні жоғары объектінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды беру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын бекіту туралы» бұйрық жобасы әзірленді.
Жобаны қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық немесе өзге де салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікке теріс әсер етпейді.
Жобаны іске асыру қаржылық шығындарды талап етпейді.